50 жыл сіздермен біргеміз!
Мұғалжар ауданында «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының күндері өтті
Көгілдір экранның арғы жағынан қалың бұқараны жаңалықтармен сусындатып отырған облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының құрылғанына биыл — 50 жыл. Осыған орай ұйымдастырылған эстафеталық «Алтын микрофонды» мұғалжарлықтар шежірелі өлке Шалқар ауданына тапсырды. Айта кету керек, мұның алдында «Алтын микрофонды» Мұғалжар ауданына қобдалықтар табыстаған болатын.
Телеарнаның 50 жылдығына арналған кеш Ембі қаласының Мәдениет үйінде Мұғалжар ауданы мен «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
Құтты қонақ келсе…
Мерекелік шара басталмас бұрын таң атысымен, бір қуаныш бір қуанышқа ұласып, бірнеше нысанның тұсауы кесілді. Аудан әкімі С. Шаңғұтов ауданға келген құтты қонақтар — телеарна директоры Р. Отыншин, Шалқар ауданының әкімі Р. Сыдықов және телеарна ардагерлерімен бірге ембіліктер көптен күткен қала маңындағы «Жалпақты» су бассейнінің тұсауын кесіп, қалаға ауыз су жіберілгеннен кейін, ел-жұртпен бірге тұщы судан дәм татты.
Дүйім жұрттың қуанышы ерекше. Өйткені бұған дейін қала жұрты таза ауыз суға зәру болып келген болатын. Шелектің түбі темір татына тұнып тұратын-ды.
Сонымен салтанат аяқталғаннан кейін сумен қамтамасыз ететін мекеменің машинисі Александр Бабошкин құбырды ашып, қалаға су жібере бастады.
Бұл су өзгеше, тұнық, тұщы… Ембіліктердің көптен күткен арманы орындалды.
Бұл жөнінде соғыс және еңбек ардагері Н. Петуненко былай дейді:
— Өмір бойы Ембі қаласында тұрып келемін. Ауыз суды сонау патша заманында іске қосылған суқайнарынан алып келген едік. Сары су ыдыстарымыздың түбіне қақ болып тұрып қалады. Амалымыз жоқ, тұндырып пайдаланатынбыз. Енді таза суға бір кенеліп қалдық. Аудан басшылығына рақмет.
Ембіге тұщы су әкелген «Теміржолсу» мекемесі алдағы уақытта Жұрын ауылы мен Қандыағаш қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды қолға алады.
Бұл күні аудан басшысы қаладағы 120 орындық балабақша жанынан денсаулығы нашар балаларға арналып ашылған емдік сауықтыру орталығының да лентасын қиды.
Сондай-ақ тағы бір газ таратушы пункт ашылды. Алда тағы да осындай 11 пункт ашылмақ. Мұндағы барлық бюджеттік мекемелердің ғимраттарына газ беріліпті. Сонымен бірге 200-ге жуық үйге газ кіргізілген. Енді әр үйге газ тартыла бермек. Бірақ бұл жұмыста тұрғындардың ауызбіршілігі керек.
Дүркіреген мереке
Ембі қалалық Мәдениет үйінің алдына қаз-қатар тұрған балғын бишілер мерейтой иелерін қазақтың ұлттық биі «Қара жорға» биімен қарсы алды. Бишілер өнерін тамашалағаннан кейін аудан басшысы С.Шаңғұтов бастаған қонақтар Мәдениет үйі алдындағы қазақтан шыққан тұңғыш академик, сазгер Ахмет Жұбановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мәдениет үйінің іші күмбірлеген күйге толып, жиналған көпшілік қонақтарды үлкен қошеметпен қарсы алды.
Мерекелік концерт А. Мәжікбаевтың О. Байсеңгірдің сөзіне жазған «Мұғалжарым-мекенім» атты әнімен ашылды. Кешке жиналған қауым Қанат пен Света Айтбаевтар, А. Мәжікбаев, Ембі қаласы Мәдениет үйі жанынан құрылған «Қарлығаш» вокал тобы, басқа да өнерпаздардың өнеріне риза боп қол соқты.
Телеарнаның өткені мен бүгінгі туралы бейнебаян көрсетілді.
Концерттік бағдарламадан соң аудан әкімі Серік Тілеулесұлы «Алтын микрофонды» эстафета бойынша Шалқар ауданының әкіміне тапсырды. Телеарна директоры Р. Отыншин аудан басшысы С. Шаңғұтовқа Алғыс хат пен сый-сыяпат табыстады.
Сонымен қатар телеарна ардагерлері сахна төріне шақырылып, аудан басшысы оларға сый-құрмет көрсетті. Бұл құрметке ие болғандар арасында Райса Әбілова, Құрания Аймағамбетов, Сәбит Сүлейменов, Орынбасар Бекмағамбетов, Дина Жалғасовалар бар.
Салтанатты шара соңында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының әнұраны тұңғыш рет шырқалып, Ембі қаласының сахнасында тұсауы кесілді.
Ең бастысы — телекомпанияның директоры Раукен Отыншин алдағы уақытта Қазақстан-Ақтөбе телеарнасының аудандарға таралу уақытын қазіргі бір сағаттың орнына 14 сағатқа ұзарту жолында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, аудан тұрғындарын бір серпілтіп тастады.
Қ. КЕНЖЕҒАЛИЕВ
Ә. ЕСҚАРА.




