Басты бет » Денсаулық » Медбикелерге құрмет

Медбикелерге құрмет

12 мамыр —  Халықаралық медбикелер күні. Осыған орай А.Досжанова атындағы конференц-холда салтанатты шара өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов медбикелерді құттықтады.

— Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ішінде медбикелердің алар орны ерекше. Медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Ол — дәрігердің айнымас серігі. Науқасқа бірінші болып көмек қолын созатын да сіздерсіздер, — деген облыс әкімінің орынбасары аймақтың медицина саласына еңбегі сіңген бірқатар медбикеге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ қала мен ауданнан келген медбикелер  облыстық мәслихат пен Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыс медицинасының алға басуына, науқастардың айығып кетуіне медбикелердің қосар үлесінің зор екенін айтып, алғысын білдірді. Басқарма атынан бірқатар медбикелер Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жыл сайын мереке қарсаңында  «Үздік медбике» байқауы ұйымдастырылады. Әсет Қалиев жеңімпаздарды арнайы сыйлықпен марапаттады. Биыл «Үздік медбике — 2019» байқауын №3 қалалық емхананың аға медбикесі Роза Рысмағамбетова жеңіп алды. Ал екінші орынды Қарғалы аудандық ауруханасының медбикесі Гүлнар Сейілханова мен  Қобда аудандық ауруханасының мебдикесі Гүлмира Өтешова алса, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медициналық орталығының медбикесі Сандуғаш Палуан мен Әйтеке би аудандық ауруханасынан келген Айнагүл Суликова үшінші орынды бөлісті. Үздік медбике атанған Роза Рысмағамбетова Ресейдің Орынбор қаласында білім алған. Қалалық емханада жұмыс жасағанына 11 жыл болыпты. Ал екінші орынға ие болған Гүлнар Сейілханова осы салада 31 жыл еңбек еткен. Медбике жұмысының  күрделі әрі жауапты іс екенін айтқан мамандар еңбектерін елеген басшылыққа ризашылықтарын білдірді. Жиында «Сенім» кәсіподағының төрағасы Қайрат Сабыр, Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Үдербай медбикелерді құттықтап, арнайы сыйлықтармен марапаттады. Барлығы 135 маман марапатталса, оның 31-і аудандардан келді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*