Негізгі / Спорт / Blog article: Капитан қателеспеді

Капитан қателеспеді

29 Шілде 2010 | Пікір жоқ | Спорт

«Ақтөбе»-«Хапоэль»: 1:0

Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне шыққан ақтөбеліктер алғашқы кездесуін өткізді. Кеше Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда «Ақтөбе» Израильдің «Хапоэль» (Тель-Авив) командасын қабылдады.

Қарсыластың оңайы жоқ. Өткен жылы да Чемпиондар лигасында израильдік командаға тап болғанбыз. Ақтөбеде тең ойнаған «Маккаби» өз алаңында ірі есеппен жеңіске жетіп, жерлестеріміздің жолын кескен еді. Енді Израильден қарымта қайтаратын сәт туып отыр. Ол үшін «Ақтөбе» екі ойынның қорытындысында ебірейлерден басым түсуі керек.

Ойын жерлестеріміздің шабуылымен басталды. Тити Эссомба, Эмиль Кенжесариев, Андрей Карпович қарсыластарды тықсырып бақты. 7-минутта оң қанаттан Хайруллинге тамаша пас шығарылған еді, алайда Марат мүмкіндікті пайдалана алмады. Арада бір минут өтпей Марат тағы да қателікке ұрынды. Қақпашыға өзі шыққысы келді, дәл осы жерде Иван Перичке пас бергенде басқаша болар ма еді. Кезекті шабуылда Перич-Хайруллин-Аверченко байланысы ортадан үзілді.

Қонақтар да қарап қалмады. Омри Кенди допты алып шығып, Итай Шехтарға тастады. Бірақ біздің қорғаушылар олардың ойын жүзеге асырмады.

Біздің футболшылар бір тайм бойы толассыз шабуылдады. Қақпашымен бетпе бет шығуға Евгений Аверченконың қаншама мүмкіндігі болды. Иван Перич те мергендік таныта алмады. Аверченконың қадап қойған добына Хайруллиннің аяғы тимеді.

Осылайша ойынның алғашқы кезеңі тең аяқталды.

Екінші таймда Перичтің орнына Мұрат Тілешев шықты. Бапкерлер мен жанкүйерлер үміті осы Мұратта болды. Боно допты Эссомбаға тастады, ал Тити Тілешевке жеткізді. Өкінішке қарай Тілешев қақпадан қиыс тепті.

Дегенмен, ойынның тағдырын қарсыластардың қорғаушысы допты қолмен қайтарғаны үшін төреші белгілеген пенальти шешті. «Ақтөбенің» каптаны, пенальтидің шебері Самат Смақов әйгілі қақпашы Винсент Эньяманы қапы қалдырды. Есеп-1:0.

Екінші таймның соңына дейін қанша ұмтылғанымен жерлестеріміз есепті еселей алмады.

Сонымен «Ақтөбе» жеңіске жетті. Енді қарымта кездесу дәл бір аптадан кейін 4 тамызда Тель-Авивте өтетін болады. Жерлестеріміз жеңісті жолды жалғастырсын деп тілейік.

Бердібай КЕМАЛ.

«Хапоэль» футбол клубы

«Хапоэль» командасының тарихы тереңде жатыр. 1923 жылы Тель-Авивте «Хапоэль» спорт клубы құрылады. Алайда кейін тарап кетіп, арада үш жыл өткенде қайтадан сапқа қосылады.

Команданың жетістіктері:

1967 жыл — Азия клубтары чемпионаттарының жеңімпазы

13 дүркін Израиль чемпионы

13 дүркін Израиль кубогының иегері

2002 жыл — Израиль лигасы кубогының иегері

1997 жылы клуб жеке инвесторларға сатылды. Команданың жеке қолға сатылуы нәтиже әкелді. Екі жылдан соң ел кубогын иеленді. 2000 жылы Дрор Каштанның басшылығымен ұлттық чемпионат пен Кубокты қатар ұтып алды. Келесі жылы УЕФА кубогы жолындағы жарыста ширек финалға дейін жетті. Осы жылы мәскеулік «Локомотивтен», «Челсиден» және «Миланнан» басым түсті.

Команданың бас бапкері — Эли Гуттман.

Пікір жазу 31 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу