Бұқара

  • Пікір

«ҚАРА ЖҰМА» МА, ӘЛДЕ «ҚАСИЕТТІ ЖҰМА» МА?

Ғаламторды ашып қалсаң, теледидарды басып қалсаң: «Қара жұма, черная пятница, black friday» деп қазақша, орысша, ағылшынша шүлдірлеген жарнамаға көз сүрініп, құлақ тұнады.

Иә, ағылшыншадан аударғанда сондай бір «қара» күні барлық әлемдегі сауда орындарында жеңілдіктер жасалып, дүние-мүліктің, киім-кешектердің бағасын пәленбай есе төмендетіп сататын көрінеді. Сол «black friday» дегеннің өзіндік тарихы да бар екен: АҚШ-та алғыс айту күнінен кейін келетін жұмаға осылай ат қойып, айдар таққан деседі. Осы жұма күні барлық дүкендерде жеңілдіктер жасалады екен. Дүкендер таңғы бестен бастап, түн ортасына дейін жұмыс жасайтын көрінеді. Жұрт жұмыстарынан сұранып, көшелерде көлік тығыны болып, абыр-сабыр болады деседі.

Мұндай «black friday» деген күн 2009 жылы біздің елге де келді. Қазір ел тұрғындарының 51 пайызы «black friday» деген күн туралы жақсы білсе, 30 пайызы тікелей сауда жасауға шығады екен.

Әлемдік статистика бойынша «black friday» болатын айдағы сауда-саттық экономикаға шаш-етектен пайда әкеледі екен. Бүгінде мұндай күн жер шары елдерінің жартысына жуығында өткізіледі.

Иә, мұның барлығы сатып алушыға да, сатушыға да жақсы шығар. Бірақ, бұл күнді «қара жұма» деп айтуға ауыз бармайды. Сол үшін манадан ағылшынша жазып отырмыз. Себебі Ислам дінінде жұма күнін басқа күндерге қарағанда ерекшелеп айтқан. Жұма — күндердің ең ұлығы, күндердің сұлтаны, барша мұсылман үшін ең берекелі күн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Күннің ең қайырлысы – жұма. Адам ата жұма күні жаратылған, осы күні жәннатқа кірген және осы күні жәннаттан шығарылған. Қиямет күні де жұма күні болады», – деген. Жұма күнгі ғибадаттың да орны ерекше. Алла Елшісі жұма күнін кімде-кім құлшылық ғибадатпен өткізіп, Алладан өзіне кешірім тілесе, Алла оны кешіреді деген. Ендеше қасиетті жұма күнін неге біз «қара» деп атауымыз керек?

Иә, рас, ағылшынша «black friday» деген дұрыс шығар. Ағылшын тілінде  «in the black» деген тұрақты сөз тіркесі бар, ол «қаржылық тұрғыда табысты» деген мағына береді. Ал біздің тілімізде күндерді «ақ дүйсенбі», «сары сейсенбі», «қара жұма» деп, түстермен белгілемейді. Бізде «сәрсенбінің сәтімен», «қасиетті жұма» деген секілді тіркестер бар. Бірақ «қара күн» деген жоқ, «қаралы күн» деген бар.

Бұл жағдайда «қара жұма» — «қаралы жұма» сияқты болып естіледі. Сондықтан еліміздегі ірі сауда орындарына, сатушыларға дәл сол күнді өз тілімізге икемдеп, «қара жұма» емес, «қасиетті жұма» деп атауды ұсынамын. Ал бұл күні не базарға, не мешітке баратынын әркім өзі біледі…

М.ТАБЫН.

  • Жаңғырық

ЕКІ РЕТ ЕҢБЕК ЕРІ АТАНҒАН БАЛИМАНОВТЫ ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ? 

«Ақтөбе» газетінің 8 ақпан күнгі санындағы «Бұқара» айдарында менің «Ескерткіш елге әкелінсе…» атты шағын мақалам жарық көрген болатын.  Ол мақалада Өзбекстанда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, көрші елдің Ғылым академиясының академигі болып, үш мәрте Ленин орденімен марапатталған қазақ Жабай Балимановтың ешкімге керек болмай қалған ескерткішін елге әкелу туралы жазған едім. Осы мәселе туралы қосымша ақпараттарды тағы да ұсынып отырмын.

