Басты бет » Жаңалықтар » «Зерде» цифрлық деңгейімізді анықтап берді

«Зерде» цифрлық деңгейімізді анықтап берді

«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі Басқарма  төрағасының орынбасары Алексей Анисимов Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинді   өңірге цифрландыруды енгізудің нәтижелері және  қазіргі жағдайдың  қорытындысымен  таныстырды.

Облыс басшысының тапсырмасымен ақпараттық технологияның бүгінгі ахуалын егжей-тегжейлі зерттеу үшін «Зерде» холдингі тарапынан арнаулы топ құрылып, ол 3 сәуірден бастап жұмыс істеген болатын. Сарапшылар ақпараттық жүйеге, АКТ-инфрақұрылымына, мемлекеттік қызметке, «smart city» жобасына, қалалық  «109» және  «112» шұғыл назар аудару қызметіне талдау жасады.

— Нақты ақпарат берулеріңізді сұраймын. Біз қазір қандай  жағдайда, қай деңгейде екендігімізді анықтап алмай, не  ақпараттандыру процесін, не «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысын жеделдету үшін тиімді шараларды жасай алмаймыз. Бізде мемлекеттік қызметті автоматтандырып, электронды форматқа көшуге  қатысты біршама мәселе бар. Соның салдарынан,  осы қызметтерді пайдаланатын тұрғындар тарапынан арыз-шағым көп, — деді Оңдасын Оразалин кіріспе сөзінде.

Алексей Анисимовтың айтуынша, жұмыс тобы облыстық және қалалық әкімдіктердің 17 басқармасындағы цифрландырудың бүгінгі деңгейін зерттеп, жол және қоғамдық қауіпсіздік мониторингі, геопортал жұмысы, мәліметтерді өңдеу орталығы   және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының  цифрлық жүйесімен танысқан.

— 200 мемлекеттік қызмет көрсету түрінің тәртібімен таныстық, цифрландыру нысандарын араладық, ақпараттық жүйелердің,  байланыс желілерінің инфрақұрылымын қарадық.  Бүгінгі ахуал мынаны көрсетіп тұр: мемлекеттік қызметтің тек 16 пайызы ғана автоматтандырылған, 39-ы жартылай автоматтандырылған, 45-і автоматтандырылмаған. Автоматтандыру бәрін ашық көрсетіп,  сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі, — дейді А. Анисимов.

Оның айтуынша, басқа да кемшіліктер анықталып отыр. Мысалы, жергілікті атқару органдарының  екеуінде  ақпараттық жүйе  мүлде істемейді, үшеуінде ол көнерген.

Денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық тасымал, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «109», «112» қызметтерінің тиімділігін арттыру, шалғай елді мекендердің интернет пен ұялы байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдарда интернет пен телефон шығындарын төмендету, тағы басқа мәселелер сөз болды.

«Зерде» холдингі мамандары зерттеу қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жойып, экономиканың барлық секторына цифрландыруды белсенді түрде енгізу үшін бірқатар ұсыныстар  әзірлепті.

Облыс әкімі сарапшылардың ұсыныстары негізінде іс-әрекет жоспарын жасауды ұсынды. Онда қай істің  қай кезде жүзеге асырылатыны, оған кімнің жауапты екені нақты көрсетілуі тиіс.

— Сіздер жасаған сараптама біздің облыс үшін үлкен көмек болды. Жүйелі, кешенді түрде жүзеге асырылуға тиіс көптеген мәселе анықталды. Біз  оны барынша тез уақытта шешуіміз керек. Сонда облыс тұрғындары атқарылған істің оң нәтижесін сезінетін болады, — деді жиынды түйіндеген Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*