Басты бет » Ауыл » Қарақамыс жәрмеңкесінің ізі

Қарақамыс жәрмеңкесінің ізі

Ауыл — ел бесігі

Біздің өлкеміздегі сауда-экономикалық қатынастардың жандануына ерекше ықпал еткен Қарақамыс жәрмеңкесі туралы Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин әңгімелеп берді.

Бүгінде 2 мыңға жетер-жетпес  қана тұрғыны бар бұрынғы бекініс, уезд, аудан  орталығы, Қарақамыс жәрмеңкесінің ізі қалған Темірден  ХІХ ғасырдың аурасы мықтап сезіледі. Темір бүгінгі  заманға ілескісі келмей, ХІХ ғасырдың уақыт дөңгелегіне ілініп қалғандай…

— Тарихшылар өңір тарихын зерттегенде, кеңес заманындағы әкімшілік бөлініс бойынша қарайды. Бұл дұрыс емес. Орынбор губерниясына қаратылған  біздің өңіріміздің қақ ортасына — Темір, оңтүстігіне — Ырғыз, батысына — Ойыл, солтүстігіне Ақтөбе бекіністері салынды. Патша заманындағы карталарға қарасаң, өлкеміздің ең  шеткі болысы — Орынбор губерниясымен шектесетін Ақбұлақ еді.  Ақтөбе бекетін салу себебі, Ақбұлақты Ресейге  қосып алу саясаты болды. Қазіргі  Хромтау, Қарғалы ауданының жерлері бұрын Ақбұлақ болысына қарады.

1865 жылы Ырғыз (Жармола) бен Ойыл (Көкжар) бекіністері, 1868 жылы Ақтөбе бекеті, 1869 жылы Темір (Қарақамыс)  қаласының іргесі қаланды. Темір  қала статусын 1879 жылы (бір деректе 1900 жылы) алып, 1881 жылы уезд орталығы болып бекітілді.

Жібек жолы бойындағыТемір уезінің құрамына 17 болыс кірді. Олар: Қазыбек, Қарағанды, Қиыл, Ойыл, Қайыңды, Құмды Ойыл, Қалмаққырған, Ембі, Жем, Темір, Орқаш, Жетікөл, Жиделісағыз, Оймауыт, Желтау, Сам-Матай, Аққолтық.

Бір заманда  Темір Орал  губерниясының құрамына да енді.

Темір (Қарақамыс): ең бірінші — бекініс, екінші — сауда  жәрмеңкесі, үшінші — жергілікті қазақтар қала өміріне бейімделе бастаған орталық, төртінші — ұлттық буржуазия мен оқығандар шыққан өлке…

— Орал облысы  генерал-губернаторының  шешімімен Темір қаласындағы Қарақамыс жәрмеңкесі әр жылдың 15 мамыр — 15 маусымы аралығында өткізілді. Кейін адай, табын руларының Үстірт-Самға қарай қыстауға қайтатын мезгіліне  бейімдеп, күзгі жәрмеңке өткізіле бастады. Оған Қазалы, Торғай, Ырғыз, Маңғыстау  уездерінен, Хиуа, Бұхара, Ташкент, Ор, Орынбор, Иран, Уфа, Қытай саудагерлері қатысқан. Көп кешікпей Ақтөбе бекетіндегі тауар айналымына кесірін тигізеді деген желеумен  Ресей Ішкі істер министрлігі Қарақамыс жәрмеңкесін бір жылда екі рет өткізуге тыйым салды.

Қарақамыста (Темір) жәрмеңке басталғанда 40 дворянин, 10 діни қызметкер, 14 көпес, 177 мещанин, 162 шаруа, 263 жергілікті тұрғын болған. Бұл жерге жан-жақтан сауда жағдайымен, әскери қызметке  келгендер тұрақтанса, саяси сенімсіздігі үшін жер аударылғандар да бар еді. Ал 1915 жылы Темір уезінде 146 мың қазақ, 23 мың орыс, 7 мың украин тұрды.

— Жәрмеңке қаланың қай жерінде орналасты? Ойылда жәрмеңке орындары, сауда лавкілері сақталған, ал Темірден жәрмеңке орнын таппайсыз. Неге?