Жабай Балиманов 1893 жылы Темір уезінің Қарақамыс ауылында туған. Кеңес өкіметі тұсында Өзбекстанның Бұхара облысына қарасты Тамды ауданындағы «Ақтау» колхозында 1933-1963 жылдар аралығында бас шопан болып еңбек еткен. 1951 және 1958 жылдары екі рет Социалистік Еңбек Ері атағы берілген, одан бөлек 5 орденмен және Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 6 бірдей алтын медалімен марапатталған, КСРО Ауыл шаруашылығы академиясының Құрметті академигі атанған, Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі 4- шақырылымының депутаты болған. Ташкент пен Бұхара шаһарларында және Тамды ауданының орталығында бір-бір көшелер, сондай-ақ өзі еңбек еткен шаруашылық, ондағы орта мектеп және кітапхана даңқты еңбеккердің есімімен аталады, кеңшар орталығынан Ж.Балимановқа арналған мұражай да ашылған, ескерткіш те қойылған, 1993 жылы Тамды ауданында туғанына 100 жыл толуы кең көлемде атап өтілген.

Деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысы бойынша 100-ден астам Социалистік Еңбек Ері атағын алғандар бар, бірақ олардың арасында бұл атақты Жабай Балимановтан басқа 2 рет алған ешкім жоқ.

Бірақ Жабай атаның есімі лайықты ұлықталып жүр ме? Балимановтың Лаура есімді немересі облыстық әкімдік сайтына 2013 жылы хат жазыпты. Онда екі рет Еңбек Ері атағын алған атасына Ақтөбеден көше атауын беруді сұраған.

Кейін мен Ж.Балимановтың Теміртау қаласында тұратын ұлы Жұбатқан ағамен телефон арқылы хабарластым:

— Өзбекстанның Науайы облысы Тамды ауданындағы әкемнің атымен аталатын бұрынғы кеңшар орталығына Жабай Балимановқа қойылған қола ескерткіш болды. Қазір ол алынып тасталған, Ажырықты деген ауылдағы бір кісінің ауласында тұр. Сол ауылда әкеме арнап ашылған мұражай да болатын. Бүгінде ол да жабылып, ішіндегі экспонаттары Науайы шаһарындағы облыстық мұражайға әкетілген деседі. Мен осы жайттарды Өзбекстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне де өтініш қылып жазып, әкемнің ескерткіші мен мұражайдағы экспонаттарды, өзінің туған жері  — Ақтөбе облысы Темір қаласына алдыруды сұраған едім. Бірақ нақты ешқандай нәтиже жоқ. Мен әкемнің ескерткіші мен оның мұражайдағы заттары өзінің туған жері  Темір қаласына қойылғанын қалар едім, ердің қадірін тек оның туған жеріндегі азаматтар ғана біледі деп есептеймін, — деген еді Жұбатқан Балиманов. Ол бізге Өзбекстан мен Қазақстан басшыларына жазған өтініштері мен алған жауаптарының көшірмелерін, келген жауаптарын ұсынды.

Бұл туралы аудандық, облыстық газеттерге жазып жүрміз. Бірақ мәселенің түйіні шешілмей тұр. Осы ретте тағы да  Ақтөбеден не Темір ауданы орталығынан бір көшеге Жабай Балимановтың есімін берудің орайы келіп-ақ тұрғанын айтқымыз келеді. Сонымен бірге Жабай Балимановтың  Өзбекстандағы қараусыз жатқан ескерткіші мен мұражайдағы экспонаттарын да туған жерге алдырсақ, құба-құп болар еді.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ,

Темір ауданы. 

  • Ұрпақ

КІШКЕНТАЙЛАР ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚТЫ ҮЙРЕНДІ

Ақтөбедегі «Әсел» балабақшасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға салт-дәстүрдің озық үлгілері туралы ашық сабақ өткізілді.

Кішкентай балапандар былдырлаған тілімен қазақ халқының қонақжайлылығы туралы айтып, онысын және ойын түрінде көрсетті.

«Ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың сақталуы, отбасы құндылықтарын насихаттау балабақшадан басталуы тиіс. Бала бойына білім мен тәрбиені қатар дарытуда этнопедагогиканың маңызы зор», —  дейді «Әсел» балабақшасының әдістеме маманы Жадыра Нұрсұлтанқызы.

Н.ҚОНАҚБАЕВА,

Ақтөбе қаласы.  

  • Үлгі

ӨМІР САҚШЫСЫ

«Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек еткен Төлеуғали Адайбайұлын Ақтөбе өңірінде танымайтын жан кемде-кем. Ол — тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігер.

