Басты бет » Жаңалықтар » Мемориалды тақта орнатылды

Мемориалды тақта орнатылды

Ақтөбедегі Абай даңғылы бойындағы 4 «А» үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Николай Лавров тұрған. 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мұнда ардагердің құрметіне орай мемориалды тақта ашылды. Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, депутаттар мен ардагерлер, майдангердің туыстары қатысты.

Николай Лавров 1918 жылы Ресейдің Тульск облысында дүниеге келсе де, ғұмырының көп бөлігі қазақ жерінде өтті. Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушылардың бірі болды. Партияда жетекші қызметтер атқарды.

Николай Лавров Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, еліміздің аяққа тұруына өз үлесін қосқан азамат. Қазақстанның оңтүстігінде, кейін Ақтөбе қаласында біраз жылдар қызмет атқарып, жетістіктерге қол жеткізді.

Біз осындай батырларымызды әркез естен шығармауымыз керек. Бұл тақтайшаның орнатылуы халқының майдангерге деген құрметінің белгісі деп білеміз. Жеңіс күні қарсаңында ардагердің өзі өмір сүрген үйінің қабырғасына осындай тақтайшаның орнатылуы аса маңызды. Себебі өскелең ұрпақ батырларымыздың есімін, оның ерлік жолдарын біліп жүруі тиіс.

Бүгінгі шараны ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміз тыныш, бейбіт күн болсын, — деді Ілияс Испанов өз сөзінде.

Жиын барысында ардагер Сапар Сағынтаев майдангердің өмір жолдарынан естелік әңгімелер айтып, облыстық мәслихаттың депутаты Дмитрий Довматенко елге тыныштық пен ауызбіршілік тіледі.

Мәскеудегі ұшақ апатынан кейін Шереметьев әуежайы жабылғаны белгілі. Сол себепті Николай атамыздың ұрпақтары Алматы арқылы ұшып, қалаға бүгін келеді. Биыл атамыздың қайтыс болғанына — 20 жыл. Біздің есімізде ол кісінің ақжарқын, ержүрек, қонақжай қасиеттері ерекше қалыпты. Жатқан жеріне барып, атамызды барлығымыз бірге еске алмақшымыз, — деді Николай Лавровтың туысы Олег Логвиновский.

Шара соңында ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, майдангер рухына тағзым етілді.

Сондай-ақ осы күні Отан қорғаушылар күніне орай Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтында Ашық есік күні өтті.

Шараға әуе қорғаныс күштері саласы мен ауған соғысы ардагерлері арнайы шақырылды. Олар шараға жиналған оқушыларға әскери өмірді жан-жақты түсіндіріп, өз мамандықтары туралы кеңінен айтты.

Аспан астындағы музейге 20-ға жуық тікұшақ пен ұшақ қойылған.

Балалар аңызға айналған ұшақтарға мініп көріп, ерекше әсер алды.

45 жылға жуық тарихы бар институт осы кезге дейін 5 мыңнан астам маман дайындап шығарған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*