1900 жылдары Темірдің  қақ ортасында жер астында саудагерлердің тауар сақтайтын қоймалары да қоса салынды. Жер асты өзінше бір қалашық еді, мұнда  тауар тасыған ат арбалар еркін жүретін. Мал базары қаладан 7 шақырым жерде орналасты, бұл жерде малдар  жайылып жүрді. Сатылымға шығарылған мал 12 шақырым жерде  сойылып, қала базарларына тек таза еті жеткізілді. «Боқтықарын» деген жер атауы қазірде де бар.

Темір қаласының тазалығына ерекше мән берілген, түп-түзу, тап-таза көшелер жанына  тал-теректер өсірілген. Базарда қолөнерші шеберлердің жеке  лавкілерінде қамшы, торсық, қайыс, ноқта, жүгендер сатылды. Қарақамыста мал терісі, жүні, тұяғы, сүйегіне дейін іске асырып, сүйектен, теріден зат жасайтын  шеберлер, қолөнершілер көп болды. 1872 жылы  Николаев шіркеуі, 1900 жылы Қазан үлгісімен тастан қаланған, екі қабатты мешіт  салынды. Шіркеуге қызыл кірпіш Ресейден түйемен тасылды. Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін жылдары қаладағы көпес үйлері, сауда дүкендері қиратылды.

— Қарақамыс жәрмеңкесінде жергілікті  қазақтардың рөлі қандай еді?

Жәрмеңкелер  тарихын зерттеген ғалым Беркін Құрманбеков Батыс Қазақстанның тауар жәрмеңкесінде 400-ден астам қазақ саудагері қатысқанын  жазады. И. Досов, М.Баймағамбетов, Әлімжанов, Жандәулетов, Пұсырманов — Темірдегі ең бірінші қазақ саудагерлері.

1915 жылы жәрмеңке кезінде І Мемлекеттік Дума мұсылман фракциясының депутаты Алпысбай Қалменов  Бірінші дүниежүзілік соғысқа кеткен  қазақ жігіттерінің отбасыларына көмек жинатқан. Жиналған қаржы — 1097 рубль 12 тиын. (Сол кездегі жәрмеңкедегі малдың бағасы: түйе — 70-80, жылқы — 55-65, сиыр —35-40, қой — 10-12, ешкі — 4-6 рубль).

Темір уезінің атақты байларының бірі — Бижан Жангелдіұлы Бимұхамбетов. «Қазақ сауда  буржуазиясы көрнекті өкілдерінің бірі — Бижан Бимұхамбет Жангелдіұлы  шекті руы шүрен тайпасының беделді биі әрі өте бай болған. Орынбор губернаторы А.Катениннің рұқсатымен Көкжар елді мекенінде, Қалмаққырғаннан 18 шақырым жерде орысша мектеп салдырған. Кейін бұл мектеп Темір қаласына көшірілді, оның орнына Қонжар балалар үйі салынды», — деп жазады Беркін Құрманбеков.

— Әнші, күйші, жыршы, палуандардың бағын жәрмеңкелер ашты. Жәрмеңке — сол төңіректегі жұрттың бас қосатын, өнерін ортаға салатын ордасы  десек,  Қарақамыс  кімдердің бағын ашты?

Кердері Әбубәкір, кете Шернияз, шүрен Нұрпейіс Байғанин, Тәңірберлі Молдабай әнші-жыраулар, Қазанғап,Төреш, Мөңке, Үсен төре Арынғазыұлы күйшілер Қарақамыс жәрмеңкесінің сәнін келтірді. Темір қаласының басқарушысы  Арынғазы ханның немересі Үсен төре керемет күйші болған адам.

— Шағын қалалар өзен жағасына, жол-қатынасына қолайлы жерге салына бастады. Мәселен, Жармола – Ырғыз, Көкжар – Ойыл, Қарақамыс — Темір өзендерінің сағасында. Екінші жағынан, патша агрономдары тал-терек егуге, орман өсіруге, жеміс ағаштарын өсіріп, көгалдандыруға ерекше назар аударған. Төңкеріске дейін  Темірдің төңірегі  жеміс ағаштарына толы жайқалған тоғай болыпты. Өкініштісі сол —  патша агрономдары еккен орманнан Ойылдағы Барқын құмындағы тоғай ғана  сақталған. Темірдің тоғайы қайда?