Байғанин ауданының Қаражар деген кішкентай ауылында дүниеге келген қағілез қара бала Жарқамыстағы орта мектепті тәмамдаған соң, сол арманның ізімен Ақтөбе медицина институтына оқуға түсті. Емдеу факультетінің қабырғасында жүріп, өзінің білімге ынтасымен, «адам жанының арашашысы» болуға құштарлығымен көзге түскен балаң жігітті өзі оқыған институт қабырғасынан жібермей, анатомия кафедрасына ассистенттік жұмысқа қалдырады.

1974 жылы институт қабырғасынан басталған жол сол жерден табан аудармай еңбек еткен қырық жылға тарта уақытқа жалғасты.

Еңбек ете жүріп, ғылыммен айналысқан ол Новосібірде кандидаттық,  Қазақ ұлттық медицина  университетінде докторлық  диссертациясын қорғады.  «Адам анатомиясы» және «Нерв жүйесі» атты 5 оқулықтың, 1 монографияның, 8 оқу құралының және өнертабысқа берілген 2 патенттің иесі.

Ол көп жылдар М.Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінде емдеу ісі, педиатрия, жалпы медицина факультеттерінің деканы, деканның орынбасары, сондай-ақ диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы болып қызметтер атқарды. Өзінің жеке ғылыми жетекшілігімен 8 ғылым кандидатын, 1 медицина ғылымдарының докторын және 1 магистрант дайындап шығарды.

Байыпты мінезі, орнықты әңгімесі, аса біліктілігімен көптің құрметіне бөленген Төлеуғали ағамыз, міне, жетпіс деген асуды алқынбай бағындырды. Жүріп өткен жолында шәкірттерінің алғаусыз құрметі, өзі дертіне дауа болған сан жүздеген жандардың ақжарма алғысы сайрап жатыр.

Барынша кішіпейіл, аса қарапайым ағамыз өзінің өмір жолында, медицина саласында қолы жеткен жетістіктеріне жетелеген өз ұстаздары профессор К.Мельникова, академиктер Т.Үмбетов, А.Идрисовтерге деген алғысын әрдайым астын сызып айтып отырады. Сол ұстаздардан алған білік пен білім, парасат пен пайым да біздің ағамыздың бойына әбден сіңіп, кірігіп қалыптасқан. Тек шәкірттеріне ғана емес, өз балаларына да сол алтын тін, үлгілі ұстаным жан-жақты берілген. Балаларының барлығы да өмірден өз орнын тапқан, абыройлы азаматтар.
Бір қызығы, Адайбаевтар әулетінен бірнеше білікті дәрігерлер шықты. Жұбайы Ғалия Тағыбергенова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», жоғары дәрежелі педиатр, үлкен ұлы Асхат республиканың құрметті теміржолшысы болса, кіші ұлы Қайрат медицина ғылымдарының кандидаты, №1 Астана қалалық ауруханасының жоғарғы дәрежелі дәрігер-хирургі. Қызы Назымгүл жоғарғы дәрежелі  акушер-гинеколог.

А.Билибиннің: «Дәрігер болуды үйрену — нағыз адам болуды үйрену деген сөз. Медицина нағыз дәрігер үшін жай ғана мамандық емес, ол — өмір сүрудің басты қағидасы» деген бір ауыз сөзге Төлеуғали Адайбаевтың бар болмысы, азаматтық ажары сыйып  кеткендей. Біз, алыс ауылдағы ағайындары, ортамыздағы нар тұлғамыз Төлеуғали Адайбаев ағамызға мерейтойы қарсаңында өз лебізімізді білдірейік деп, қолымызға қалам алған едік…

Әкімгерей ӨМІРЗАҚҰЛЫ,

Қарақобда ауылы,

Алға ауданы.

  • Кәсіп

БІЗДІҢ ТОЛАҒАЙ

Қазақта «отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген сөз бар. Ал біздің Толағай болса «күн санап өсіп», жиырма жасында заманауи және бірегей үлкен кәсіптің есігін ашты.

 

Қаламызда кәсіп ашып, ісін дөңгелентіп жүрген жастар аз емес. Бірі өндіріс ашса, енді бірі қызмет көрсету орындарын ашады. Жалындаған жастарды қолдап, демеп отыратын «Даму» қорына бүгінгі кейіпкеріміз Толағай Таужанов алғаш келгенде «Жас старт», «Еңбек» секілді бағдарламалар жөнінде кеңес алды. Несие алу жолдарын түсінген соң екінші деңгейлі банктерді аралап, құжаттарын тапсырды.

