Басты бет » Жаңалықтар » Жұмыс берушілер қызметкерлеріне пәтер алуға көмектеседі

Жұмыс берушілер қызметкерлеріне пәтер алуға көмектеседі

Ақтөбе қалалық әкімдігінде қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен жиында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жүзеге асыратын жаңа «Корпоративті» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы айтылды. Шараға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, өңірдегі ірі кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының басшылары қатысты.

Шара барысында тұрғын үй сатып алудың жаңа механизмдері — «Бақытты отбасы», «Әскери баспана» бағдарламалары туралы мағлұмат берген Л.Ибрагимова өңірдегі кәсіпорын басшыларына өз қызметкерлеріне, соның ішінде мұқтаж әріптестеріне тұрғын үй алу үшін бастапқы жарна жинауға көмектесуін сұрады.

— «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» еліміздегі ірі кәсіпорындарға, жұмыс берушілерге арналған «Корпоративті» деп аталатын жаңа бағдарлама жасады. Ол қалай жұмыс істейді? Түсініктірек айтсақ, ірі кәсіпорындар өз қызметкерлеріне қолжетімді тұрғын үй алуға көмектеседі. Ол үшін заңды тұлғалар біздің банкпен келісімшартқа отырады. Осы келісім негізінде кәсіпорын банкке кепілдік ретінде ақша салады. Банк өз тарапынан аталған кәсіпорын қызметкерлеріне төмен пайызбен несие береді. Қызметкер тұрғын үй құнының 50 пайызын жинаған кезде компанияның банкке кепілдік ретінде салған ақшасы қайтарылады. Мерзім кәсіпорын мен банк арасындағы келісімшартта нақтыланады. Бұл кәсіпорындарға өз қызметкерлерінің баспаналы болуына үлкен қолдау болар еді, — деді Л.Ибрагимова.

Бұл бағдарламаға жеке компаниялар, кәсіпорындар, мемлекеттік және коммуналдық ұйымдар қатыса алады. Аталған бағдарлама бойынша кәсіпорын қызметкерлеріне бастапқы жарна 0 пайыздан басталады, несие 5 пайызбен беріледі.

Қала әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, қаладағы ірі кәсіпорындар жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға аталған банктен шот ашып, бастапқы жарна салуға, осылайша мұқтаж балалардың баспаналы болуына барынша қолдау көрсетіп келеді.

—  Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы осы мақсатта 13 миллион теңге қаражат берді, бұл қаржы 44 балаға бөлініп берілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қаладағы барлық құрылыс компанияларымен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» филиалымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз, — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Жиын соңында І.Испанов қаладағы кәсіпорын басшыларын осы бағыттағы жұмысты күшейтуге және кәсіпорын басшыларына өз қызметкерлеріне,  мұқтаж азаматтарға баспана алуға қолдау көрсетуге шақырды және жауапты мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдау барысында кәсіпкерлерге барынша көмек көрсету бойынша тапсырмалар берді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*