Күзгі сән қандай болмақ?

Күн суыта бастасымен,  жылы киімге жармасатынымыз анық. Кім де болса, сапалы, әрі ыңғайлы киім кигенді ұнатады. Ал, жастар жағы  күніне мың құбылып жататын сәннің соңынан қуатыны шындық. Бүгін біз биылғы күзгі сәндегі киім үлгілеріне тоқталмақпыз. Алдымен  киім түстеріне тоқталып кетейік.

Бұл жолы  сән үлгісінің мамандары бірнеше түсті бір-бірімен үйлестіргенді жөн санап отыр. Негізінен қызыл және соған жақын түстер сәнде. Мысалы, қызыл туфли немесе етік кисеңіз, сол түстес  шалма немесе бас киім, сөмке тағынуыңызға болады.  Сондай-ақ, қоңыр, алқызыл, сарғыш және күлгін түстерді де үйлестіруге болады.

Биыл  торкөзді матадан тігілген киімдер қайтып оралмақ.

БҰРЫНҒЫ ҮЛГІ ОРАЛАДЫ

Күзгі және алдағы жылы киетін көйлектердің үлгісі бұрынғы, 40-шы жылдардағы сәнге сәйкес келеді. Әсіресе, қара түсті көйлектер дүкен сөрелерінде кеңінен орын ала бастайды. Ұзындығы  тізеден сәл жоғары жеңі мен етегі көмкерілгендерін, жағалы, әрі кең етектілерін де таңдауға болады. Қара көйлектің жағасы мен жеңіне ақ мата жүргізсе, тіпті әдемі болады. Сондай-ақ, кештерге, қонаққа, тойға барғанда атластан немесе шифоннан  тігілген көйлектерді киген жөн. Мұндай көйлектердің  түсі қызыл және қара болса тіпті, керемет көрінеді. Ал, салқын күндері кеңсеге немесе іскерлік отырыстарға қалың матадан тігілген және тоқыма көйлектер киюге болады. Бұларға сәйкес былғары белбеулер тағыңыз.

Ал, адам көп жиналатын жерге қадірлі қонақ ретінде баратын болсаңыз, тастармен әшекейленген көйлектерді киіңіздер. Омырауларыңызға гүлдер, кестелер жапсырып жүруге болады.

Бір ерекшелік — белбеулі пальто

Жылдың жылы күндерінен суық кездері көп болады.  Күз және көктем айларында бір киім киетініміз белгілі. Сондықтан да ұзақ киілетін киімнің жарасымды, әрі сәнді болғанын қалаймыз. Күзгі пальтолардың сәннен күртешелерді  «ысырып» тастағанына біраз болды. Қазір қыз-келіншектер  күз, көктем тіпті, қыс айларында да пальто кигенді ұнатады. Пальто  жылы, әрі  дене мүсініңіздің кейбір кемшіліктерін жасырып тұрады.

Биыл пальтоның небір түрі сәнге шығып жатыр. Қос ілгектісі, қысқасы, ұзыны, ілгексіз тек белбеумен байланатыны,  денемен бітісіп жатқаны, етегі трапеция пішіндісі, таңдау мол. Сондай-ақ, ұзын жеңді және ұзын қолғаппен киетін қысқа жеңдісін де көруге болады.

Қос ілгекті, әскери шинельдерге ұқсас, үлкен жағалы пальтолар көбіне торкөзді маталардан тігіледі. Ал, тіп-тік аяғыңызды көрсеткіңіз келсе, қысқа пальтолар киюіңізге болады. Ұзындығы тізеден сәл жоғары  болатын пальтоларды биік тақалы, ұзын қонышты етіктермен үйлестіріп киген жөн.

2010-2011 ж.ж. күз-қыс айларында ұзын пальтолар қайтадан сәнге шығады. Бұл бір жағынан ыңғайлы болғанымен, екінші жағынан жер сүзген етегі бүлініп қалу  мүмкіндігі жоғары.

Қысқалау пальтоларды  шалбармен де, ұзынды-қысқалы юбкалармен де киюге болады. Және бұған аяқ киім таңдаудың да қажеті жоқ. Кез келген аяқ киіммен  кие бересіз. Бұның бір ерекшелігі, етегі сәл кеңдеу келген, белбеусіз де  киюге келеді. Бұл өте нәзік, әрі жарасымды болып тұрады.

Биылғы сәндегі тағы бір ерекшелік, ілгексіз, тек белбеулі  пальтолар. Оның етегі  трапеция, классикалық үлгіде және тік бола береді.

Ал,  қыпша бел пальтолардың  дене пішіні сұлу, белі қылдай қыздарға ерекше сән беретіні сөзсіз. Мұндай киімге белбеудің қажеті жоқ.

