Басты бет » Жаңалықтар » Әлеуметтік желіні қалай пайдаланып жүрміз?

Әлеуметтік желіні қалай пайдаланып жүрміз?

Бүгінгі сөз

Қазір әлемдегі тіршіліктің тынысын әлеуметтік желі арқылы біліп отырмыз. Қоғамдағы кез келген мәселе де шынайы өмірге қарағанда желіде  көп талқыланады. Әлеуметтік желі — әр адамның жеке құралы. Кім қалай пайдаланады оның өз еркі.

Жалпы желідегілерді бірнеше топқа бөлер едім. Бірінші — тұшымды ой айтып, өзекті мәселе көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыра алатын көзі ашық жандар. Ел ішіндегі кейбір өзекті проблемалар осындай адамдардың жазбасынан кейін шешіліп жатады. Екінші — ұсақ-түйекті жазып, өз парақшасында өзгелердің жеке өмірі туралы әңгіме қозғап, жан-жағына тиісіп отыратындар. Бұндай адамдардың көпшілігі өзіне көңіл аудартқысы келеді.  Әлеуметтік желіден өзге қызығы аз жандарды да  осы топқа жатқызуға болады.  Үшінші — фейк аккаунттың ар жағына жасырынып топ ашып, өзгелердің ар-намысына тиетін жазба қалдырып, руға, жүзге бөлінетіндер.

Әлеуметтік желі — қару. Ол қаруды кім қалай қолданады, мәселе — сонда. Қоғамға ой салатын дүниелер  жазатындар да, болмашыға байбалам салып,   күллі Қазақстанды «аяғынан тік тұрғызатындар» да бар.

Біреуді ықтыру үшін бірі бастап, екіншісі қостап, қоғамдық пікір туғызуға тырысатын  топтарды да көріп жүрміз. «Маған ұнамаған дүние дұрыс емес…» дегенге өзі сеніп, өзгені де иландыруға  ұмтылатындар да жоқ емес.

Айтпақшы,  сыпайы сөйлеп, іші-бауырыңа кіріп жүріп, тақырға отырғызып кететіндер де осында жүр. Әне бір жылы әлеуметтік желі бетінде  жұрттың бәріне сүйкімді бір сұлудың күллі бір өңірді зар қақсатқан алаяқ екенін білгенде жағасын ұстағандар көп болды…
Бір қызығы, бұнда көп адам  ұсынылған  ақпараттың ақиқаты мен жалғандығына көз жеткізіп жатпайды. «Өрт» материал түссе болды, сойылын алып жүгіретіндер көп. Кейін оған қарсы мықты уәж айтылса, оны да қостай жөнеледі…

…Қазір атқарушы билік өкілдері жаппай әлеуметтік желіге тіркелді.  Бұл — құптарлық іс. Бұған дейін жасырынып отырған немесе желіден жырақ жүрген басшылар  қоғаммен араласа бастады. Жұртшылықтың жанайқайына құлақ түріп, әлеуметтік ахуалын тани түсті. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылуда. Осы ретте  желіде құр сөзге жол бермей,  ел ішіндегі өзекті  мәселелерді бірігіп шешуге ұмтылсақ, кәнеки?!  Әлеуметтік желі сауатты пікір алмасу, салмақты ой, орынды сын айтылатын алаңға айналса дейміз…

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*