Басты бет » Мәдениет » НҰРЛЫ ЖҮЗДІ НҰРПЕЙІС

НҰРЛЫ ЖҮЗДІ НҰРПЕЙІС

Өткен сәрсенбіде облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған кеш өтті.

Кітапханашы Лариса Құрымбаева оқырмандарды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Беркін Құрманбековтің «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» атты кітабымен таныстырды.

Автор еңбегінде: «Заманның қалыптасқан дәстүрі бойынша Нұрпейіс негізінен қазақтың батырлар жырларын жаттап, көпшіліктің алдында жырлауға машықтанады. Ол Абыл, Байтоқ, Шернияз, Нұрым сияқты ақын-жыраулардан көптеген халықтық жырларды үйреніп, елге таратады. Өз жанынан ел арасында айтылған аңыз, әңгімелерді арқау етіп дастандар шығарады. Нұрпейістің жыр сапарының географиясы өте кең. Ол Ақтөбе өңіріне қоса Оңтүстік, Орал, Сырдария аңғары, Қарақалпақстан, Хиуа және Түркменстан жерлерін көп уақыт аралап, елді жыр бұлағынан сусындатқан», — делінген. Осындай мәліметтерге толы кітапты таныстырған кітапханашы Нұрпейістің өмірі, шығармашылығы жөнінде деректер келтірді. Одан соң ақынның өмір жолы мен ұрпақтары туралы слайд шолу көрсетілді.

Облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Жанар Рсалина, республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Н.Байғаниннің баласы Момын Нұрпейісұлы, Нұрпейістің келіні Манар Байғанина, филология ғылымдарының кандидаты Мақпал Жазықова, Нұрпейіс Байғаниннің ұрпағы Лидия Есенаманова, Нұрпейістің ұрпағы Гүлмира Байғанина, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» еңбегіне қатысты өз пікірлерін білдірді.

Кеш барысында Б.Құрманбековтің еңбектерінен кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмені С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Л.Бөлтекова таныстырды.

Кеште Момын Байғанин өз күйлерін орындаса, темірлік әнші Сейсен Айтжанов «Туған жерім — Темірім» әнін шырқап, жыршы, термеші Өмірхан Жетесов Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» дастанын жырлады.

Үржан ҚҰДАСОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер

кітапханасы директорының орынбасары.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*