Басты бет » Ауыл » Ахметтің қаздары (Видео)

Ахметтің қаздары (Видео)

Кәсіп

Алға ауданының Бестамақ ауылында тұратын Ахмет Аймұхамбетов былтыр мыңның үстінде қаз өсіріп, пайдаға қарық болды. Ал биыл ол он мың қаз өсіруді жоспарлап отыр.

 Башқұртстаннан  бестамаққа жеткізілген жұмыртқа

Соңғы кездері елімізде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуға елеулі көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, құс шаруашылығымен айналысушылар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Жалпы, құс шаруашылығы — мал шаруашылығының  ең тез жетілетін әрі  тиімді бір саласы. Алғалық Ахмет Аймұхамбетов былтырдан бастап  шаруашылықтың осы түрімен айналысуға кіріскен. Бір қызығы, кәсіп бастарда Ахметтің қолында ауқымды қаражаты да болмады. Көлік жүргізуге құқығы болғанмен, арнайы мамандығы да жоқ азаматтың бұған дейін банктегі берешегіне байланысты несие тарихына қарап, оған көп мөлшерде қарыз ақша алудың да мүмкіндігі жоқ еді. Сол себепті мемлекеттік бағдарламаларға да қатыса алмаған Ахмет аяқ астынан қалай кәсіпкер болып шыға келгенін былайша түсіндірді:

Қаз өсіріп, құс шаруашылығын ашу бұрыннан ойымда жүрген іс еді. «Аймұхамбетов» жеке кәсіпкерлігін ашып, мемлекеттен азын-аулақ көлемде жер алып, шаруашылық базасын біртіндеп қалыптастырғаным болмаса, бұл істі  әрі қарай жетілдіруде менде ешқандай мүмкіндік болмады. Белгілі кәсіпкер Гайк Тертерян Бестамақ ауылында өз бизнесін жүргізу үшін бір кездері құрылыс бастаған еді. Сол кездегі таныстығым кейін менің өз бизнесімді ашуыма ықпалын тигізді. Былтыр осы кісінің ықпалымен Башқұртстан Республикасынан қаздың жұмыртқасын алып, оны инкубаторлық аппаратта балапан етіп шығаруға мүмкіндік туды. Сол сияқты  қаздарыма арнайы дайындалған жем жеткізуде де ол кісінің көмегі көп болды, — дейді Ахмет.

Ахмет өзі туып-өскен ауылы — Бестамақтың шетінен берілген азын-аулақ жерді бес жылға жалға алыпты. Бұл — құс өсіруге өте ыңғайлы жер, жақын маңда су да бар.

Былтыр 30 мамырда Башқұртстаннан қаздың 1620 дана жұмыртқасын алып келіп, инкубаторға салдық. Содан 28 маусым күні инкубатордан бірінші балапандар шыға бастады. Барлық жұмыртқадан 1282 балапан шықты. Шілдеде балапандарды шаруашылық басына алып келіп, жүз-жүзден арнайы қоршауда өсірдім. Ол үшін қаз қораның ішіне арнайы дезинфекция жұмыстарын жүргіздім, қабырғаларын әктеп, жерін күйдірдім. Балапандарға жем мен суды, дәруменді уақтылы  беріп отырдым. Бұл істе маған жеті жастағы ұлым көмектесті. Жетпіс күннен соң  балапан қаздарымды суға жібердім. Бұл кезде құстарымның  қанаттары  қатайды, яғни сыртқы күштерден өздерін қорғайтындай шамада болды. Себебі, су астындағы түрлі кеміргіштер, әсіресе ондатрлардың қаздарыма бірнеше рет  шабуыл жасағанын көргенім бар.  Мұндай кезде олар да беріспейді. Себебі, мен негізінен етті әрі тұқымы ірі қаздарды өсірдім ғой, — дейді Ахмет.

Холмогор — етті тұқымды қаз

Әрине, бұрын-соңды мұндай жұмыспен айналысып көрмеген Ахметтің былтыр қаз өсіруде жіберген кемшіліктері де болыпты. Сондай салғырттықтан отызға тарта балапан қазды өлтіріп алған.