—  Әуелгі бекет қылып сала бастағанда, ішкі Ресейден арнайы шақыртылған агроном Темір өзенінің 9 саласының бірі — Егіндібұлақ пен Толғанай өзендерінің сағасында  орман алқабын жасауды мықтап қолға алған.  Қос өзеннің сағасы жайқалған орман алқабына айналып, Темір қаласының үй құрылыстарына осы жерден кесіліп алынған  қарағаш, тал-теректер сатылды.

Патша агрономы салған орман алқабының ізімен құрылған Темір орман шаруашылығы мекемесі 1990 жылға дейін жұмыс істеді. Бұл —141 гектар жеміс-жидек өсіретін шаруашылық еді.  Мұнда алманың неше түрі, қараөрік, шие, таңқурай, құлпынай ағыл-тегіл өсті. Қала тұрғындары  Темір өзенінің бойына   көкөніс,  қарбыз-қауын егетін. Өзен бойында  картоп жақсы шығады да, тұрғындары сырттан көкөніс, жеміс-жидек сатып алмайтын. Темір қаласы төңірегінде Темір өзеніне құятын — Балдысай, Ащысай, Егіндібұлақ, Кенжалы, Қарағандысай, Кебірсай,Толғанай, Лаққырған, Жарсай өзендерінің салалары мен Ноғайкөл, Күйгенкөл көлдері бар.

Темірдің суын толтырып  жатқан Толғанай мен Егіндібұлақ көлдерінің  жанына   демалыс үйлерін салып, өзен бойында көкөніс, жеміс-жидек егіп, түйе, жылқы өсіріп, қымыз-шұбатпен осы демалыс орындарын түгелдей қамтамасыз етуге болады.

— Қазақ оқығандарының көп шығуына Ресейден жер аударылған декабристердің, патша самодержавиесіне қарсы шыққан  дворяндардың  да ықпалы болған сияқты.

Ресейдің көптеген қалаларынан, соның ішінде Санкт-Петербургтан  жер аударылып келген  оқымыстылар, кәсіби  мамандар Темірдегі екі кластық училищелерде, кейін ашылған мектептерде сабақ беріп, білім сапасын көтеруге, елдің бетке ұстар тұлғаларын дайындауға септігін тигізді. Ол заманда жер аударылғандардың   Верный сияқты ірі қалаларда тұруына рұқсат етілмегендіктен, олар Темір сияқты қалашықтарды таңдады. Себебі, Ресейге жақын әрі  теміржол қасында. Жер аударылғандардың арасында оқымыстылар, тамаша музыканттар, әншілер бар еді. Олар келген бойы музыка үйірмесін ашып, төңіректегі ауыл балалары олардан  дәріс алды. Мәселен, Ахмет Жұбановтың музыкалық қабілетінің ашылуына осындай ұстаздың ықпалы зор болған. Музыка әліппесін үйреткен соң бала Ахметтің  музыкалық білімін жетілдіруі үшін Ақтөбедегі танысына оқуға жіберген.

Нұрпейіс Байғанин, І Мемлекеттік Дума депутаты Алпысбай Қалменов, Сақтаған Бәйішев, Рәбиға Сыздықова, Сайым Балмұханов, Құдайберген және Ахмет Жұбановтар, КСРО еңбек сіңірген геологы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нәрен Имашев, Қазақстанда құрылған астрофизика институтының  бірінші директоры, физика-математика ғылымдарының докторы Сәкен Обашев, жазушы Ғалым Ахмедов, медицина ғылымдарының докторы Римма Ағзамова, қоғам қайраткері Сәлкен Дәуленов, генералдар Жансен Кереев, Болат Жанасаевтар Темірдің тумалары.

Ақтөбеде Ахмет Жұбановтың тойы кезінде,  Ембіде музей ашылғанда, Жұбановтар әулетінің ұрпақтары Темірдің киіз үйін, Темірдің суреттерін іздеді. Себебі, Ахмет Жұбановтың балалары – Ғазиза  1927 жылы Темір ауданының «Жаңақоныс», Болат, Қайыр  1929 жылы 9-ауылында дүниеге келген. Кейін партия-кеңес қызметінде болған Ахметжан Төребаев, Валерий Леммле, Григорий Каюк, Төлеу Алдияров, Нұрғожа Орынбасаров, т.б. азаматтар осы жерде  қызмет еткен.

