Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: Ақтөбе дағдарыстан кейін тұрақты дамуға көшті

Ақтөбе дағдарыстан кейін тұрақты дамуға көшті

29 Шілде 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

Сессияда есеп берген Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов осылай деді

Кеше қалалық мәслихаттың кезекті XV сессиясында қала әкімі Архимед Мұхамбетов депутаттар алдында есеп берді. Биылғы жылдың алты айындағы Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін жайып салды. Қала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұны қала тұрғындары өз көздерімен көріп, игіліктеріне пайдалануда.

— Егер 2009 жылы қала әкімдігі экономикадағы дағдарыс құбылыстарын жоюға байланысты белсенді жұмыс жүргізген болса, биылғы жылы Ақтөбе дағдарыстан кейін тұрақты дамуға көшіп, еліміздің қалыптасқан инновациялық-индустриялық даму бағдарламасын іске асыруға кірісті, — деді Архимед Бегежанұлы. — Дамудың жаңа үлгісіне сәйкес инвестициялық жобаларды әзірлеу, жобаларды қаржылық және басқа ресурстармен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Инвесторларға жобаларды іске асыру үшін жан-жақты көмек көрсетілуде. Инвесторларды тарту үшін қаланың инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылуда.

Қала әкімінің айтуынша, қалалық атқарушы органдардың жұмысы Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді, облыс әкімінің тапсырмаларын орындауға, экономикалық тұрақтылық пен халықтың әлеуметтік игілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Міне, осы мақсатта қабылданған шаралар нәтижесінде алғашқы жартыжылдықта қаланы дамытудың экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы байқалады.

Өнеркәсіп өрге тартты

Жыл басындағы қиындықтарға қарамастан, қаланың экономика саласы даму тенденциясына ие болды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі биылғы жылдың 1 шілдесіне 83,0 миллиард теңге құрады, табиғи индекс көлемі 111,7 пайыз болды. Бөлшек тауар айналымының көлемі 73,4 миллиард теңге құрады. Сыртқы айналым көлемі 2863,9 миллион АҚШ долларына жетті, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55,7 пайызға артты. Оның ішінде экспорт және импорт үлесі тиісінше 76,0 және 24,0 пайыз құрады.

Қалада экономиканың дамуына байланысты қалалық бюджетке түседі деп жоспарланған болжамдар да орындалды. Мәселен, салықтар және басқа төлем түрлері бойынша жоспар 104,0 пайызға орындалып, қалалық бюджетке 6063,9 миллион теңге қаржы түсті.

Ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтар әзірге жалпы экономиканың дамуына кері әсерін тигізе қойған жоқ. Бұл саладағы қиын жағдайларға қарамастан, ауыл шаруашылығында тұрақтылық сақталуда, жалпы өнім көлемі 2473,5 миллион теңге құрады.

Инвестиция — экономика өзегі

Елбасы Жолдауында дағдарыс жағдайында тиімді де нық позицияға ие болу үшін үдемелі индустрияландыру, инновацияларды енгізу, еңбек өнімділігін еселеп арттыру міндеттері айқын көрсетілген еді. Ал экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы, оның ішінде инвестициялық қаржы аса қажет. Ал қалада инвесторлардың қаржысын экономикаға тиімді пайдалану сәтті жүзеге асуда. Соның нәтижесінде жылдың алғашқы алты айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 25,5 миллиард теңге, табиғи көлем индексі 118,0 пайыз құрады. Биыл жыл аяғына дейін қалада Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес жалпы көлемі 11,8 миллиард теңге құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл 1153 жаңа жұмыс орны деген сөз. Алты айдың ішінде жалпы инвестициялық көлемі 8,5 миллиард теңге 6 инвестициялық жоба жүзеге асты, 875 адам жаңа жұмыс орнына ие болды.

Екінші жартыжылдықта Орталық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту, орталық саябақ ауданындағы жерасты жүру жолы құрылысы, Сазды өзенінің аңғарларын көркейту, «Қазхром ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорыту зауытының үшжақты конференц залы бар іскерлік орталығы, көп деңгейлі автопаркинг құрылыстары аяқталатын болады.

«Жол картасы» жалғасуда

Биыл «Жол картасы» бағдарламасын жалғастыру үшін қалаға 2 миллиард 410,2 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржының жартысынан астамы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін қайта құру және дамытуға бағытталды. Оның ішінде 8 шақырым су-кәріз жүйесін алмастыру, Құндақтықыр, Елек су қоймаларындағы скважиналарды күрделі жөндеу, кәріз-насос жүйелерін жөндеу қаралған. Сонымен қатар жалпы көлемі 2,4 шақырым 6 жылумен қамтамасыз ету нысанын жөндеу жоспарлануда.

Қалалық жолдарды жөндеу үшін 404 миллион теңге жұмсалады. Бүгінгі күні жалпы көлемі 110,5 шаршы метр 144 үй жанындағы аумақ жөндеуден өтті. Бұл 2010 жылға жоспарланған жалпы көлемнің 93,0 пайызын құрайды.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында 400,2 миллион теңгеге білім беру нысандары жөнделеді. Оның ішінде 20 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді.

Шағын кәсіпкерліктің ауқымды істері

Қалада кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау жұмыстары көп ықпалын тигізуде. Қазіргі кезде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 21177-сі нақты іспен айналысуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға көп.

Қала бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өндірген өнімдері мен көрсеткен қызметтерін ақшаға шаққанда 49849,6 миллион теңге құрады. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндердің саны 97122 адамға жетті, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2917 адамға көбейді.

Азық-түлік бар жерде…

Бүгінгі күні халықты әлеуметтік қорғаудағы басты мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне келіп тіреліп отыр. Сондықтан да қала рыногын азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның бағасын тұрақты ұстау қалалық атқарушы органдар жұмысының негізгі ұстанымына айналды. Қалалық әкімдік пен жергілікті компаниялар арасында азық-түлік өнімдерін өндіру және оны өткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Биыл атқарушы билік және 15 жергілікті тауар өндіруші арасында өзара қарым-қатынас туралы 17 меморандумға қол қойылды.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері 13 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 90 тоннадан астам өнім базар бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды.

Атқарушы биліктің жүргізген жұмысының нәтижесінде баға индексі, тұтыну тауарлары мен қызмет көрсету тарифтері 104,2 пайыз құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 0,2 пайызға төмен.

Инфляция деңгейі бойынша біздің өңір жылдың І тоқсанында 8 орынға жылжып кеткен болатын. Бұған жыл басында электр қуаты, жылу тарифтерінің көтерілуі себеп болған еді. Қазір инфляция деңгейі бойынша үшінші орындамыз.

Сессияда Архимед Мұхамбетов тұрғын үймен қамтамасыз ету, қаланы көріктендіру, халықты әлеуметтік қорғау және басқа мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды жүйелеп айтып берді. Депутаттар қала әкімінің жұмысына оң баға берді.

Бердібай КЕМАЛ.

Пікір жазу 34 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу