Басты бет » Жаңалықтар » Қара батыр руының шығу тегі жаңсақ жазылған

Қара батыр руының шығу тегі жаңсақ жазылған

«Алаш»тарихи-зерттеу орталығы шығарған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» Табын» кітабының  ІІ томының екінші кітабының (Алматы, 2006) 176-бетінде: «Құлатай руындағы екінші аталық Кедейқұл. Бұл аталық атауы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы, ХХ ғасыр  басындағы орыс деректерінде Жылқышы бөлімшесіндегі жеке ру ретінде көрсетіледі. ХХ ғасыр басында Кедейқұлға жататын аталықтар Орал уезі Жиренқопа болысының №8 әкімшілік ауылында өмір сүрген.

Шежірелерде Кедейқұлдан — Құлша, Олжабай, Сатыпалды атты үш ата таратылады.

Қазақ шежірешілері Кедейқұлдың  төртінші ұлы ретінде Қара батырды атайды. Біз оның қате екенін Жиембет руына берген сипаттамада айтып өттік», — деп жазылған.

Осы кітаптың 166-бетінде: «Жиембет руы — Жаманкерейдің Амандәулеті  құрамындағы 6 рудың бірі. Шежіре бойынша Жиембет Амандәулеттен туады. Жиембет руының атауы жазба деректерде ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап кездесе бастайды. Жиембет руы өз ішінде Жалтыр және Алдасүгір атты 2 тармаққа бөлінеді. Осы 2 тармақтың таратылуы жөнінде аздаған деректер ХХ ғасыр басындағы Ресейдің ресми статистикалық жинағында ғана айтылады. Осыған назар салсақ, Жиембет руының Жалтыр тармағынан Қара батыр аталығы тарап, ал одан Танысқожа, Бөкенбай (деректе Бұқамбет деп жазылған) және оның басқа да бауырлары тарқатылады», — деп көрсетіледі.

Шындығында, Қара (Қара батыр) ұрпақтары Жиембеттен емес, Кедейғұлдан тараған. Кітап авторлары орысша жазылған деректерді дұрыс деп есептеп, қазақтың ауызша және шежіре деректерін қаралай жоққа шығарады.

Орыс жазбагерлерінің  жергілікті тұрғындардың  өмір салты мен тарихынан  бейхабарлығы, олардың шежірені үстірт жазғандығы мынадай қателіктерден-ақ көрініп тұр:

Кітаптың 176-бетінде Кедейғұл балаларының есімі аталып, Құлжаның аты Құлша деп қате берілген. Сонымен қатар 166-бетте Қара батырдың баласы атақты Бөкенбай батырдың есімі Бұқамбет деп қате жазылғанын кітап авторларының  өздері мойындап, түзету енгізген. Осындай қателікке толы орыстың статистикалық материалдарын архив дерегі деп, тарих сынынан өткен шежіреден жоғары қоюға бола ма?

Осы жерде академик-тарихшы Манаш Қозыбаевтың орыс чиновниктерінің құжаттары тек қана архивтік дерек болғандығын айтып, оны бірден-бір ақиқат негізі деп қарастырудың қателікке ұрындыратынын ескерткенін естен шығармауымыз керек. Архив материалдарын басқа да дерек көздерімен салыстырып, талдау қажет екендігі ақиқат. Табын руының Қара батыр аталығы туралы біз іздеп тапқан шежіре деректері осы жаңсақтықты түзетуге мүмкіндік береді деп сенеміз.

2004 жылы Қызылордада  жарық көрген Тілепберген Әбдіұлының «Кіші жүз – Жетіру Табын аталығының шежіресі» деген кітапта берілген кестеде «Қара (Қарабатыр) 4 ағайынды: Құлжа, Олжабай, Сатыпалды, Қара (Қарабатыр)» деп көрсетілген. (37-бет).

Мақсұт Неталиевтің 2007 жылы Алматы қаласында шыққан «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуінде де «… Кедейғұлдан —  Құлжа, Олжабай,  Сатыбалды, Қарос және Қара (Қарабатыр) тараған» деп жазылады.

Қара батыр — бір ұрпақтың атасы.

Автор «Қарадан (Қарабатыр) – Мұқанбет, Жаубатыр, Жолбатыр, Құлмеден, Қубатыр, Сарықұл, Жәкен, Нұртаза, Қобыланды, Бөкенбай тарайды» деп өте дұрыс, тарихи шындыққа сай дерек келтіріледі. Ақтөбеден 2009 жылы Қалдыбай Құттымұратовтың авторлығымен жарық көрген «Тарақты табын шежіресі» деген кітапта да Қара батырдың Кедейғұлдың баласы екендігі анық жазылған.

