Басты бет » Басты жаңалықтар » Достық мерекесі

Достық мерекесі

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Ақтөбеде ерекше сән-салтанатпен өтті. Қаламыздағы ірі алаңдарда, демалыс және мәдениет саябақтарында ән мен күй шырқалып, ұлттық тағамдар қойылған дастарқандар жайылды, жастар спорттық жарыстарда бақ сынасып, қолөнер шеберлері арнайы көрмелер ұйымдастырды.

«Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында өткізілген «Татулығымыз бір шаңырақ астында!» деп аталатын мерекелік шараға өңірдегі барлық этномәдени орталықтардың, шығармашылық ұжымдар мен мәдениет, білім мекемелері өкілдері қатысты. Бұл шара тілегі мен тағдыры ортақ түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына ұйытқан достыққа, бірлік пен ынтымаққа арналды.

Мерекелік салтанат барысында тұрғындар мен қала қонақтарын облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтады.

— Елімізде жалпыұлттық мереке ретінде тойланатын бұл күн бір шаңырақ астындағы барлық этностардың достығының, еліміздегі бірлік пен берекенің нышанына айналды. Халқымызда «Бірлік түбі — береке» деген дана сөз бар. Біз табыстарымыз бен жетістіктерімізге бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдары еліміз тұрақтылықты ту еткен қоғамның біртұтас үлгісін қалыптастырып, әлемдік қауымдастық алдында лайықты орын алды. Еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының да маңызы зор. Бүгінде ол этносаралық татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болып, еліміздің дамуына зор үлесін қосып келеді. Жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ассамблеяның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда аталған ұйымның маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Ақтөбе облысындағы түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен достығының берік болуына да осы ұйым зор үлес қосып отыр. Өңірде түрлі ұлт өкілдерінің ана тілдерін үйреніп, салт-дәстүрлерін жаңғыртуына бар жағдай жасалып отыр. Ақтөбеде бүгінде 18 этномәдени орталық, 6 жексенбілік мектеп пен 8 жастар клубы жұмыс істеп жатыр, — деді О.Оразалин.

Салтанатты шара кезінде облыстағы этномәдени орталықтарға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің І, ІІ, ІІІ дәрежелі сыйлықтары тапсырылды.  «Славяне» қоғамдық бірлестігі, «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени орталығы, «Оксана» этномәдени орталығы, кәрістер қауымдастығы республикалық бірлестігінің Ақтөбе филиалы секілді бірнеше орталық облыс әкімінің І дәрежелі сыйлығымен марапатталды.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде облыс тұрғындарын тәуелсіз мемлекетіміздің маңызды мерекелерінің бірі — достық пен ынтымақ күнімен құттықтаймын! Еліміздің гүлденуі мен дамуының негізі — бейбітшілік пен келісім екені баршаға айқын. Қазақстанда ұлтына, діни сеніміне қарамастан кез келген азаматтың этникалық болмысын, тілі мен мәдениетін сақтауына конституциялық кепілдік берілген. Жақында ғана өткен XXVII сессияда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ассамблеяның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде Достық үйлерінің тиімді жұмыс істеп жатқандығын айтты. Біздің облыста да Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағы астында бірнеше этномәдени орталықтар, жексенбілік мектептер, шығармашылық орталықтар жемісті жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын облыс әкімі тарапынан қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін облыстық этномәдени орталықтарға сыйлықтар беріледі. Бізге көрсетілетін осындай қолдауларға зор алғысымызды білдіреміз, — деді «Славяне» этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Виктория Сураль.

Бұл күні ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында түрлі спорттық шаралар, әр халықтың ұлттық тағамдарынан көрме-саудалар, қолөнер шеберлерінің көрмелері өткізілді. Ерлі-зайыпты Сергей-Евгения Матвиецтер көрмеге таза былғарыдан тігілген сөмкелер мен әмияндар, белбеулер мен түрлі әшекей бұйымдарын әкелген. «Бұл кәсіппен былтырдан бастап айналысып келеміз. Барлығын да қолмен тігеміз, таза, табиғи теріден жасалған бұйымдар. Көрмеге биыл бірінші рет шығып тұрмыз», — дейді. Ал Анастасия Лебедева мен Владимир Козлов көрмеге бесінші жыл қатарынан келіп тұрғандарын айтады. Ерлі-зайыпты шеберлер саз балшықтан әсем бұйымдар жасайды. «Біз үшін бірлік күні ерекше мереке. Себебі облыста өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар өкілдерімен тірлігіміз ғана емес, тағдырымыз да ортақ болып кеткен», —  дейді шеберлер.  Шебер Гүлнұр Асқарова жүннен басылған бұйымдарын алып келіпті. Қазақтың ежелгі кәсібінің бірі — жүннен бұйымдар жасау ісі бүгінде сән әлемінде ерекше сұранысқа ие.

Саябақта әр халықтың ұлттық тағамдарынан көрме-саудалар да қызды. «Арцах», «Фарход» мейрамханаларының әзірлеп әкелген палаулары қазаннан түспей жатып, пышақ үстінен үлестіріліп кетті. «Біз жыл сайын достық мерекесінде дастарқан жайып, қазан көтереміз. Бұл жылдағы дәстүрімізге айналып кетті», — дейді аспаздар. Сондай-ақ күрес, тоғызқұмалақ, шахмат спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.

Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған шаралар «Ақтөбе Арбаты», «Керуен сити» ойын-сауық, сауда орталығы, «Ретро»  және А.Пушкин атындағы демалыс саябақтары, Шығармашылық академиясы мен «Жеңіс» саябағында да ұйымдастырылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*