Ахмет Башқұртстаннан 4 түрлі қаз тұқымының жұмыртқасына тапсырыс берген. Олар —холмогор,  уральский, сұрғылт-ақ түсті линда және тамбов түрлері. Ахметтің айтуынша, холмогор тұқымды қаздың түсі қара, салмағы жоғары болады. Тұқымы да ірі, етті келетін қаз жұмыртқасының бір данасын ол 130 рубльден сатып алған. Өскенде сұрғылт-ақ түсті болатын қаздың линда түрінің бір дана жұмыртқасы Башқұртстанның «Племзауытында» былтыр 90 рубль тұрса, тамбов тұқымды жұмыртқаның бір түйірі 95 рубльге бағаланған.

Балапан шығаратын инкубатор құрылғысы Ресейде де, Алматы қаласында да бар. Бағасы — 330 мың теңге. Инкубатор аппаратына салынған жұмыртқадан балапан  отыз күнде жетіледі. Болашақта осындай аппарат сатып алу ойымда бар. Былтыр бұл істің бәрі арнайы келісім бойынша жүргізілді, — дейді кәсіпкер жігіт.

Оның айтуынша, Ресейдің «Племзауытына» ТМД-ның барлық елінен тапсырыс түседі. Әсіресе, холмогор тұқымды қаз жұмыртқасына сұраныс зор.

Бұл қайдан шыққан қаз тұқымы? Холмогор қазының пайда болу тарихы да қызық. ХІХ ғасырда Ресейдің орталық қара топырақты аймағының жергілікті қазын қытай қазымен будандастыру арқылы шығарылған тұқым екен. Қаздың бұл түрі ірі кеуделі, арқасы жалпақ әрі тегіс келеді. Мойыны, тұрқы ұзын, басы үлкен, тұмсығы мен аяғының түсі сарғыш қызыл болатын холмогор тұқымды қаздар тез жетіліп, тез семіреді. Еркегінің өзі 8-9, ал мекиені

6-7 келіге дейін тартады. Бір қызығы, холмогор қазын басқа қаздармен будандастыру арқылы етті тұқымдар алынатын көрінеді. Холмогор қазы негізінен Ресейдің Воронеж, Курск және оларға көршілес облыстарында көп өсіріледі.

120 қазға сатылған көлік

Басқа құстарға қарағанда, қаздың балапаны өте нәзік болады. Оларға қатты күтім қажет. Егер шалқалап жатып қалса, болмаса төсіне су тисе, ауырып қалады. Сол үшін салқыннан қорғау керек. Балапан қазға жылы орын керек. Балапан кезінде құстардың астына ағаш ұнтағын төседім. Оларды кішкентайынан дауыстап шақыруға үйреттім. Өсе келе мені көрсе, барлығы қасыма қаңқылдап жүгіріп келетін болды, — дейді ол.

Жаз бойы, жылы күзде қатты күтіммен өсірілген қаздарды сататын уақытта Ахмет еш қиналған жоқ. Себебі, қазға сұраныс жоғары болды. Тіпті құс етіне жан-жақтан тапсырыс көп түскен. «Қысқа 200 қаз алып қалғаным болмаса, қалғандарын 25 қарашадан бастап союға кірістік. Сөйтіп, аудан атынан Ақтөбе қаласында, аудан орталығында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне шығардым. Ең бастысы — Ақтөбе қаласындағы «Әлия» жабық базарынан орын алып, өнімнің денін сол жерде өткіздік. Базар талабы бойынша, қаз етінің келісі  2500 теңгеден саудаланды. Қаздарымның ең ірісі 6 келіге дейін, ал ең кішісінің салмағы  3,5 келі тартты. Етті тұқымды бір қаздан 11 мың теңге көлемінде таза пайда көрдім», — дейді Ахмет.

Қазір Қарағанды облысында ағайынды екі жігіт құс шаруашылығымен, оның ішінде қаз өсірумен айналысады. Олардың иелігінде 50 мыңға дейін қаз бар. Ахмет қарағандылық қаз өсіретін әлгі жігіттермен тығыз байланыста екен.

Басында олар да кәсіпті мен секілді мың қаз өсіруден бастапты. Қазір ағайынды жігіттердің  иелігінде құс фабрикасы бар. Жан-жақтан тапсырыс қабылдайды. Қаздарым өсіп, сататын уақытта арнайы бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жарнамалаған едім. Сол жарнама арқылы әлгі жігіттер менімен байланысқа шығып, қаз етін өздеріне өткізуімді өтінді. Себебі, олар бүгінде Австралиямен келісімшартқа отырған. Алайда маған былтыр қаз етін өткізуде ешқандай кедергі де, қиындық та болған жоқ. Сондай әлеуметтік желідегі жарнамамды көріп, Атырау, Ақтау қалаларынан да тапсырыс түсіп жатты. Бір қызығы, атыраулық жігіттердің 120 қазға көлік айырбастап кеткендері де бар. Қазір сол көлікті шаруама жаратып жүрмін, — деп күледі Ахмет.

