Басты бет » Басты жаңалықтар » Сәуір: игі істерге ұмтылыс

Сәуір: игі істерге ұмтылыс

Сәуір айы еліміздің өміріндегі саяси жаңалықтардың жұртшылық назарында болуымен ерекшеленді. Осы айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы маусым айының тоғызыншы жұлдызында елімізде Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.

Сонымен, үлкен дода басталып та кетті. Партиялар өз үміткерлерін алға шығаруда.

Облыста да өзге де өркенді өзгерістер, жақсы жаңалықтар өмірге келуде.

Nur Otan партиясын қолдауда

Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп сенетіндігін, оның әр іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері, халықаралық аренада беделі бар тұлға екенін атап көрсетті.

Аталған съезге Ақтөбе облысынан облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин бастаған 30 делегат қатысты.

Ақтөбеліктер де осы съезд шешімін, яғни  Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдауда. Ірі кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында өткізілген жиналыстарда еңбек адамдары өз пікірлерін білдіріп, бұрыннан қалыптасқан сабақтастықтың сақталуын мақұлдауда.

Инвестициялық ахуал өзгерістері

Экономикаға инвестициялар тарту және жаңа технологиялар енгізуде Ақтөбе облысы алдыңғы қатардан көрінуде.

Мәселен, биылғы қаңтар-ақпан айларында ғана облыстың негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда 31,4 пайызға артқан. Бұл 46,5 миллиард теңге мөлшерін құрап отыр.

Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, әлеуетті инвесторлармен байланыс орнату тұрғысында болашағы мол жобалар қолға алынуда.

Қазіргі уақытта облыста 843 шетелдік компания тіркелген, трансұлттық  компаниялар қатары да молая түсуде.

Ақтөбе агломерациясының жоғары әлеуеті ауқымында жалпы құны 700 миллиард теңге болатын 40-тан астам жоба жүзеге асырылмақшы. Соның нәтижесінде 5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Тағы бір жылыжай

Ақтөбеде  жоғары технологиямен — бесінші буынды ультраклиматтық жүйемен жабдықталған «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжайы іске қосылды. Бұл — Қазақстан мен Венгрияның бірлескен инвестициялар қорының Нидерландыдан қаржы тартуы нәтижесінде жүзеге асырған кешен.

2021 жылға дейін жылыжай кешенінің жоспарланған алаңы 21,7 гектарға жетіп, жылына 14 мың тонна өнім шығармақшы.

Бұл Нидерландының Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүзеге асырылып отырған алғашқы жобасы.

Жаңа жылыжай — венгриялық «Эксимбанк» пен қазақстандық «ҚазАгроХолдинг» компанияларының бірлескен қоры арқылы жүзеге асырылған жоба. Жүзеге асыру 2018-2021 жылдарға арналған жоба құны — 20,4 миллиард теңге.

Жылыжай кешені толық қуатында жұмыс істегенде 260-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Цифрлық технология бағытымен 

Мемлекеттік бағдарлама аясында цифрлық технологияларды қолдану арқылы оқыту процесін жетілдіріле түсуде.

Білікті мамандарды даярлау үшін IT орталықтар және «1000 тегін ІТ класс» партиялық жобасы жастардың сандық сауаттылығын арттыруға зор мүмкіндік туғызып отыр.

Nur Otan партиясы облыстық филиалының жобасын іске асыру мақсатында бұған дейін облыс мектептерінде 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, web-сайт құру бағдарламалары бойынша білім беретін 25 ІТ класс ашылды.

Алдағы уақытта бұған қосымша 23 ІТ класс ашылады. Келер жылы 25 ІТ класс ашылады деп жоспарлануда.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласындағы №72 орта мектеп ІТ мектеп-лицейі болып өзгерді. Бүгінде мұнда 900-ге жуық оқушы модельдеу және бағдарлау негіздеріне үйреніп, жаңа үлгідегі компьютерлерде ақпараттық технология саласын меңгеруде.

Едіге батыр — елдіктің символы

Ақтөбеде «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференция өтті.

Бұл шараға ТМД аймағындағы түркі тектес мемлекеттердің делегациялары, соның ішінде Татарстан, Башкұртстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия секілді елдерден ғалымдар, зерттеушілер, әдебиетшілер қатысты.

Конференцияда «Едіге батыр» эпосының ұлттық фольклордағы рөлі, ұлттың рухани дамуындағы, жалпы түркі руханиятында алар орны, жырдың түрлі нұсқаларындағы лингвистикалық ерекшеліктер, қаһармандық бейне мен көркемдік нақыштар әңгіме өзегіне айналды.

Ғылыми конференцияға қатысқан ғалымдар Алтын Орда дәуіріндегі ата-баба қалдырған асыл аманат, бүкіл түркі халықтарына ортақ мұра — «Едіге батыр» эпосының ұлттық рухани жаңғырудағы рөлін жоғары бағалады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*