Кең етекті, трапеция тәрізді пальтолар сәнде болғанымен, мамандар қос ілгекті шинел тәрізділері мен белбеулісін  таңдауға кеңес береді.

Қыста және күзде киетін пальтолардың жаға-жеңдеріне түрлі аңдардың терісі жапсырылса, тіпті, ерекше сән береріне сөз жоқ. Бұлар тек сәндік үшін емес, жылылыққа да жақсы.

Аяқ киім түрі алмаспайды

Былтырғы аяқ киімдер үлгісі көп өзгере қойған жоқ.  Биік өкшелі туфлилер мен етіктерді кие беруіңізге болады. Аяқ киімнің түрі сан алуан: аң терісінен, тоқымадан, былғарыдан, жорғалаушылардың терісінен тігілгендері бар. Биыл сәнде баулы аяқ киімдер. Күз және қыс айларында тақасы төрт бұрышты, биік емес аяқ киімдер өте ыңғайлы болмақ.

Сондай-ақ,  ұзын әрі, жиырылған қонышты етіктер де сәнде.  Түрлі тақалы бәтеңкелерді  де киюге болады. Баулы аяқ киімдер аяққа ерекше сән береді, жүріп-тұруға да қолайлы.

Ал, кеңседе жұмыс істейтіндерге  классикалық үлгідегі аяқ киімдерді киген дұрыс. Бірақ, аяқ киімді таңдағанда  өте абай болуы керек. Оның сапасы мен пішініне көңіл бөлген жөн. Бір кигенде шап-шағын болып көрінгенімен, кейбір былғары етіктер аяқты қажап жүргізбей қояды. Мұндайда, «жер шарының кеңдігінен не керек, аяқ киімің тар болған соңның» керін киіп жүрмеңіздер.

Қандай киім сәнде болмасын, әркім өз дене бітіміне қарай таңдап, жарастырып кигенге не жетсін! Сәнге «анау шықты, мынау шықты» деп, кез келгенін талғамсыз жабыстыра беруге болмайды.

Басым бұйым — былғары сөмке

Сәнді киім киген соң, оған сөмкеңіз де сәйкес болғаны жөн. Сондықтан, ендігі сөз  сөмкелер жайында.  Әйелдердің сөмкесіз күні жоқ екені белгілі. Осы бір затын ешқашан ұмытпай, жанында ұстап жүреді. Ал, кездейсоқ ұмыт қалдырса, құнды бір затын жоғалтқандай күйге енеді.

Биыл былғарыдан тігілген сөмкелер басымдық ала бастайды. Әсіресе, классикалық үлгідегі  портфель тәрізді сөмкелер сәнде. Және  де  кешкілік қыдырғанда  кішкене, түрлі тастармен әшекейленген түрлерін ұстауға болады.  Ал, түстері күзгі жапырақ секілді қызылғылт, сары болуы керек. Классикалық үлгідегі  сөмкелердің түсі қара, қоңыр және  тұтқасы қысқа келеді. Сондай-ақ, түйеқұстың, қолтырауынның, жыланның терілерінен жасалған сөмкелерді кез келген  киіммен, кез келген жылдың мезгілінде ұстауға болады.

Күнделікті жұмысқа ұстауға сандықша немесе чемодан секілді сөмкелерді пайдаланыңыз.

Балалар аяқ киімін қалай таңдауы керек?

Ең алдымен, балалардың аяқ киімі тар болмауы керек. Жаңа өсіп келе жатқан кішкентай аяқтар қысым түскен соң пішінін өзгертіп жалпақтабандылық, сол секілді басқа да ауруларға ұшырауы мүмкін. Екіншіден, аяқ киімнің қандай материалдан жасалғанына мән берілуі керек. Ауа жіберетін, жұмсақ теріден болса,  тіпті жақсы. Балалар аяқ киімінің тұмсығы дөңгелек, кеңдеу болғаны жөн.

Кішкентайыңызға аяқ киім таңдағанда баулысын, жапсырмасы барын алыңыз. Ал, табаны былғары немесе резеңке  болғаны дұрыс. Сондай-ақ, сәл ғана тақасы бар аяқ киім оның табанының дұрыс жетілуіне көмектеседі.

Аяқ киім таңдағанда, әсіресе, мөлшеріне назар аударған жөн. Балаға  аяқ киімді кигізіп, үстінен саусағыңызбен басқанда бір саусақтық орын қалуы керек.

Аяқ киімді түстен кейін таңдау керек, ал, кешкісін аяқ 3-6 мм-ге  ісініп кетуі мүмкін. Ал, егер балаңызды  дүкен аралатып шаршатқыңыз келмесе, онда  үйде қатты қағазға баланың аяғын сызып, алып шығыңыз.

Ең бастысы, балаға аяқ киімнің  сапалысын таңдағаныңыз жөн. Баланың денсаулығынан аянып қалмау керек.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Айдары: Таным

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress