Қала жемшөпсіз болмайды
Қатты қуаңшылыққа киліккен біздің облыста да бастапқыда жағдайдың күрделі болғанын жасыруға болмайды. Алдағы қысқа түсетін малға жемшөп дайындау қиындады. Мал басының кему қауіпі туды. Осыны күнілгері білген облыс әкімі аймақ тұрғындарына Үндеу тастап, істі шұғыл оңға бастаудың шараларын алды. Аудандардың, қалалардың әкімдеріне жылдың қуаңшылық жағдайында жемшөп қорын толықтырудың жолын қарастыруды тапсырды. Барлық тұрғындарды, оның ішінде аз қамтылған, қолы қысқа отбасыларын мал азығымен қамтамасыз етуді міндеттеді. Сөйтіп, биылғы мал азығын дайындау науқанында барлық деңгейдегі әкімдерге үлкен жауапкершіліктер жүктелді. Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов бұл міндеттерді шешуге айрықша маңыз беруде. Мұнда қалыптасқан жағдайды тұрақтандырудың, мал басын кемітпеудің, алдағы қысқа жеткілікті жемшөп қорымен түсірудің барлық шаралары алынуда. Бұл жөнінде сейсенбіде қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Қадірбек Мерқашевпен болған баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Осында баяндалғанындай, қаланың барлық селолық округтерінде азаматтармен жиындар өткізілген. Ауылшаруашылығы құрылымдары мен жеке аула малдарын жемшөппен қамтамасыз етуге байланысты шаралар белгіленген. Әсіресе, зейнеткерлердің, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларының малдарына жемшөп тауып беру мәселесі айрықша сөз болған. Селолық округтердің әкімдерімен, ауылшаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен мал азығын дайындауға байланысты күн сайын кеңес өтеді. Оларда апталық тапсырмалардың қорытындылары шығарылады.
Алдағы қысқа түсетін малға қажетті жемшөптің есебі шығарылды. Қалада шартты малға шаққанда 29500 мал бар. Әр малға 1,5 тоннадан есептегенде, қысқа 44 мың тонна пішен қажет. Күні бүгін қала бойынша 30233 тонна мал азығы дайындалды. Бұл қажетті мал азығының 72 пайызы.
Барлық селолық округтерде жеке шарбақтарға пішен тасудың күн сайынғы есебі жүргізіледі. Мәселен, Ақтөбе қаласында мал ұстайтын 2525 жеке аула бар. Қазіргі таңда соның 1230 шарбағына шөп түсті.
Қала бойынша мал азығын дайындайтын 29 бригада ұйымдастырылды. Оларда 266 адам жұмыс істейді. Аталған бригадаларға 140 трактор тартылған. Оның 49-ы 99 орақты шөп шабатын агрегат, 11-і шөп тиейтін, 13-і шөп буатын техника.
Алдын ала жасалған есеп бойынша енді 6767 тонна шөп Ақтөбе қаласының селолық округтерінің аумағынан, қалған 5000 тонна пішен облыстың өзге аудандарынан дайындалады.
Қазіргі кезде қаланың бірқатар ауылшаруашылығы кәсіпорындары (Хлебодаровтан «Матай» шаруа қожалығы) мал азығын Мәртөк ауданының аумағынан, Мұғалжар ауданының жерінен дайындап жатыр. Сондай-ақ Әйтеке би ауданындағы мемлекеттік қорға қарайтын жерден де мал азығын дайындау көзделуде.
Мал азығы қорын толықтырудың түрлі жолдары қарастырылуда. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданынан 5 мың тонна, Төле би ауданынан 3 мың тонна пішен сатып алу жөнінде сауда-саттық ұсыныстары түскен. Қала әкімінің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы бастап, бір топ мамандар келісімшарт жасасу үшін аталған аймақтарға барып қайтқан. Қазір сол жасалған шарт бойынша пішеннің алғашқы легі темір жол арқылы Ақтөбе қаласына да келіп жеткен. Бағасы онша арзан емес. Себебі, тайланған пішен шаруашылықтардан алғанда 150-170 теңгеден болғанмен, тасымалдау құнымен 340 теңгеге шығып отыр. Бірақ өте сапалы, құнарлы люцерн шөбі. Қазіргі таңға осындай 3 вагон пішен келіп жеткен, түгелдей селолық округтердің тұрғындарына таратылып берілген. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы келіп жетуіне байланысты қалған пішеннің де тұрғындарға берілетінін айтады. Құнарлы мал азығына сұраныс жоғары көрінеді.
Қалада мал азығын дайындау науқанының қарқынды жүруіне облыстық бюджет арқылы жанармайдың құнының 50 пайыз жеңілдетілуі де игі ықпалын тигізуде. Мұнымен бірге бұрын мал азығын дайындайтын ірі шаруашылықтарға субсидия беріліп келсе, биыл мұндай жеңілдіктер барлық бригадаларға көрсетілуде. Қиын кезде көрсеткен мұндай көмегі үшін ауыл тұрғындары облыс басшылығына шексіз риза. Тек Ақтөбе қаласына мал азығын дайындау үшін арзандатылған 190 тонна дизель отыны бөлінді. Оның 63 тоннасы шілде айында берілді. Енді 127 тонна жанармай тамызда алынады.
— Ауылшаруашылығы саласында 37 жыл жұмыс жасағанда, мұндай қуаңшылықты білген емеспін. Егіс нашар шыққан, мал азығын дайындау қиын болған жылдар ұшырасты. Басқа аймақтардан барып, қосымша пішен дайындадық. Әйтседе, ол жылдардың өзі де, биылға қарағанда әншейін екен. Биыл қала бойынша 22400 гектар жерге дәнді дақыл егілді. Соның 80-85 пайызын жарамсыз деп тауып, есептен шығаруға ұсыныс жасалып отыр, — дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Қадірбек Құтжанұлы.
Мал азығы қорын жасауға байланысты қала басшылығы атқарған және алда да атқаратын жұмыстарды екшеп, салмақтай келе бөлім бастығы журналистерге қала шөпсіз болмайды деген кесімді пікір білдірді. Тайланған пішеннің бағасын арзандата түсуге байланысты да белгіленген шаралар бар. Таяу арада қаланың пішеншілер қосы Әйтеке би, Байғанин аудандарының жерінен мал азығын дайындауға кіріседі. Мұндағы пішен арзандау болады деген үміт бар. Ал Мұғалжар ауданы аймағында буылып жатқан пішеннің әр тайы 200 теңгенің шамасында тұратыны тап қазір белгілі. Бұл биылғыдай қуаңшылық жылы қымбат баға емес. Бөлім бастығы аз қамтылған отбасыларына пішеннің әр тайын 130-140 теңгеден арзандатып беру мүмкіндіктерінің қарастырылып отырғанын айтады. Сонымен бірге сырттан – оңтүстік облыстардан келетін пішеннің тасымал бағасын төмендетуді Ауылшаруашылығы, Көлік министрліктері биылғыдай жылы ескеруіне болмас па еді деген пікір білдіреді. Аталған құзырлы орындарға осы бағытта көмек сұраған өтініштер де жіберілген. Алайда оған қандай жауап болары әзірге белгісіз.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.




