Басты бет » Білім » Үздік мектептің үлгісі

Үздік мектептің үлгісі

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат білім сапасы бойынша облыс мектептерінің көш басында тұр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аталған білім шаңырағы  «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 7 миллион теңге  көлеміндегі грантты иеленді. Білім ордасындағы екі ұстаз «Үздік педагог» республикалық конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды. Мектептегі 12 педагог  Ұлттық тестілеу орталығында сарапшы және әзірлемеші ретінде жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Алпыс жылдан астам тарихы бар білім шаңырағында қазір 455 оқушы білім алады. Оның 255-і — ауыл балалары.

Біз үздік мектеп, мықты ұжым, үлгілі оқушылардың тыныс-тірлігін білмек ниетпен аталған мектеп-интернатқа барғанбыз. Сонымен…

Түлектерінің бәрі — грант иегерлері

— Оқушылардың білім сапасы жоғары көрсеткішке ие. Мысалы, І оқу тоқсанында — 89 пайыз болса, ІІ оқу тоқсанында — 93 пайыз. Үздіктер көп. Жақында ғана сынақ тестілеу өткізілді. Оған 11-сыныпта оқитын 78 баланың бәрі де қатысты. 38 оқушының таңдау пәндері — математика, физика. Жалпы, сынақ тестілеудің қорытындысы бойынша 22 бала 100-ден жоғары балл жинады, — дейді мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Алмагүл Есбусинова.

Білім сапасының көрсеткіші ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына тікелей байланысты. Бұл ретте де аталған білім ордасы облыс мектептерінің көшін түзейді. Өткен оқу жылындағы ҰБТ бойынша мектептің орташа балы — 108,3, яғни облыста І орын алды. 61 мектеп түлегінің 17-сі «Алтын белгі» иегері атанды. Түлектердің 95,7 пайызы — еліміздің және алыс, жақын шетелдердің жоғары оқу орындарының грант иегерлері.

Қалған балалар да жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл бітірушілер грант бөлінбеген мамандықтарды таңдады. Әйтпесе, олар да мемлекеттік грантты жеңіп алар еді деп сеніммен айта аламыз. Мектебіміздің 2017 жылғы түлектерінің барлығы да мемлекеттік грантты ұтып алды, — дейді Алмагүл Мақсатқызы.

Мектеп-интернат командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысында «Үздік облыстық білім беру ұйымы» номинациясы бойынша ІІ орынға ие болды. Облыстық олимпиадаға 28 оқушы қатысып, оның 20-сы жүлдегер атаныпты. Білім бәйгесінің қорытындысында, 5 оқушы (Азамат Асабай, Ардаби Төреғали, Лия Сәбит, Дана Сердалы, Елнұр Әділбек) республикалық кезеңге жолдама алды.

Интернатта оқып жүр…

Біздің мектептің балаларының басты ерекшелігі — жан-жақты. Өйткені білім беруде бір бағытқа ғана басымдық берілмейді. Оқушылар жаңа технологияның «тілін» біледі, математикадан есепке жүйрік, әдебиетке құштар, спортпен белсене шұғылданады, өнерге жақын. Республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарған өрендеріміз көп. Белгілі режиссер Эмир Байғазиннің 66-халықаралық Берлин кинофестивалінде жасөспірімдер туралы көрсетілген «Жаралы періште» фильмінде басты ролдердің бірін сомдаған Нұрлыбек Сақтағанов біздің мектептің оқушысы екенін мақтанышпен айтамыз, — дейді Алмагүл Мақсатқызы.

Мектепте балалардың жан-жақты білім алуы, дамуы үшін қолайлы жағдай жасалған. «Мәңгілік ел», «Абайтану», «Әбіштану», «Өлкетану» кабинеттері бар. Олардың бәрі де талапқа сай жабдықталған. Сондай-ақ, 11 үйірме жұмыс жасайды. Бәрі де тегін үйретіледі. 5-сыныптың барлық оқушысы домбыра үйірмесіне қатысады. 6-сынып оқушылары үшін шахмат курс ретінде оқытылады. 5-11-сыныптарда қазақ әдебиеті, орыс тілі және  ағылшын тілі сабақтарында кітап оқу терапиясы өткізіледі. Мұндағы мақсат — балалардың әдебиетке қызығушылықтарын арттыра түсу. Бұл сабақтардың барысында поэзия минуты ұйымдастырылады. Онда оқушылар өлең, жырларды жатқа айтады.