Толағайдың жасы жиырмадан енді асты, Ембі қаласында дүниеге келген. Шаш қиюдың шебері. Кәсіп бастамас бұрын осы салада 5 жылға жуық жұмыс атқарған. Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан «TA_Barbershop» шаштаразына  қарапайым шаштараз болып кіріп, директор қызметіне дейін көтерілген, сол жерде тәжірибе жинақтаған. Клиенттік база жинағаннан кейін «Болашақ» шағын ауданынан «TT_Barbershop» шаштаразын ашты.  Қазір шаш қию, шаш сәндеумен қатар жастарды үйретеді. Оған қоса өзі секілді қабілетті жастарды жұмысқа алады.

Алғашында жалға алған ғимаратта жұмыс жасаған Толағай «Даму» қоры арқылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде банктен шаштаразға қажетті ғимарат сатып алу үшін жылдық 6 пайызбен 6 500 000 теңге көлемінде несие рәсімдеді.

Кепілдік ретінде сатып алған ғимаратын қойып, жетпеген бөлігіне қордың кепілдігін пайдаланды. Жас кәсіпкер болашақта кәсібін кеңейтуді, көрсетілетін қызметтер түрін көбейтуді жоспарлап отыр.

Елдос ЖИЕМБАЕВ,

«Даму» қоры Ақтөбе филиалының менеджері.  

Ақтөбе қаласы.

  • Кеңес

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ДЕ НЕСИЕГЕ ПӘТЕР САТЫП АЛА АЛАДЫ

Мемлекеттік қызметте 15 жылдан астам жұмыс істедім. Алайда жұмыста жүргенде облыс орталығынан үй аламын деген ой келмепті. Зейнетке шыққаннан кейін Ақтөбе қаласынан үй алғым келіп, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету туралы мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуметтік желілердегі осы тақырыптағы парақшалардан тұрақты түрде ақпараттар қарап отырдым.

2011 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит аштым. Алайда, оны тұрақты түрде толтырып тұрдым деп айта алмаймын, анда-санда қаржы салып тұрдым. Зейнетке шыққаннан кейін облыс орталығынан пәтер алу туралы шешім қабылдадым. Осылайша жақында Ақтөбе қаласының жаңа ауданы — Батыс-2 ауданынан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» маған лайық келетін «Өз үйім» бағдарламасы бойынша пәтерге қол жеткіздім. Зейнеткер болғандықтан, несие ала алмайтын шығармын деп ойладым. Маған аталған банктің инстаграмдағы парақшасын жүргізіп отыратын қызметкер Мақсат Заитов деген жігіт телефонмен барлығын түсіндірді. Оның айтуынша, зейнеткерлерге несие беріледі, бірақ оны 70 жасқа дейін төлеп болу керек. Мақсат маған: «Өз үйім» бағдарламасы бойынша депозитіңізге алғалы тұрған пәтеріңіздің құнының кемінде 20 пайызына тең қаражат жинасаңыз болды. Несие жылдық 7 пайызбен 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Алғашқы 8 жыл бойы несиені жылдық 7 пайызбен төлейсіз, одан кейін жылдық пайыздық ставка төмендей береді» деп толық түсіндірген соң осы бағдарламаға қатыстым.

Бұл — өте тиімді ұсыныс. Мен бастапқы 30 пайыз қаражатын жинадым. Егер депозитімді тұрақты толтырып, пәтер құнының 50 пайызына тең сома жинағанда жылдық 5 пайызбен алатын едім. Бір жақсысы — депозитіңізге үш жылдан артық қаражат жинасаңыз, бағалау көрсеткіші жоғары болады. Мен мұны өзім секілді зейнеткерлер білсін, оқысын деп жазып отырмын. Қазіргі заманда берілген мүмкіндікті толық пайдалану қажет деп есептеймін. Сондықтан менің баспана алу тарихым біреулерге қажет болар деп ортаға салдым.

Алмагүл БАДАУОВА,

зейнеткер.

Шалқар ауданы.

  • Ауыл

«НҰРАЙНАНЫҢ» ШҰБАТЫ

Ойыл ауданында «Нұрайна» шаруа қожалығында ғана шұбат өндіріледі.

