Басты бет » Жаңалықтар » Өз үміткеріңе дауыс бер

Өз үміткеріңе дауыс бер

Сенімді өкілдер мүмкіндігі шектеулі жандарға өздерінің Президенттікке үміткер азаматы туралы айтып берді.

Ел Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдерінің қатысуымен өткен басқосу Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында өтті. Оған мүмкіндігі шектеулі 100-ден астам ақтөбелік келді.

Сенімді өкілдер Елеусін Сағындықов, Сергей Вишняк, Келдібай Еспағамбетов өз үміткерлерінің сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты айтып, оның кәсіби қырына көптеп тоқталды.

— Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен жолды жүріп өткен адамның үлгісі десек болады. Оны көптеген шетелдік саясаткерлер мықты мемлекет басшысы ретінде көреді. Ол Қазақстанды дүниежүзінде лайықты деңгейде көрсете алады. Сондай-ақ, оның ел экономикасын басқарудағы тәжірибесі де зор. Оған ол Үкімет басқарғанда қол жеткізді, — деді Елеусін Сағындықов.

Сергей Вишняк Президенттікке үміткердің өмірінің кейбір тұстарына тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастайынан көшбасшылық қасиеттерін көрсеткенін айтты.

— Оның сайлауалды бағдарламасы Қазақстанды дамыту үшін қолға алынатын нақтылы іс-жоспарларымен ерекшеленеді. Біздің халқымызға керегі осы. Және мен барлығын біздің үміткерге дауыс беруге шақырамын, — деді.

Жиынға қатысушылар сенімді өкілдерді мұқият тыңдап, өз сұрақтарын қойды, тілектерін білдірді.

— Бұл өте пайдалы кездесу болды. Үміткердің тек сайлаудағы бағдарламасын емес,  оның биографиясын да білу керек. Оның алға қойған жоспары да маңызды.

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдету үшін елімізде көптеген істер атқарылып жатыр. Бірақ мәселелер әлі де бар. Біздегі тілек — Президент болған үміткер біздің топтағы азаматтарға да үлкен көңіл бөлсе екен. Барлық ақтөбеліктерді сайлауға белсене қатысуға  шақырамын. Өйткені біздің болашағымыз соған  байланысты, — деді жиынға қатысушы Темірхан Ізбасқанов.

Сәкен БАҚЫТЖАНОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*