Балалар өз үйлеріндей қабылдауы үшін мектеп жатақханасында да барлық жағдай жасалған. Оқушылардың жатын бөлмелерінен басқа, тынығу, демалу үшін арнайы бөлмелер бар. Олардың бірі ұлттық үлгіде безендірілсе, екіншісі заман талабына сай жабдықталған. Сондай-ақ, жатақханада асхана, медпункт бар. Ондағы қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Оқушыларға 23 тәрбиеші, 6 түнгі аялаушы жауапты. Жалпы, жатақханада 250 бала тұрады. Айта кету керек, дарынды балалардың тамақтану рационы да жай мектептердегі балардың ас мәзірінен бөлек. Олар үшін әзірленуі тиіс тағамдардың арнайы тізімі бар, — дейді Алмагүл Мақсатқызы.

Педагогтар мерейі

Білім сапасының жоғары болуы — педагог еңбегінің де жемісі. Мектептегі екі ұстаз — «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы. Олар: Мейрамгүл Нұрбаева мен Гүлназ Мыңжасарова. Бұл — мұғалімдердің, мектептің ғана мерейі емес, облыс абыройы. «Дарынды ұстаз — талантты шәкірт» педагогикалық сайысында Роза Алматова, Салтанат Бисенбаева, Мерей Жолмағанбетовтер биіктен көрінді. Сондай-ақ, «Үздік авторлық бағдарлама», «Инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалінде» де бір топ педагогтің еңбегі жоғары бағаланды. Олардың арасында Ләззат Пангереева, Балия, Гүлзат Жолаевалар, Гүлзия Бектенғалиева, Күнімайгүл Смадияр, Гүлбадан Изтлеуовалар бар. Математика, физика, информатика пәні мұғалімдерінің халықаралық шығармашылық байқауына Нұрбек Абдуллин, Сабыржан Жылгелдин, Бауыржан Жылгелдин, Салтанат Бисенбаевалар тұрақты түрде қатысып жүр.

Марқұм Мақсот аға түлектердің арасынан мектеп-интернатқа қалатын шәкірттерін өзі таңдайтын еді.  Бізді солай алып қалды, — дейді Алмагүл Мақсатқызы. Ол — Мақсот Құсайыновтың төл шәкірті, мектеп-интернатқа 3-сыныпта қабылданыпты. Бүгінде Алмагүл Мақсатқызы ұлағатты ұстаздың ізгі ісін жалғастырып жүр. Қазір аталған білім шаңырағының оннан астам түлегі өз мектептерінде жемісті еңбек етуде.

Бұрымды қыз, ақ бантик…

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететіні жазылған. Дарынды балаларға арналған мектепте оқушыларға ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық тәлім-тәрбие беру, ұлттық рухта тәрбиелеуге баса басымдық берілген. Сол себепті де, бұл мектептің ұл-қыздарының бәрі ибалы да инабатты. Қарапайым ғана мысал, аталған мектепте шашы қысқа қиылған қыз бала жоқ.

— Қыз балалар, тіпті жоғары сыныптың оқушылары да үнемі шаштарын қос өрім қылып қояды. Бұрымды қыздар жетерлік. Біздің мектептің қыздары шаштарын қып-қысқа етіп қиып тастамайды. Бәрі де ақ бантик байлап жүреді.

«Анаға тағзым» республикалық слеті аясында қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева біздің мектепке келіп, оқушылармен кездескен болатын. Сонда қонақтар мектепте дарынды балаларды тәрбиелеумен бірге қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінетініне, ұлттық құндылықтарды насихаттауға басымдық берілетініне ризашылықтарын білдірді, — дейді Алмагүл Мақсатқызы.

