Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: Жол алысқа шақырады…

Жол алысқа шақырады…

29 Шілде 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

… «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» деп аталатын ақтөбелік  жастар бастаған акция Алға ауданында ерекше өтуде. Оны, өзімізді өзіміз мақтағанымыз емес, Алғаны кесіп өтетін қара жолдан күнде өтіп жататындар да айтып жатыр.

Айтса айтқандай, аталмыш марафон аясында Алға қаласы да, ауданның ауылдары да өзгеше бір түске еніп, таранып-тазарып қалды. Күре жолдың жағасын бойлай жатқан қураған ағаш кесінділері (шамамен 25 тонна) — бұның нақты айғағы. Осы қураған отынды  газ бармаған  ауылдық жерлерге жеткізу жұмысы да қолға алынып жатыр.

Жақында «Бастамасын жастардың — аға ұрпақ қолдауда» деген атпен Алға қаласының тайлы-таяғы қалмай бір кісідей жұмылып, сенбілікке шықты.

Алға-Бестамақ  арасындағы он шақырымға жуық қашықтық түгелдей тазартылып, жолға таяу орналасқан екі қатар ағаш әктелді. Сенбілікке қаланың кәсіпорындары мен мекемелерінен бес жүзден астам адам қатынасты.

Ерекше назар аударатын нәрсе, бұрын сенбілік десе картобы мен бақшасын айтып, сылтауратып шыға келетін  қалалықтар осы сенбілікке айрықша мән берді. Бәлки, қылқандай балалар атқарған қыруар шаруадан кейін  әлдеқалай ұялыс тапқан болар…

Мекемелер мен ұжымдардың үлесіне тиген аумақ  көлемді болғанмен түгелдей тазартылды. Ұжымдар мен мекемелерді аудандық әкімшілік қызметкерлері өздері бастап шықты. Аудан әкімінің орынбасарлары Н.Ағниязов пен М.Аққағазов, бөлім басшылары да «жау» киімдерімен қалың көпшіліктің ортасында жүрді, осыдан да болар,  сенбілікке шыққандардың жұмысқа деген ынтасы өте жоғары болды.

Марафон аясында балалар жинаған қоқыс өртелінген болатын, ал қураған ағаш жатып қалды, осы олқылық қайталанбас үшін бұл жолы аудандық жол жөндеу мекемесінен арнайы техника бөлініп, ол трактор  жұмысшылар ізімен жүріп барлық жол бойының қоқысын тиеді. Мекемелер мен ұжымдар өз қаражаттарына әк алып, ағаштар түптерін әктеп шықты. Барлық ұжымдар дерлік сенбілікке бір кісідей атсалысты, дегенмен қалалық әкімшілік, балалар спорт мектебі, аудан әкімшілігі бөлімі қызметкерлерінің еңбектерін айрықша атап өтуге болады.

Осы жерде айта кететін бір жайт, біздің облысымыздан бастау алған марафон салғырттау, саяздау түсінікке бой ұратын, «менікі емес, ендеше өртеніп кетсін» дегендей оймен  өз ауласының сыртындағы  берекетсіздікті байқамайтын үлкендер санасына да қозғау салғандай. Оған куә көптеген тұрғындардың өз үйлерінің айналасын жиып-тазалап, сырлап-әктеп әдемі әбігерге түсіп жатқандары. Тазалық күнде жинаған жерде емес, шашпаған жерде болатынын енді есте ұстасақ болғаны.

…Шілденің шіліңгір ыстығынан су жағалауына барып жан сауғалайтынымыз бар. Осындай бір сапарымызда жағалауға қағылған бір тақтайшаны көрдік, қарапайым қолдан жасалған тақтайға ақ сырмен жазып кетіпті: «Аға-апалар, біз жинадық, сіз шашпаңыз». Марафонға қатынасқан балалардың қолтаңбасы. Серігім  қол сүрткен салфеткасын  сөмкесіне салып алды…

Ш.ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Пікір жазу 34 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу