Басты бет » Жаңалықтар » Соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіледі

Соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіледі

Жеңіс мерекесінде жергілікті билік өкілдері ардагерлерді үйіне барып құттықтап, құрмет көрсетеді. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ.

Бүгінгі күні облыста барлығы 41 соғыс ардагері қалды. Соның 26-сы — Ұлы Отан соғысына қатысушылар, қалғандары — соғыс мүгедегі. Соғыс ардагерлерінің үш-төртеуі ғана Мұғалжар мен Хромтау аудандарында тұрғаны болмаса, дені Ақтөбе қаласында. Биыл Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің әрқайсысына 300 мың теңгеден берілмек, — деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов.

Қазір Ақтөбе облысында сұрапыл соғыс жылдары Ленинград шайқасына қатысқан — 3, ал фашистік консулагерьге түскен 3 жауынгер қалыпты. Мерекеде осы ардагерлерімізге де лайықты құрмет көрсетілетін болады.

Соғыста майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері де мерекеде назардан тыс қалмайды. Олардың саны — 166. Сондай-ақ, қазіргі таңда Ақтөбеде 585 соғыс мүгедегінің жесірі бар. Осы топтағы азаматшаларға 35 мың теңге көлеміндегі қаржы мамыр айындағы зейнетақыларына қосып төленбек.

Бүгінгі таңда облыста 5834 тыл еңбеккері бар. Олар — 1941-1945 жылдар аралығында тылда 6 ай еңбек еткендер. Қазір соның 3185-і — Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандарда тұрады. Жеңіс күнінде тыл еңбеккерлеріне 12-15 мың теңгеден беріледі. Ал Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендер саны — 950 адам. Олар да мерекеде құрметке ие болмақ.

— Бүгінгі күні соғысқа қатысқандар денсаулығына байланысты үйінен шыға алмайды. Жауынгерлеріміздің арасында жасы жүзден асқандар да бар. Облыстағы соғыс ардагерлерінің ең жасы — 1927 жылғы. Соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Былтыр облыста Ұлы Отан соғысына қатысқандардың саны сексеннің үстінде еді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында Жеңіс күні өтетін шеруге Ақтөбеден ешбір ардагер қатыспайды. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, ардагерлеріміздің денсаулығы жолды көтермеуі мүмкін, — деді Кеңес Бірманов.

Бүгінгі таңда соғыс ардагерлері мен соғыс мүгедектеріне елімізде ерекше әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ақтөбелік ардагерлер де мұндай қолдаулардың шарапатын сезініп отыр. Атап айтқанда, соғыс ардагерлеріне медициналық көмек үйлерінде көрсетіледі. Ол үшін әрбір ардагерге медициналық қызметкерден бекітілген.  Дәрі-дәрмектер де тегін. «Ардагерлерімізге медициналық қызметтер жыл бойы, күндіз-түні тегін көрсетіледі. Мереке күндері жылдағы дәстүр бойынша жергілікті атқарушы билік өкілдері ардагерлеріміздің үйіне барып, құттықтайды, оларға құрмет көрсетеді. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде еңбек ұжымдары, мектеп оқушылары ардагерлердің үйіне барып, құрмет көрсетуде. Оларға азық-түлік салынған пакеттермен қоса, жеміс-жидек толы себеттер үлестірілуде. Жас жеткіншектер жаттаған тақпақтарын айтып, әндерін шырқап, қариялардың алғысына бөленіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мерекеде көңіл бөлінбей қалған бірде-бір ардагер жоқ», — деді К.Бірманов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*