Басты бет » Білім » Сапалы білімнің ордасы

Сапалы білімнің ордасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — заманауи бәсекелестікке сәйкес мамандар даярлауда халықаралық деңгейге көтеріліп, бүгінде QS-топ университеттер рейтингінде 220-орынды иеленген еліміздегі белгілі оқу орны.

Жан-жақты, зерделі шәкірттерді тәрбиелеуде заманауи үлгіде жұмыс жасайтын оқу орнын алдағы уақытта аталған рейтингте 200-орынға жылжыту мақсаты қойылып отыр. Қазіргі кезеңде білім беру нарығында теңдессіз көрсеткіштерге қол жеткізу үшін университетте жаңа білім беру бағдарламалары дайындалуда. Республиканың білім беру классификаторындағы өзгерістерге сәйкес мамандар даярлауда әлемнің озық үлгілері

таңдап алынуда. Бүгінде университеттің стратегиялық басымдылықтарының бірі — білім берудің халықаралық кеңістігіне енуді кеңейту, әлемдік үлгілер мен жаңа технологиялар негізінде оқыту. Сондықтан оқу орнында осы талаптарға сәйкес басқа факультеттермен қатар тарих, археология және этнология факультетінде өткізілетін дәрістерде оқытушылар интерактивті-инновациялық, жеке топтық әдістерді пайдаланып, әртүрлі презентациялық сабақтар мен пресс-конференциялар ұйымдастырады.

Жалпы мамандардың кәсіби біліктілігі мен ғылымды дамыту үшін білім беру жүйесінде жаңа технологияларды меңгерумен шектелмей, университеттердің, әсіресе ұлттық жоғары оқу орындарының әртүрлі деңгейдегі ғылыми зерттеу орталықтарына айналуын еліміздегі экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдай талап етіп отыр. Бұл жайында Елбасы өз Жолдаулары мен бағдарламаларында айтқан болатын. Осыған орай бүгінгі күні университетте көптеген ғылыми орталықтар жұмыс жасауда. Атап айтсақ, біздің факультетте үш ғылыми және бір ғылыми-әдістемелік орталық бар. Сонымен қатар студенттерді ғылымға баулуда бірқатар клубтар да тіркелген. Осы клубтар арқылы студенттер мен магистранттар түрлі ғылыми конференцияларға, байқауларға қатысады. Жастарды адамгершілікке, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде факультетте «Айналаңды нұрландыр», «Жасыл қалашық», т.б. бағдарламалар аясында шаралар өткізіледі.

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған байланысты оқу орнында түрлі мерекелік шаралар, кездесулер ұйымдастырылуда. Сонау 1934 жылы ашылған жоғары оқу орнында сұрапыл соғыс жылдары 23 кафедра болса, қазіргі уақытта 61 кафедра, 16 факультет жұмыс жасайды.

Ал 1980 жылдары 869 оқытушы мамандар даярлауға атсалысса, бүгінгі күні олардың саны 2,5 мыңнан асады. Олардың арасында 400-ден аса ғылым докторы мен профессор, 800-ден астам ғылым кандидаты мен доцент бар. Университетте еліміздің барлық аймағынан келген 20 мыңнан астам студент, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келген студенттер мен магистранттар білім алады. Студенттердің тұруына барлық жағдай жасалған. Осы орайда биыл оқу орны білім алушыларға арнап тағы бір Студенттер үйін салмақ.

Ал біздің тарих, археология және этнология факультетіне келсек, мұнда тарих, археология және этнология,  музейтану және ескерткіштерді қорғау, архивтану және құжаттану, құжаттамамен қамтамасыз ету, кітапхана ісі сияқты мамандықтар бар. Оларда жүздеген студент сапалы, заманауи білім алып, өз білімін тереңдетуде.

Биыл 85 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу — кез келген жастың арманы. Ал осы киелі шаңырақтан үлкен кәсіп иесі болып шыққан түлектер алдағы уақытта Қазақстанның гүлденуіне, еліміздің дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз.

Оразгүл МҰХАТОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

тарих ғылымдарының докторы,

Бексұлтан БАБАЖАН,  университеттің 2-курс студенті.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*