Бейбіт Шүменов атағын қорғап қалды
Кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов украиналық Вячеслав Узелковпен өткен жекпе-жекте өзінің әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
Бейбіт жартылай ауыр салмақта (79,4 кг-ға дейін) WBA версиясы әлем чемпионы атағын испандық Габриель Кампильомен жекпе-жекте жеңіп алған еді. Бірақ оның Кампильомен өткізген жекпе-жектері төңірегінде күмән мен күдікке толы әңгімелер көп айтылған болатын. Ал бұл жолы жанкүйерлер Шүменов еш күмәнсіз, айқын басымдықпен жеңіске жетті деп қуанысып отыр.
Калифорния штатының Лемур қаласында өткен Узельковпен арадағы жекпе-жек 12 раундқа созылды. Соның ішінде тек бірінші раунд есебі ғана украиналық боксшының пайдасына шешілген. Ал төрешілер ойынды — мынадай есеппен: 118 : 108; 118 : 108; 117 : 109 — қазақстандық боксшының пайдасына қорытындылады. Осы жекпе-жекті тікелей эфирден көрсеткен украиналық «Интер» телеарнасының шолушылары да біздің боксшымыздың жеңісін мойындайтындықтарын жеткізді.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.




