Басты бет » Жаңалықтар » Рамазанда айтылған игі тілектер

Рамазанда айтылған игі тілектер

 Облыс басшысы Оңдасын Оразалин 10 мамырда облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ауызашар берді.

Қасиетті рамазанда мешітте жайылған дастарқанға зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, ардагерлер, кәсіпкерлер, дін қызметкерлері шақырылған.

Оңдасын Сейілұлы жиналған жұртқа жүрекжарды лебізін:

— Рамазан айында ораза ұстаған ағайынға шын жүректен құрмет көрсету, оларды қолдау мақсатында, бүгін осы жерде бастарыңызды қосып отырмын. Рамазан айында істелген жақсылықтар ерекше бағаланады деп сенемін. Сондықтан бұл, біріншіден, Аллаға құлшылық болса, екіншіден, ауызбіршілігіміз бен сыйластығымызды арттыра түсейік деген ниет. Хадисте айтылғандай, «Алла Тағала: «Адам баласының басқа амалы — өзі үшін, тек ораза — мен үшін, оның сауабын өзім беремін», — деген. Оразаларыңыз қабыл болсын! Еліміз аман болып, ынтымақ-бірлігіміз нығая түссін, — деп жеткізді.

Дастарқан басында халқымыздың қазынасы, ақыл-парасат иесі — ардагер ағалар да жұртшылық қалауымен сөз сөйлеп, ақ тілектерін ақтарды. «Нұр Ғасыр» мешіті құрылысының басы-қасында болған тарихшы-ғалым, профессор Зәкіратдин Байдосов мешіт құрылысының қолға алынуы, осы жұмыс барысындағы ізденістер төңірегінде сыр шертсе, белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы қашанда, қай дін үшін де ең маңыздысы — адамға деген мейірім екендігі жөнінде әңгімеледі.

— Адамға мейіріммен, тілектестікпен қарайтын ортада, кез келген жанды қоғамның сыйлы бір мүшесіне айналдыруға болады. Сондықтан бір-бірімізге тек жанашырлықпен қарауды ұмытпау керек, — деді Амангелді Айталы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан облыс әкіміне жиналған жұртшылық атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

— Осы сәтте, біздің мешіттен бөлек, Ақтөбедегі тағы екі мешітте және барлық аудандарда облыс әкімі атынан ауызашарлар беріліп жатыр. Ниетіңізді Алла қабыл етіп, сауабы молынан болғай! Ел игілігі жолындағы істеріңізге сәттіліктер тілейміз, — деді бас имам.

Соңында ата-бабалар рухына Құран бағышталып, қариялар елімізге, әр отбасына бақ-береке тілеп, баталарын берді.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*