Инкубаторға 10 мың жұмыртқа саламын

Жақында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Алға ауданына жасаған іссапарында Бестамақ ауылында болып, Ахметтің осы кәсібімен жақын танысыпты. Оның былтырғы еткен еңбегін бейнежазбадан көрген облыс басшысы жас жігіттің бұл кәсібіне риза болғаны соншалық — өзге аудандарға жасаған сапарларында Ахметтің шаруасын өзгелерге  үлгі етіп жүргенін екі-үш рет өз құлағымызбен естігеніміз де бар. Жас кәсіпкер облыс басшысына өз жоспарлары жайында да айтыпты. Биыл ол Башқұртстанға 10 мың дана қаз жұмыртқасына тапсырыс беруге бекініп отыр.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауылымызға келіп, жергілікті тұрғындармен кездескенде, менімен де тілдесті. Болашақ жоспарларымды сұрап, кәсібімді кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламаларға, ірі жобаларға қатысуыма кеңес берді. Енді биыл  Гайк Тертерянның ықпалымен «Кәсіпкерлік» бағдарламасы арқылы 20 миллион теңге көлемінде несие алып, сол қаражатқа 10 мың қаз өсіруді ойластырып отырмын. Мақсатым — бес мың қазды өсіріп, инкубатордан шыққан қалған балапандарды сату. Себебі, қаз балапанына тапсырыс берушілер көп. Қазір базарда қаздың балапандары қымбат. Холмогор түрінің әрбірі 2500 теңгеге саудаланады. Ал линда түрінің бір данасы 1200 теңгеге, тамбовтар 2000 теңгеден түспейді. Жалпы түріне байланысты қаз балапандарының бағасы да әртүрлі болады,  — дейді Ахмет.

Оның айтуынша, егер қаз жайылыста болса, проблема аз болады. Жемнен көп шығын болмайды. Шөбі шүйгін жерде жайылған қазға  бір мезгіл жем берсе де болады.

Биыл Ахмет құс шаруашылығын осылайша дамытқысы келеді. Алайда бес мың қазды ауылға жақын маңда бағу мүмкін емес. Сондықтан аудан басшылығы кәсіпкердің ісін кеңейту үшін өзге аймақтан жер қарастыру мәселесін оңтайлы шешуге ықпал ететінін айтқан.

Чиктоник — дәрі әрі дәрумен

Жалпы құс өсірушілер құстардың арасында өршитін індеттің алдын алу үшін түрлі дәрумендер беріп, дәрілік заттарды пайдаланып жатады. Былтыр Ахмет 3-4 қаздың шалқалап құлап, ауырсынғанын сезіпті. Интернет мәліметтерінен құста кездесетін осындай індетті жоюда «Чиктоник» дәруменінің пайдасы зор екенін білген. Абырой болғанда, мұндай дәруменді Ақтөбеден ол оңай тапқан. Белгіленген мөлшеріне қарай суға қосып беретін дәруменнің құрамында биологиялық белсенді заттар, аминқышқылдары басым. Бұл құс денесіндегі жетіспеушілікті өтеуге көмектеседі.

P.S. Қазір Бестамақтың басында дәл Ахмет секілді мың-мыңдап қаз өсірмесе де, бір отбасын асыруға жететін дәрежеде құсы бар отбасылары көп. Алайда жергілікті халық жақында ауылға келген аудан әкімі Нағымжан Алдияровқа Ахметтің бұл ісіне, яғни биыл қаз санын он мыңға дейін жеткізетінін естіп, наразылықтарын білдіріпті. Жергілікті халықтың ашуланатын да реті бар. Ахметтің қаздары ауылға жақын маңда жайылатын болғасын, кейде иесін іздеп, Бестамаққа бас сұғатын кездері де жиі орын алған. Мұндайда холмогор қаздар түсінсін бе, бүтін бір көшенің бойымен майпаң басып, көлік қозғалысына кедергі жасайтын көрінеді.  

Аудан әкімі халыққа кәсіпкердің құс шаруашылығын былтырғыдай ауылға жақын маңнан емес, өзге аймақта жүргізуі үшін жер қарастыру мәселесін оңтайлы шешуге ықпал ететінін айтып, сендірген.  

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*