Басты бет » Жаңалықтар » 1 мамырда «Әскери баспана» бағдарламасы басталады

1 мамырда «Әскери баспана» бағдарламасы басталады

 «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы)  еліміздегі әскери салада еңбек етіп жатқан тұрғындарға баспаналы болудың тиімді жолын ұсынып отыр. Мамыр айынан бастап аталған банк «Әскери баспана» бағдарламасын бастайды. Бұл туралы акционерлік қоғамның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімде өткен әскери қызметшілермен кездесуінде айтты.

Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Жеделбек Мұрзағалиев, 6655-әскери бөлімінің командирі Мирас Тұрдалин, әскери қызметшілер қатысты.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Әскери баспана»  бағдарламасы мамыр айында жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарлама бойынша баспаналы болуға ниеттенген үміткерлер аталған банктің салымшысы болуы тиіс және депозитінде тұрғын үй құнының 15 пайызына тең қаражаты болуы керек.

— «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» былтыр «Әскери баспана» бағдарламасын қолға алған болатын. Биыл бұл бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Яғни, ендігі жерде әскерилер тек бастапқы нарықтағы ғана емес, екінші нарықтағы үйлерден де пәтер ала алады. Бұл жағдайда  — бастапқы жарна тұрғын үй құнының 15 пайызына тең болуы тиіс. Несие жылдық 8 пайызбен беріледі. Бұған қоса несие рәсімдеген кезде жөндеу жұмыстарына қосымша қаражат алуға болады. «Әскери баспана» бағдарламасының биылғы тағы бір ерекшелігі — үміткерлер тізімі бұрынғыдай балдық жүйе бойынша жасалмайды, конкурс болмайды. Яғни, әрбір әскери қызметші  банк филиалына барып, өздері таңдаған пәтерге несие рәсімдей алады. Төртінші өзгеріс — баспана алу кезінде әскерилерге мемлекет тарапынан ай сайын төленетін тұрғын үй төлемдерінің көлемі есептелмейді. Бұрын несие осы төлемге байланысты берілген болатын. Сондай-ақ, бұл бағдарламаға үйі бар-жоғына қарамастан тұрғын үй төлемін алып отырған барлық әскерилер қатыса алады. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша 1720 адам тұрғын үй төлемін алып отыр, — деді Л.Ибрагимова.

Жиында Л.Ибрагимова Ақтөбе облысының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында тұрғындарды баспанамен қамту саясатының өте жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Мұқтаж отбасыларға тұрғын үй сертификаттарын беру, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңір республика бойынша алдыңғы қатарда.

— Ақтөбелік әскерилер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынатын бағдарламалар аясында баспаналы болып жатыр. Мәселен, осы кезге дейін  «Әскери баспана»,  «Нұрлы жер», жалдамалы пәтер алу, басқа да бағдарламалар бойынша барлығы 178 әскерилер отбасы пәтерлі болды. Ақтөбе облысы — «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша республикада алдыңғы қатарда. Жергілікті әкімдік мұқтаж азаматтарға баспаналы болу үшін тұрғын үй сертификаттарын беруді жолға қойды. Бұл  — өте жақсы тәжірибе. Қазіргі кезде Мәжілісте осындай тұрғын үй сертификаттарын қайтарымсыз негізде беру мәселесі талқыланып жатыр, — деді Л.Ибрагимова.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, биыл тұрғын үй сертификаттарын беру тәжірибесі одан әрі жалғасады.

Шара барысында әскерилер тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкіліне сұрақтар қойып, аталған банк ұсынған басқа да бағдарламаларға қатысудың мүмкіндіктері туралы ақпараттар алды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*