Басты бет » Жаңалықтар » Мұқтаж отбасыларға 200 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары беріледі

Мұқтаж отбасыларға 200 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары беріледі

Брифинг

Өңірлік коммуникациялық қызметінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттары туралы брифинг өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 пайыздық ипотека беру мәселесін қарастыруды тапсырғаны мәлім. Бұл несие көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға беріледі. «Бақытты отбасы» аталатын бағдарлама тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылмақ.

— «Бақытты отбасы» «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде жұмыс істейді. Ол мамыр айында іске қосылады. Аталған бағдарламаға аз қамтылған көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі және кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатысады. Олардың атында үй тіркелмеген болуы шарт және үміткерлер жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұруы керек.  Бастапқы жарна пәтер құнының 10 пайызына тең болуы керек. Несие 2 пайызбен 20 жылға беріледі. Ақтөбеде бағасы 10 млн теңгеге дейінгі үйлерді алуға болады. Басты шарт — отбасы аз қамтылған болуы тиіс, яғни айлық жалақысы бір адамға шаққанда ең төменгі айлық көрсеткіштен аз болуы тиіс, яғни бір адамға есептегенде 42500 теңгеден артық болмауы керек.  Мәселен, отбасында 5 адам болса, ол үйдің айлық табысы 212500 теңгеден аспауы тиіс. Енді есептеп көрейік: отбасы 10 млн теңгенің пәтерін алғысы келді делік. Ол бастапқы 8 жылда алдын ала заем бойынша ай сайын 52600 теңге несие төлейді, кейін 36 мың теңгеден төлейді. Бұл — өте тиімді бағдарлама. Үміткерлер   жергілікті әкімдіктер арқылы несиелік тұрғын үйлерді, бірінші және екінші нарықтағы дайын үйлерді, мемлекеттік бағдарлама бойынша жеке тұрғын үйлерді ала алады, — деді Л.Ибрагимова.

Бағдарламаға қатысу үшін мұқтаж отбасылар жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үй сертификаттарын пайдалануына болады.

— Биыл осындай азаматтарға тұрғын үй сертификаттарын беру үшін 200 миллион теңге қарастырылып отыр. Ол кемінде 250 отбасына беріледі. Бүгінде облыста 13 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Оның 9 мыңнан астамында меншік құқында пәтер тіркелмеген, — деді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.

Ал жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған  28 мыңнан астам адамның

1701-і отбасында мүгедек бала бағып отырған, 1752-сі көпбалалы және 7159 адам толық емес отбасы санаты бойынша тіркелген.

—  Биыл Ақтөбе қаласында жеңілдетілген бағыт бойынша кемінде 600 жағдайы төмен отбасы баспаналы болады. Ал тағы 600 пәтерге әскери қызметкерлер, әкімдік кезегінде тұрғандар, балалар үйінің түлектері мен жас мамандар қоныс аудармақ. Олардың бәріне мемлекет пен банк «Нұрлы жер» мен «Өз үйім» бағдарламалары аясында қолдау көрсетеді, —  деді Ләззат Ибрагимова.

Жалпы, қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» Ақтөбе облысының 100 мыңға жуық тұрғыны депозит ашқан. Аймақтағы банктің депозиттік портфелінің жалпы жинақтау сомасы — 49,2 млрд теңге. Л.Ибрагимованың айтуынша, аталған банк арқылы жүргізілетін бағдарламалар аясында биыл облыста шамамен 3 000 адам баспаналы болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*