Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: «Алғаның Атымтай Жомарты» 50 теңнен тегін берді

«Алғаның Атымтай Жомарты» 50 теңнен тегін берді

29 Шілде 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

…Қолына қарға тышса қандасынан қалтасы жақын, ұлтынан ұлтарағы қымбат болып шыға келетін  көптеген кәсіпкерді көріп жүрміз. Оның үстіне соңғы жылдардағы  жаңбырсыздық та жақсы желеу болды – «біттік» деп  жылап отырған біреу.

…Алға ауданына қарасты Қараағаш ауылдық округіне іссапармен барып жүріп6 сол ауылдың  жас дәрігері Айгүл Жетенова туралы «Айгүлдің әдемі әлемі» деген мақала жазып, жаңа ғана шаңырақ көтерген жас отаудың өмірлік ұстанымдары, мақсат-мұраттары туралы аз-кем ой қозғаған едік. Сол жолы отағасы Артурмен кездесе алмай кеткенбіз – жер шұқыған, мал баққан жігіттің шаруасы шаш- етектен, ауылда болмай шыққан.

Биылғы құрғақшылыққа байланысты қолдағы малды  азықпен қамтамасыз ету шиеленісті шаруаға айналып, тіпті бұл мәселе облыс асып, республика деңгейінде  көтерілгелі бері газет қызметкерлері де аудандағы атқарушы билік  құрған штабпен бірге ауыл-ауылдарды аралап, түсінік жұмыстарына қатынасып жүр. Осындай бір сапар кезінде Қараағаш ауылындағы «Қаршыға» шаруа қожалығының басшысы Артур Жетеновпен ұшырасып қалдық. Баяғы өзіміз жолыға алмай кеткен Артур. Ауылдастарының бірінің үйіне шөп түсіріп беріп келе жатқан беті екен.  «Шөптің теңі – 200 теңгеден, тіркемесі -18-20 мыңнан аспауын қадағалаңдар» деп ауданнан берілген пәрмен бар, шөптің бағасын сұрадық. «Тегін беріп жатырмын», — деді. Шынымызды айтсақ, шалқамыздан түсе жаздадық. Мәселенің мәнісі былай болып шықты.

2002 жылы медицина институтын дәрігер – оташы мамандығы бойынша бітіріп, Артур өзімен бірге дәрігерлікті бітірген Айгүл есімді әдемі қызбен бас қосып, туған жері – Қараағашқа оралады. Сол кездің қиындықтары әлі есінде – үйленеміз деп қолдағы малдың біразы сатылды. Сөйтіп жүргенде балалары өмірге келді. Дәрігер ретінде оларға ақтың – сүт-айранның пайдалы екенін біледі, алайда әкесінің қолында отырғанда аса біліне қоймаған қатшылық , өздері бөлек шыққан соң біліне бастады. Алдымен бір-екі қара мал алды. Оған шөп қажет болды. Жемшөпті сатып алады.  Жалпы, барлығын жоспармен, белгілі бір жобамен жасауды  жақсы көретін Артур, 2004 жылы бауырларымен бірігіп шаруа, қожалығын құрды да, оны «Қаршыға» деп әкелерінің атымен атады. Шаруасы бірден дөңгеленіп кете қойды деу қиын – 2004 жылы егінді бұршақ ұрды, 2006 жылы тіпті шықпай қалды, 2007 жылы да дұрыс жиын-терім болмады, сақтандыру шарттары да дұрыс сақталмады. Бірақ осындай қиын кездері де Артур Жетенов ауылдастарының жағдайын ұмытқан емес. Мектеп пен балабақшаға қол ұшын береді, ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен көп балалы отбасыларына көмектеседі.

— Осы күнге ауылдың он бір үйіне елу теңнен шөп түсіріп бердім, — деп әңгімелейді Артур Жетенов. — Ауылдағы шаруаның жағдайы  тек қана биыл емес, жалпы мәз емес. Техникалары тозған, сатып алуға қымбат. Тіпті осы биылғы шабындық кезінде де үкімет тарапынан бөлініп отырған арзандатылған жанар- жағармайды Ақтөбеден барып алу үшін, әрине, арнайы көлік жалдаймыз. Барып алып келем дегенше отынның өз құны шығады. Сақтандыру шараларын жасасақ та, оның ақшасын дер кезінде ала алмаймыз. Жалпы, менің  өз ойым – билік ауылға барынша бет бұрмайынша бірдеңе өзгере қояды деу қиын. Ауыл – бәріміздің Отанымыз, ішер ас, киер киім беретін «фабрикамыз», ал ауылда мал құрыса, ауылдың да оңуы қиын. Мал басын сақтап қалу – бірінші міндет.

Бұл – Артурдың бүгінгі ауыл шаруашылығы саласына деген өз көзқарасы. Бірақ қандай қиын жағдайда да ауылдастарына көмегін беруден аянған емес. Бұл бәлкім, біреулерге әпенділік болып та көрінер, бірақ «қара басына ит те күн көреді» деген бар атамыз қазақта. Жыл сайын көктемде жұмыс бастарда бір малын сойып ауылдастарының батасын алады, жиын-терім біткен соң да солай. Асып–тасып бара жатқандықтан емес, «алғыс алған арымас» деген аталарымыздың сөзіне құлақ қойғаны бұл.

…Төрт ай арнайы курстан өтіп, оқып алса, Артурдың өз мамандығы – дәрігерлікке қайта оралуға мүмкіндігі бар. «Ол кезде өз отбасымды ғана асыраймын, ал қазір  азды-көпті көлеңкем көп адамға түседі», — деп күледі Артур.

… Ауылдастарының біразына  мал азығын тегін дайындап берген Артур Жетенов енді жері бар, бірақ техникасы жоқ әріптестерінің шөбін шабуға кіріспек.

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Пікір жазу 31 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу