Басты бет » Басты жаңалықтар » Жеңіс мерекесі — мерейлі салтанат

Жеңіс мерекесі — мерейлі салтанат

Екінші дүниежүзілік соғыста 27 миллион адамның өмірі қиылды. Оның ішінде Ақтөбеден аттанған 120 мың адамда түгел қайтып орала алмады. Ал елге аман келгендердің басым бөлігі дүниеден озды. Биылғы Жеңіс мерекесінің салтанатын санаулы ардагер ғана тамашалай алды.

Жеңіс күні Ақтөбеде ерекше  салтанатпен аталып өтті.

Шара  «Мәңгілік алау» даңқ ескерткішінен басталды. Жиынға соғыс ардагерлері, мемлекеттік органдар мен әскери бөлімдердің, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Шара басталмас бұрын  жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сарбаздар  «Жеңіс күні» әнін шырқады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен  облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова  жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Бұдан кейін қала басшылары, қалалық мәслихат, құқық қорғау, күштік құрылым ұжымдары, басқармалар, департаменттер, оқу орындары өкілдері, ұлттық мәдени орталықтар, партия өкілдері гүл шоқтарын қойды. Жұртшылық ардагерлермен бірге суретке түсті. Соғысқа қатысқан аталарының, әжелерінің суреттерін көтеріп шыққан жастар оларды мақтанышпен айтты. Көзі тірі ардагерлер мен тылда еңбек еткендер майдандастарын, бірге жұмыс жасаған достарын еске алысты.

Он сегіз жасында Ақтөбенің «Қызыл жұлдыз» кеңшарынан соғысқа аттанған Ғиззат Тоқтабаев бұл күнді ерекше күтеді. Ардагер Украина даласында жауға қарсы соғысқан. Маңдайына жарықшақ тиіп, бір көзінен айырылыпты. Ал 17 жасында қолына қару ұстаған Нажмедин Аманбаев І Прибалтика майданына қатысқан. Соғыс аяқталып, елге оралған екі ақсақал да еңбекке араласып кетеді. Кеңшардың ауыр жұмыстарын атқарады. Қос қария да  кейінгі ұрпағына бейбіт өмір тілейді.

Сондай-ақ облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ Ә.Молдағұлова бюстінің алдына гүл шоқтарын қойды. «Батырлар аллеясында» есімдері жазылған Кеңес Одағы Б атырларының рухына тағзым етті.

Бұл күні мерекеге байланысты барлық саябақта арнайы шаралар ұйымдастырылды. Қаланың ескі бөлігіндегі А.Пушкин саябағында «Бейбітшілік — ел ұраны» атты театрландырылған көрініс қойылды. «Жеңістің тәтті тағамы» деген атаумен солдат асханасы ұйымдастырылып, шатыр тігілді. Ардагерлер мен қала тұрғындары астан ауыз тиді. Мерекеге арналған шаралар «Ретро», «Денсаулық», «Жеңіс» демалыс саябақтарында да кеңінен аталып өтті. Жеңіс әндері шырқалды. Жастар көрініс қойды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*