ТЕМІР МҰНАЙЫМЕН ТАНЫМАЛ

1976 жылы Темір қаласында 5 мың адам тұрды. Бұл — Темір ауданының орталығы Қандыағашқа көшкеннен кейінгі 12 жылдан кейінгі көрсеткіш. 1935 жылы Темір ауданынан Жұрын, Ембі, кейін Мұғалжар, Байғанин аудандары бөлініп шықты. Алайда үкіметіміздің шағын қалаларды өркендету бағдарламасынаАлға, Жем, Қандыағаш кірді де, адам саны өте аз болғандықтан, Темір қаласы кірмей қалды. Осы себептен де, әлі күнге дейін  Темір ауылдық округінің мүмкіндіктері толық пайдаланылып отыр.

— Темір — Ақтөбе облысында тұңғыш мұнай өндірілген жер…

— Темірде ең бірінші мұнай шығаратын мекеме мен механикалық  зауыт ашылып, кейін  Жақсымайға көшірілді. 1921 жылдың 5 қаңтарында Еңбек және Қорғаныс  Кеңесінің төрағасы В.Ленин Орал облысының Ембі және  Темір мұнай өнеркәсібі аудандарында  жергілікті жағдайды ескере отырып,  Ембі-Саратов  мұнай құбырын салу жөніндегі жұмысы жеделдетуді тапсырды: «Поручить Наркомпроду обеспечить через Уральский губпродком Эмбенские и темирские нефтепромысла и постройку нефтепровода необходимым количеством мяса и зернофуража, с каковой целью обязать в районах, тяготеющих  к промыслам и постройке нефтепровода, специальную разверстку на вышеуказанные продукты, если ранее объявленная развертка не гарантирует достаточное снабжение  продовольсвтием  рабочих и фуражом транспорт этих предприятий».

Темір Ақтөбе облысының, өркендеуіне үлкен септігін тигізді. Жаңажол, Кеңқияқ,  Байғанин жағына кететін Мортық деген кезінде Темір ауданына қарады.   Октябрьск және Кеңқияқ  мұнай өндіруші  мекемелері құрылып, Жаңажолды  Мұғалжар ауданына берді.  Темір ауданы әрқашан да өзін-өзі қамтамасыз етіп келді, ешқашан дотациялық аудан болып көрген емес.

— Бүгінгі Темірдің  дамуына салынып жатқан Ақтөбе-Астрахань тасжолы әсері қандай болмақ?

—  Ақтөбе-Астрахань тасжолы іске қосылса, Ақтөбе мен Атыраудың бұрынғы сауда мүмкіндіктері қайта жанданады. Бұрын Атырау Ақтөбеден макарон, көкөніс, қиыршық тас, құм, силикат кірпіш алатын. Жақсымай стансасының қасындағы карьерден Атырау теміржол мен тасжолға төсейтін  құм, балласт тасыды. Темір ауданының Ақжар деген жерінде қызыл кірпіш шығаратын  зауыт соғыс уақытында 30 миллион данаға дейін шығарған. Атырау облысы  Ақжар кірпішін пойызбен таситын. Мұнайшылардың байланысы жанданып, Атырау мен Ақтөбе мұнай кәсіпорындары өздерінде  жоқ жабдықтарды бірінен-бірі сатып алатын болады. Осылайша, Атырау-Ақтөбе тасжолы Темірдің әрі қарай дамуы үшін қажет. Темірде  ауызсу, жарық, газбен толық жабдықталған. Жақсы жол қатынасы,  өзен-суы, шұрайлы жері шағын және орта бизнес нысандарының көбірек ашылуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Темір жері құрғақ, қанша жерден жаңбыр жауса да, топыраққа тез сіңеді. Жан-жағына  құмда және сазда өсетін ағаштарды отырғызуға болады.

Жазықсыз қудаланған азаматтарының тағдыры да Темірдің  жазылмаған хаты болып қалды…

 Әңгімелескен Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*