PS.Мектеп-интернаттың аурасы мұнда білім алып жатқан шәкірттерге ғана емес, ата-аналарға да ерекше қуаныш сыйлайды екен.

— Мұнда келсең, мектепте, интернатта емес өз үйіңде жүргендей жылылықты, жайлылықты сезінесің. Бұның сыры бұл мектепте ұлттық рухани құндылықтардың салтанат құруында болар, — дейді ата-аналар.  Олар білім шаңырағындағы осы берекелі тірлік, үлкен жетістіктердің бәрі де осы мектеп-интернатты басқарған Гүлнара Тәжіғаливаның өлшеусіз еңбегінің жемісі екенін айтады.

 Үздік педагог тәжірибесі

Біз «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Гүлназ Мыңжасарованың сабағына кіріп, білікті мұғалімнің сабақ беру тәсілін көрдік. 6 «ә»-сынып оқушылары жаратылыстану пәнінен «Тыныс алғанда және тыныс шығарғандағы ауа құрамындағы айырмашылықты зерттеу» тақырыбын өтіп жатыр екен. Мақсат — балалардың тыныс алу тақырыбы  бойынша алған теориялық білімдерін практикалық жұмыстар арқылы меңгерту. Сабақ барысында Гүлназ Ізтілеуқызы оқушыларға өкпедегі ауаның көлемін үш түрлі әдіс арқылы анықтауды үйретті. Солардың бірі — spark құрылғысы арқылы спирометрмен анықтау.

— Ауаның көлемі литрмен өлшенеді. Тыныс алу көлемі ер балалар мен қыз балаларда әртүрлі. Оқулықта ер адам мен әйел адамның өкпесіндегі ауа  сыйымдылығы көрсетілген. Оқушыларға қызықты болғаны, оқулықта өздерінің жасындағы балалар қанша ауа жұтатыны жазылмаған. Мұны олар өздері тәжірибе жасап анықтады. Қорытындысында, олар өкпедегі ауа көлемі ер балаларда 1 минутта — 2 литр, қыз балаларда — 1,3 литр екенін білді. Балалар теориядан гөрі тәжірибемен жұмыс істегенде сабақты тез түсінеді, — дейді Гүлназ Мыңжасарова. Балаларға сабақтың ұнағаны олардың белсене қатысқандарынан-ақ көрініп тұрды…

Жаңа курс қалай өткізіледі?

Жаңа оқу жылының ерекшеліктерінің бірі — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарда «Өлкетану» курсы енгізілді. Соған байланысты еліміздің әр өңірінде «Өлкетану» оқулығы әзірленді. Солардың арасында біздің облысқа арналған оқулық ІІ орынды иеленді. «Өлкетану. Ақтөбе облысы» оқулығының екі авторы — осы мектеп-интернаттың педагогтары. Олар: Мейрамгүл Нұрбаева және Күнімайгүл Смадияр. Біз мектеп-интернатқа барғанда жаңа курстың өткізілу барысына да қатысқан едік. Күнімайгүл Смадияр 9-сынып оқушыларына «Туған өлке тарихы — ұрпаққа тағылым» тақырыбында сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар Ақтөбе қаласының тарихы туралы жан-жақты мәлімет алды. Сондай-ақ, Ақтөбеден шыққан әр саладағы тұңғыштар туралы деректерді білді.

— Біздің Ақтөбеде тұңғыштар көп. Мысалы, тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанова, тұңғыш қазақ скрипкашысы Әлім Алмат атанған Ғалымжан Әбдісәламов, алғашқы кинооператор Файзолла Әбдісәламов, тұңғыш биші Нұрсұлу Тапалова, Ыбырай Алтынсарин ашқан тұңғыш мектеп Ырғызда орналасқан. Сабақтың басты мақсаты —  баланың бойына отансүйгіштікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті өлке тарихы арқылы қалыптастыру, — дейді Күнімайгүл Смадияр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*