Нан бағасы өспейді!
Ақтөбе өңіріндегі азық-түлік қауіпсіздігін облыс басшылығы жіті назарда ұстап келеді. Жергілікті диқандар мен астық өнімдерін өндірушілерге, сондай-ақ тұрғындарға тиімді жағдайлар жасаудың барлық шаралары алынуда.
«Нан мен нан өнімдері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету — біздің ортақ міндетіміз», — деп бастады әңгімесін облыс әкімі Елеусін Сағындықов нан пісіретін және ұн өндіретін кәсіпорын басшыларымен, сондай-ақ нан-бөлке өнімдерін сататын ірі сауда орталықтарының директорларымен өткізілген мәжілісте.
Елеусін Сағындықов мәжіліске қатысушыларды бұл мәселеде мемлекет көрсетіп отырған қолдаумен таныстырды. Жақын күндерде солтүстік өңірлерден реттелген бағамен астық жіберу жөнінде үкімет қаулысына қол қойылады, бұл біздің облысымыздың қажеттілігін де жеткілікті қамтамасыз етеді.
Мәжіліс барысында астық өндірудегі бірқатар мәселелер талданып, бағаны өсірмеудің бірінші кезектегі шаралары белгіленді.
Мәжіліске қатысқан нан пісіретін және ұн өндіретін кәсіпорындардың басшылары облыс әкімін, жоғарыда айтылған шаралар іске асырылған уақытта, қазіргі нан бағасын осы күйінде ұстап тұратындықтарына сендірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.