Оның төрайымы  Жазира Тынышова былтыр Алға ауданынан 4 түйе сатып алып,  оларды бағу үшін Шалқардан малшы отбасын көшіріп алып, тұрақты жалақы төлеп отыр. Себебі ауданда түйе сауатын адам жоқ. Кәсіпкер  әр сауын түйені 650-700 мың теңгеге сатып  алған.

— Түйенің де түрі бар. Аруана, нар секілді сүтті көп беретін малдың бағасы өте қымбат. Біз қалтамызға қарай қараша, сары інгендерді алдық. Төрт түйе жазда күніне 15 литр сүт береді. Қыста азаяды. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. Кейде тойларға тапсырыс беріп жатады. Көбі емдік қасиеті үшін ішеді. Негізі, күніне 5 литр сүт беретін түйені бағу өзін-өзі ақтамайды. Алдағы уақытта сауын түйенің басын 20-ға жеткізу ойымызда бар. Әзірше жыл сайын тек екі басқа ғана көбейтуге  шамамыз жетеді.

Бізді қинап тұрғаны — жеңілдетілген несие алу мәселесі. Ауданда жоқ кәсіпті жандандырайық десек, қаржы қолды байлап тұр. Түйе  шаруашылығын мемлекеттік қолдауға  жыл сайын кемінде 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз несие берілсе, біз үшін үлкен қолдау болар еді. Осы қаржыға шұбат дайындайтын құрал, арнайы ыдыстар алар едік.

Түйешіге  жазда 130 мың, қыста 90 мың жалақы төлеймін. Егер сүтті түйелерге қол жеткізер болсақ, сүттің де, шұбаттың да көлемі молайып, облыс аумағына  шығаруға жол ашылар еді, —  дейді ол.

С.НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы. 

  • Естелік

ЖАПЫРАҒЫ ЖАЙЫЛҒАН

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 74 жыл толды. Жеңіс мерекесі қарсаңында осы соғысқа қатысқан әкеміз жайлы жазуды жөн көрдім. Менің әкем соғыс және еңбек ардагері Смат Үмбетов 1922 жылы Қызылорда облысының Арал ауданы Көкарал ауылында туған. Ашаршылық жылдары ата-анадан, бауырынан айырылып, тұлдыр жетім қалған оны Мыңбас деген ағайыны бағып-қағып өсірген. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін балық зауытында есепші болып жұмыс істейді, арасында 1-2-сынып балаларына сабақ та берген. Осылайша өз нанын өзі тауып жеп, еңбекке ерте араласқан.

1941 жылы сұм соғыс басталып, ел дүрліккенде әкеміз де белді бекем буып, майданға аттанады. 1942 жылы ол 52-атқыштар бригадасы құрамында Сталинград майданына қатысқан, 1943 жылы аяқ-қолынан жараланып, соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылған. Елге келген соң бұрынғы кәсібін жалғастырады. Жұмыста жүріп мұғалима Ұлмекен Нұрғалиқызымен танысып, отау құрады. Ата-анамыз он бір сәби дүниеге әкелген, алайда оның төртеуі шетінеп кеткен. Алғашқы сәбилері туғанда әкем анама: «Мен жетім өстім, енді құдайдың берген балаларын сен тәрбиеле, балаларға қара, жұмысты қой», — деп жұмыстан шығарып алады. Бүгінде ұлдары ұяда, қыздары қияда, балалы-шағалы, үлгілі отбасылар.

Әкеміз отбасы жағдайына байланысты 1969 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданы Тоғыз ауылына көшіп келген. Осы жерде зейнетке шыққанынша есепші болып еңбек етті. Ол кісі өз өмірі туралы ешқашан ашып айтпайтын. «Сендер соғыс туралы білмей-ақ қойыңдар», — дейтін. Қарулас достары Зәкір, Мырзалы ағалар оны «автомат» деп атаушы еді, әкеміз соғыста автомат асынып жүрген болар. Ал тағы бір жолдастары әкемді «азамат» дейтін еді…

Жетімдіктің, ашаршылық пен соғыстың зарын тартып, кейінгі ұрпағым мұны көрмесін, білмесін деп өзі көрген бейнет туралы жақ ашпай кеткен әкеміздің орнында бүгінде біз, ұрпағы бармыз. Жеңіс күні қарсаңында әкеміз туралы немере-шөберелері білсін деген ниетпен сүйікті газетімізге хат жазған едік…

Әбілқайыр ҮМБЕТОВ.

Шілікті ауылы,

Шалқар қаласы.

Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*