Басты бет » Жаңалықтар » Мәртөк ауданында — жаңа әкім

Мәртөк ауданында — жаңа әкім

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданына барған жұмыс сапарында аудан активі мен тұрғындарына жаңа әкімді таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен бұл қызметке Ермек Кенжеханұлы тағайындалды. Оның кандидатурасы аудандық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында мақұлданды.

Ермек Кенжеханұлы жоғары білімді, Рединг университетін (Ұлыбритания) «Болашақ» бағдарламасымен «Ауыл шаруашылығындағы бизнесті басқару» мамандығы бойынша, «Аджу» (Корея) университетінің «Әкімшілік іскерлік» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған, сонымен қатар «инвестициялық басқару» мамандығының магистрі және заңгер бакалавры.

Әр жылдарда «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның несиелік өнімдерді дамыту бөлімінің менеджері, «ARKA Investment Management Company» АҚ басқарма басшысы, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармаларының бастығы, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы болды.

Былтырғы маусымнан бастап Ақтөбе облысының ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды.

Облыс басшысы ауданның жаңа әкімі алдына аудан экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және кірістерін арттыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту, мал санын арттыру, инвестициялар тарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды бірқатар басым міндеттерді қойды,

«Тағайындау кезінде сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз ескерілді. Бар күш-жігеріңізді алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жұмсайсыз деп сенемін»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар облыс басшысы Ермек Кенжеханұлына халықпен тығыз араласып, жұртшылықпен көбірек кездесуді, аудан тұрғындарының проблемалық мәселелерін тез арада шешуді тапсырды.

Мәртөк ауданының бұрынғы басшысы Жандос Байырханов басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен қызметінен босатылды. Облыс басшысы оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*