Басты бет » Денсаулық » Қымбат дәулет үшін күрескен

Қымбат дәулет үшін күрескен

Қазақы ұғымда дәрігерді өлмейтіндей көретіндер бар. Дүниеден өткенін естігенде:

«Ау, оның өзі дәрігер емес пе еді?» – деп жатады.Олар көп жағдайда дәрігерлік кәсіптің ауырлығын, жүйкеге салмақ түсіретінін ескере бермейді. Әсіресе, дәрігер- оташының жұмысы – адам ғұмырын қысқартатын-­ақ тірлік. Көз апдында пышаққа түскен адамға жүрегі езілмей қарап тұру дәрігерге жеңіл дейсіз бе? Дәрігер- оташылардың көбіне жүрегінің сыр беретіні содан шығар. Ал алпыс үш жасында дүниеден өткен Иван Шалабаев біз айтып отырған жағдайдың қаншасын басынан

кешірмеді.

Пышақ үстінде жатқан талайды ажалдан арашалап аман алып қалған бұл адамды Байғанин ауданының үлкен-кішісі жақсы біледі. Мұнда 1962 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп келген ол тек жай дәрігер болып қалмай, көп жыл денсаулық саласында басшылық қызметтер атқарды. Жиырма жылға жуық аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болды. Қиын кезде ауданның денсаулық сақтау саласын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Ақтөбе медицина училищесінің Байғанин ауданындағы филалын басқарып, жергілікті жерде орта буын медицина қызметкерлерін даярлауды алғаш қолға алды. Ұзақ жылдар бойы қоғамдық негізде «Қызыл крест және Қызыл жарты ай» қоғамының аудандық ұйымына жетекшілік етті. Ауданда қан тапсыру, қан құю ісінің негізін салды. Инемен емдеу жүйесін алғаш рет енгізді.

Өз ісіне шын берілген маман дәрігерлік кәсібіне, Гиппократ алдындағы антына әр кез адал болды. Дәрігерлік парызын кіршіксіз  адал атқарды. Ақ жүрек тазалығы мен кәсіби шеберлігі халықтың құрметіне бөледі, абырой әкелді. Алқалы жиында естігені мақтау сөз, алғаны мақтау қағаз болды. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол кезде дәрігердің орден-медальға ие болуы сирек оқиға еді. Облыста санаулы адамдардың қатарында КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі атанып, төсбелгісін тақты.

Оны дәрігерлікке алып келген де балалық шағының ауыр жағдайда өтуі болатын. Екі жасында әкесінен, төрт жасында анасынан айрылды. Екі апасымен әкесінің туған қарындасы Түймеш апаның  тәрбиесіне көшті. Әкесі Шалабай бес ағайынды екен. Алайда әкесінің сол өзінен кіші төрт інісі бірдей соғыстан оралмаған.

Апа-жездесінің тәрбиесінде жүріп Иван ағаларын іздеген, бірақ еш дерек ала алмады. Тумаларын кейін тапты. Ағли, Үміт апаларына сүйеніп өсті. Әсіресе, алдыңғы үлкен апасы көп қамқор болды. «Қолыңнан келгенше сабақты жақсы оқы, сонда адам боласың» деп үйретті апасы. Сол сөз қамшы болды ма, сабақты жақсы оқыды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ оқуға ынталылығы ескеріліп, интернатқа алынды. Он жылдықты сол Жарқамыс интернатында жатып оқып бітірді. Және жай бітірген жоқ, алтын медальдан үміткер боп аяқтады. Егер әділдік болғанда алып та қалар ма еді. Өкінішке орай, «бармақ басты, көз қысты» араласты. Мемлекеттік емтиханның соңғы сабағынан бір ұстазы көрер көзге төрттік баға қойды. Медаль қалталы азаматтың баласының қанжығасында кетті.

Бірақ кейін Ақтөбеге келіп талапкерлерден Алматы медицина институтына емтихан тапсырған кезде, әділетсіздіктің орын алғаны белгілі болды. Бұл емтихан тапсырып, әлгі алтын медальдың иегері өте алмай қалды.

Институтта оқу жеңіл болған жоқ. Сүйенетін адамы, ел жақтан келетін қаржы жоқ

дегендей. Азғантай стипендиясын талғажау қылды. Мұнан басқа жан созуға қолайлы болған сол кезде және бір жағдай болды. Хрушевтің заманында наубайханада студенттер үшін нан тегін тұрушы еді. Сөйтіп, нан мен шайды қорек қылып, тоқ жарау жүріп үшінші курсқа да ілікті-ау. Қала ауруханаларының біріне түнгі ауысымға орта буын дәрігер боп орналасты. Бұлайша жұмысқа тұруы жағдайын біраз жақсартты. Оның үстіне, ауылдағы апаларынан пошта арқылы сәлем-сауқат келе бастады. Сөйтіп, Алматыға әжептәуір үйреніп алды. Жазғы демалыс кезінде де көбіне осында болды. Ауылға екі  жылда бір барды. Себебі ауылдағы апаларының да жағдайы белгілі, қиналып қалар деп ойлады. Ара-тұра ауылға өзі де сәлем-сауқат жіберіп қоятын.

Институтты жақсы бітіргені сондай, білім ордасының басшылығы өздерінде жұмысқа қалғанын қалаған. Алайда ауылға көңілі бұрды да тұрды. Елдегі анасындай болған апасын сағынды. Ақыры, туған ауданына жолдама алып, Қарауылкелдіге келді. Аудандық ауруханаға дәрігер болып орналасты. Ол кезде ауданда жоғары білімді дәрігерлер тапшы еді. Сондықтан дәрігер оташымын демей, педиатрдың да, терапевтің де, тіпті, акушер-гинекологтың да қызметін атқаруға тура келді. Кейін аурухана бірте-бірте жас мамандармен толықты. Жетпісінші жылдардың шамасында едәуір нығайып, әр дәрігер өзінің міндетін атқаратын дәрежеге жетті. Иван ауданның денсаулық саласын басқаруға ойысты.

Ол жақсы дәрігер, өз ісін шебер білетін басшы ғана емес, өнегелі отбасының тірегі де бола білді. Денсаулығы сыр берген кездің өзінде балаларының қамын ойлап, көп іс тындыра алды. Балаларын оқытты, тоқытты. Қатарынан кем қылмай өсірді. Ол жөнінде жолдасы Сапура былай дейді: «Үнемі мамандығын жетілдірумен болды. Сырқаттанып жүрсе де, Мәскеу, Алматы қалаларына барып, мамандандыру курстарынан өтті. 1995 жылы денсаулығы кәдімгідей төмендеп, 55 жасында аурулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. Соның өзінде де үйде қарап отыра алмай, ізденіп, оқып, Алматы барып айтулы мамандардан үйрене жүріп, инемен емдеу  жұмысымен айналысты. Екінші рет инсульт алғасын ғана бұл жұмысты тоқтатты. Екінші топтағы мүгедектік алып, үйде отырып қалды…».

Қоғамның ең қымбат дәулеті – адам денсаулығының сақшысы Иван Шалабаевтың Байғанин сияқты шалғай ауданда жүріп, уақытпен есептеспей атқарған еңбегі, әрине, көптің есінде. Еске алып, іздеушілердің де аз емесін білеміз. Бірақ мұның бәрі естелік қана. Егер талай адамды шипалы қолы ажалдан арашалап қалған дәрігер-оташы тірі болғанда жетпіс жасын тойлар еді…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*