Басты бет » Мәдениет » Облыс өнерпаздарының фестивалі: «осындаймыз біз деген…»

Облыс өнерпаздарының фестивалі: «осындаймыз біз деген…»

Ел ішіндегі таланттардың талабын ұштайтын облыстық «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» халық шығармашылығының фестивалі биыл да жалғасын тапты. Жыл сайын облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйытқы болуымен өткізілетін шара облыстың 12 ауданы мен Ақтөбе қаласында болды. Жерлес өнерпаздардың мерекесінің қорытындысы шығатын күн алыс емес.

Фестиваль Тұңғыш Президент — Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, ел арасынан таланттарды анықтау, көркемөнерпаздар үйірмелері мен шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету және мәдени-демалыс мекемелерінің озық тәжірибелерін насихаттау мақсатында қолға алынды.

Рухани жоба ең бірінші кезекте әр аудандағы халық шығармашылығының барлық жанры қамтылған концерттік бағдарлама түрінде өткізілді. Мәдениет үйінің фойесінде әр ауылдың халық шығармашылығынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Онда сол ауылға тән заттар, мәдениеті мен салт-дәстүрінен көрініс беретін бұйымдар қойылды. Мәселен, көрермендер ағаштан жасалған заттарды, әшекей бұйымдарды, қылқалам өнері шеберлерінің картиналарын, ұлттық заманауи киім үлгілерін, ою-өрнектермен көмкерілген құрақ көрпе сынды қолөнер бұйымдарын тамашалады.

Мұнымен бірге, мұнда келушілер «Вокал», «Дәстүрлі ән», «Аспапта ойнау», «Хор», «Театр», «Көркем сөз оқу» аталымдары бойынша өнер көрсеткен шараның куәгері болды.

— Атап айтсақ, мұғалжарлықтар аудандық Мәдениет үйінде ең үздік 15 өнерпаз бен шығармашылық ұжымдарын қатыстырса, Қарғалы ауданы бойынша вокал жанрында өнер көрсетіп, ән шырқаған Айшабибі Қарабатырова, Нұрдәулет Спанды ерекше атап өтуге болады. «Ақ пейіл» әжелер ансамблі, «Славяночка» және «Freude» вокалдық топтары қазақ, неміс, украин, орыс халықтарының әндерін әуелеткенде, сүйсінбеген адам қалмады. Осы үш ұжымның көркемдік жетекшісі — мәдениет саласының ардагері Лидия Уварованың еңбегі ерен. Аудандық Өнер мектебінің «Өркен» көлеңке театрының «Ата-анаңды қадірле» қойылымы да мол әсер сыйлады. Сол сияқты Темір ауданының ауылдық Мәдениет үйі мен клубтары, 40 көркемөнерпаздар ұжымы мен жеке орындаушылары жақсы өнер көрсетті. Жалпы, барлық аудандар мен қаланың өзінен қатысқан мәдениет ұжымдары биыл ерекше дайындықпен келіпті. Соған риза болдық. Яғни жыл өткен сайын фестивальдің халыққа ұсынары ауыз толтырып айтуға тұрарлық деңгейде, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Гүлнар Сейталина.

18 мамыр күні Ақтөбе қаласында «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» фестивалінің қорытындысы шығарылып, артынша көрермен қауымға гала-концерт ұсынылмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*