Көп жылдар бойы Қобда ауданында басшылық қызмет атқарған, соғыс және еңбек ардагері, қазақ руларының  білгірі, шежіреші Наурызғали Жекеевтің «Ұрпағым мұны білсін деп» (Ақтөбе, 2005) аталатын кітабында да Қараның Кедейғұлдың баласы екендігі тайға таңба басқандай айтылған.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Аманжол Сәлімгерейұлы 2008 жылы Алматы қаласынан шыққан «Кіші жүз – табын төрт арыс Байғазы ұлдарының шежіресі» деп аталатын зерттеу еңбегінде Кедейғұлдың  4 баласының біреуі Қара деп жазылған.

Осы азаматтардың барлығы қателесті деп кім айта алады?

Қараның (Қарабатыр) Табын руының Кедейғұлынан тарайтыны туралы қазіргі Қобда, Ойыл, Алға аудандарының территориясында ХІХ-ХХ ғасырларда қалыптасқан рулық қауымдардың қайтыс болған адамдарының қабірлерінің басындағы құлпытастардағы жазу бұлтартпас дәлел бола алады.

Абат-Байтақ кесенесі, Сауқайың бойындағы Қазақай  ахун жерленген қауым, қазақ халқының батыр қызы Әлияның туып-өскен Әліпбайсай, Бұлақ, Тамды сияқты жерлерде Қара ұрпақтары жерленіп, қазірге дейін сақталған ескі қауымдарда жүздеген құлпытастарда қайтыс болған адамдардың есімі мен тегінен соң «руы Кедейғұл —  Қара (Қарабатыр)» деп тайға таңба басқандай ойып жазылған. Сонда жүздеген адамдардың ата-бабасының айтуларымен құлпытасқа «Табын руының Кедейғұл  аталығының Қара (Қарабатыр) бөлімі» деп ойып жазуын қате жазылған деп кім айта алады? Керісінше, бұл құлпытастағы жазулар Қараның Кедейғұлдан тарайтынының бірден-бір ақиқат шежірелік дерегі деп қабылдауымыз қажет емес пе?

Қысқасы, Қарабатырдың  бірде-бір ұрпағы өздерін Жиембеттен таратпайды, олардың барлығы өз әулеттерін Кедейғұлдың ұрпағы деп есептейді. Осы үрдіс Қарабатыр ұрпақтарының құлпытастағы жазуларында, шежірелерде, Қара батыр әулетінің тарихи санасында  ешбір өзгеріссіз жалғасып келеді.

Кедейғұлдың Құлжа,Олжабай, Сатыпалды және Қарабатыр деген төрт баласының ұрпақтары бүгінгі күні іргесін ажыратпай, ынтымағы жарасып, қасиетті Қобда жерінде берекетті өмір сүруде.

Біз, Кедейғұл – Қара батыр ұрпақтарының бүгінгі күні көзі тірі үлкен ақсақалдары,  кітапта кеткен жаңсақтықты түзетіп, жас ұрпағымызды қателіктен сақтандыру мақсатында ғана осы мәселені көтеруге мәжбүр болдық.

Біздің басқа ешқандай ойымыз жоқ. Ағайынның  бізді дұрыс түсінуін өтінемін.

Мәжит АҚЖІГІТ,

еңбек ардагері, шежіре жинаушы.

5 пікір

  1. Аманқұл Қайыржан

    Ассаламуалейкум! Сіздерге сұрағым бар еді, Батыр руы мен Қара батыр рулары қыз алыса аладыма?

  2. саламатсыздарма Аманқұл ағай қарабатыр мен батырлар қыз алаыса б ереді менің әкем қарабатыр ал анам батырдың қызы

  3. Жиенбет тана руынанба айтыныздаршы алде баска жиенбет барма мен тана.жиенбет руынан едим

  4. Нұрқанат Сисен

    Сəлеметсіздерме ! Менің атым жөнім Сисен Нұрқанат Кəрім ұлы , менің руым Қара батыр дан тараған барамық, барамық осы қара батыр дан тараған барамықпа сонда . Осыны анықтап білгім келеді . Негізі 12 ата бай ұлы , алаша барамық қара батыр деп еститінбіз . Сіздерден жауап және ақпарат күтуіме болама рахмет

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*