Басты бет » Спорт » Жазғы универсиада ойындары басталды

Жазғы универсиада ойындары басталды

Жастар жылы аясында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жанындағы «Жастар арена» спорт кешенінде Х жазғы республикалық универсиаданың белбеу күресі бойынша салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жарысқа еліміздің 15 жоғары оқу орнынан келген 130-ға жуық спортшы 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

Шараның ашылу салтанатына спортшылармен қатар университет ұжымдары, облыстық білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының қызметкерлері және Ақтөбе қаласындағы спорт мектептерінің басшылары қатысты.

Дамир Қазиев аталған университеттің 2-курс студенті, белбеу күресінен облыс чемпионы. Жалпы медицина мамандығында білім алатын болашақ дәрігер 12 жасынан бастап спорттың белбеу күресімен айналысады.

— Бүгінгі жарыста еліміздің барлық жоғары оқу орындарынан ең мықтылар жиналған. Мақсатым — осы жарыстан жеңімпаз атанып, бүкіләлемдік универсиадаға жолдама алу, — дейді ол.

Айта кетейік, жазғы универсиада спорттың 18 түрі бойынша өтуде. Оған еліміздегі жоғары оқу орындарының 9 мыңнан астам студенті қатысады.

Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның студенттік құрамасы жасақталып, Италияда өтетін бүкіләлемдік универсиадада ел намысын қорғайды.

Жарыс Ақтөбеде 15 мамырға дейін спорттың волейбол, баскетбол, гандбол, қазақ күресі және белбеу күресі түрлері бойынша жалғасады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*