Басты бет » Басты жаңалықтар » Рухани қазына қадірі

Рухани қазына қадірі

Форум

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында «Рухани қазына — 2019» мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің ІІ облыстық форумы өтті.

Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары әкімдерінің орынбасарлары, шығармашылық ұжымдары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Форумда алдымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

— Бүгінгі күні облыста барлығы 490, оның ішінде 478 мемлекеттік мәдениет мекемесі бар. Атап айтсақ, облыс бойынша 238 кітапхана, 196 клуб, 21 музей, 2 саябақ,

 2 театр, облыстық филармония және 13 архив мекемесі жұмыс істейді. Өткен жылы өңірдің мәдениеті мен өнерін дамытуға бюджеттен 4606,2 миллион теңге бөлініп, игерілді. Сондай-ақ 23 мәдениет ғимаратына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыстық тарихи-өлкетану музейіне 673,3 миллион теңге бөлініп, облыстық бюджеттен

100,0 миллион теңге қаржы қарастырылды. Музейдің 5 экспозициялық залы жасақталды.

Жалпы өткен жылы облыста 2,8 миллион адамды қамтыған 23600-ден астам мәдени-көпшілік шара өткізілді, — деді ол.

Басқарма басшысы өз баяндамасында өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдің мәдениет саласында көптеген іс-шаралар атқарылғанын, соның нәтижесінде облыс үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Аталған бағдарламаның «Туған жер — туған ел» базалық бағыты бойынша өңірде 90 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейіне жаңа ғимарат салынса, облыстағы 238 мемлекеттік кітапхана бүгінде халыққа сапалы, заманауи тұрғыда қызмет көрсетуде. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстандық мәдениет — жаһандық әлемде» базалық бағыты бойынша өңірдегі шығармашылық ұжымдары шетелдерге барып, биік белестерді бағындырып жүр. Олардың қатарында облыстық драма театры, «Алақай» қуыршақ театры, қазақ камералық хоры, тағы басқа өнер ұжымдары бар.

Шарада басқарма басшысы мәдениет саласындағы бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті.

  • 2016-2018 жылдары облыс аумағында 32 ескерткіш пен ескерткіш-мүсін орнатылды. Алайда оның 25-і талапқа сай емес. Сондай-ақ аудандарда қазіргі оңтайландыруға байланысты мәдениет мекемелерін жабу, қосу, штат сандарын қысқарту сынды мәселелер бүгінгі күннің басты проблемасы болып отыр. Ауылдық жердегі клубтық мекемелердің материалдық-техникалық базасының төмендігі, олардың интернет желісімен қамтамасыз етілмеуі, аудан орталықтарында орналасқан музейлердің ғимараттарының талапқа сай еместігі, музей қорларын сандық форматқа көшірудегі қиындықтар — осының барлығы бүгінде нақты қолдау мен қаражатты қажет етеді, — деді М.Қорғанбаева.

Бұдан кейін форумда сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды әрі қарай жалғастыру керектігін айта келе:

  • Жоғарыда аталған мәселелердің барлығын аудандарға барып, мәдениет мекемелерін аралағанда көрдік. Бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бүгінгі күні басқа салалар сияқты мәдениет саласында да облыстық бюджет арқылы емес, демеушілердің қолдауымен шешіліп жатқан мәселелер бар. Сондай-ақ инвесторлармен бірге бірқатар дүниелер шешіліп жатыр. Бұл мәселелердің барлығы келешекте шешіледі деп ойлаймыз.

Мәдениет қызметкерлері, сіздер, халықпен тікелей жұмыс жасайтын адамсыздар, мәдени шараларды өткізесіздер. Кітапханаларға, архивтерге келген халыққа қызмет көрсетесіздер. Сондықтан алдағы уақытта аталған мәселелерді шешуде жұмыстарыңызды жандандырып, қазіргі заманға сай қызмет етуге талпыну керек.  Мәдени-көпшілік шараларды халық өз қалауымен, шын ынта-ниетімен келетіндей етіп ұйымдастыру керек, — деді облыс әкімі.

Форумда облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәдениет саласының қызметкерлерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.

Атап айтсақ, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрхан Кәдірбаевқа «Астананың 20 жылдығы» төсбелгісін, филология ғылымдарының докторы Жұманазар Асан мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстық жұмыс тобының мүшесі Жақсылық Бисалиевке «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін табыс етті.

Сондай-ақ шарада былтыр облыс орталығында өткен «Туған жерім — нұрлы елім» акциясының қорытындысы бойынша үздік аудандар марапатталды. Атап айтсақ, бас жүлдені жеңіп алған Алға ауданына 3,5 млн, І орынды иеленген Ойыл ауданына 2 млн,

ІІ орынды иеленген Мұғалжар ауданына 1,5 млн, ал ІІІ орынды бөліскен Қобда, Шалқар аудандарына 1 млн теңгенің сертификаты табысталды. Ал қалған аудандардың барлығына арнайы номинациялар мен 350 мың теңгенің сертификаты берілді.

Форумда сондай-ақ облыстағы музей, кітапхана, архив және клубтық мекеме салаларында қызмет ететін бір топ қызметкерге республикалық форумға жолдама табысталды. Аталған форум 19-22 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Айта кету керек, шара аясында Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының мәдениет, өнер ұжымдары және қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылып, форумға қатысушыларға секциялық отырыстар мен шеберлік сабақтары өткізілді.

                                                           Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*