Әкімдерге ескерту жасалды
Облыс бойынша жер қатынастары басқармасының бастығы Мәлік Жекеев аудан активімен кездесті. Аудандағы мал азығын дайындаудың жайы және алда тұрған міндеттер әңгіме болды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Ермек Бекмағанбетов:
— 2010 жылдың 14 маусымы мен 8 тамыз аралығында ауданда мал азығын дайындаудың екі айлығы жарияланды. Мал азығын дайындау жұмысына 141 трактор, 31 шөп тайлағыш, 42 автокөлік, 436 адам қатысуда. Бүгінгі күні 54 300 тонна шөп дайындалып, екі айлық тапсырма 59 пайызға орындалды. Мал азығын дайындау жұмысын өз деңгейінде жүргізу үшін аудандық штаб құрылып, қызметкерлер әр селолық округке бекітіліп, округтерде болып, тұрғындармен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Селолық округтерде мал азығын дайындаудың жұмыс жоспарлары жасалып, аз қамтылған отбасылар шаруа қожалықтарына бекітіліп берілді. Алдағы мал қыстату науқанына 57,0 мың шартты мал түсіп, оған 142,7 мың тонна шөп қажет етіледі. Есеп бойынша, 147,2 мың тонна шөп дайындалады деп күтілуде. Шөпті молайту мүмкіндіктері іздестірілуде. Сонымен қатар 12 500 тонна жем қажет. Облыстағы астық шығымының аз болуы жеммен қамтамасыз етуде қиындықтар келтіруі мүмкін, — деді.
Сонымен бірге Е.Бекмағанбетов қазіргі күні ауданда 37 000 тонна шөп тасылып, мал ұстайтын 6250 үйдің 2224-іне шөп түсірілгенін, аудан еңбеккерлері барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланса, мал азығын дайындауда жақсы табыстарға жетіп, алдағы мал қыстату науқанын жоғары деңгейде өткізуге болатынын айтты.
Жиналыста сөз алған Мәлік Жекеев үш ай бойы жаңбырдың жаумауы, топырақтың беткі қабатының қатты қызуы далалықтағы шөп пен егіннің күйіп кетуіне әкеліп соқтырғанын айтты. Енді алдағы қысқа түсетін малды да, жанды да аман сақтап қалудың жолдары қарастырылуға тиіс. Облыс әкімінің шешімімен мал азығын дайындаудың екі айлығы жарияланып, озат ұжымдарды ынталандыру үшін 5,0 млн. теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын, шаруа қожалықтары мен жеке мал иелерін мал азығымен қаматамасыз ету шаралары жасақталды. Бұл ретте ардагерлерді, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларын мал азығымен қаматамасыз ету басты назарға алынған. Осымен бірге облыс әкімі мал азығын дайындайтын шаруашылық субъектілерін 50 пайызға арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету үшін 150 млн. теңге бөлуді жүзеге асырды. Тұрғындар үшін дайындалатын пішенге субсидия үшін 173 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ сервистік дайындау орталықтары мен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары тұрғындардан семірту үшін мал алып, оны қыста қала сауда орындарында қолжетімді бағамен сатуды ұйымдастыруды жүзеге асыру мақсатында «Батыс» ұлттық компания акционерлік қоғамына 250 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге облыстық өкіл 14 шілдеде өткен облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың бірнеше аз қамтылған отбасына жеке өзі көмектесуге уәде беріп, облыс және аудандық деңгейдегі басшыларға өзінің бұл бастамасын қолдауға ұсыныс жасағанын айтты. Және жиынға қатысушыларға облыс әкімінің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына құрғақшылықтың салдарын жою және әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөнінде жасаған ұсыныстарымен таныстырды. Сондай-ақ құрғақшылықтың салдарын жою шаралары облыс басшылығының қатаң бақылауында тұрғанын, қажетті шаралардың алынып жатқанын жеткізді.
Кездесуде әр селолық округ әкімінен бүгінгі шөп шабу науқанына қанша техника, қанша шалғы жұмылдырылып отырғаны сұралды. Сұрақ-жауап барысында жауапты науқанның жайына нақты жауап бере алмаған кейбір әкімдерге ескерту жасалды.
Қыдырәлі ӘЛИН,
Шалқар ауданы.




