Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс басшысы жалақыны көтеруді тапсырды

Облыс басшысы жалақыны көтеруді тапсырды

Ақтөбе қаласынан 85 шақырым жердегі  Хромтау ауданы Ақжар елді мекенінің жанында орналасқан «Ақжар май экстракциялау зауытының» жұмысымен танысқан облыс әкімі  Оңдасын Оразалин ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге  тапсырма берді.

Бұл жерде күнбағыс майы және жемдік шрот өндіретін серіктестік 2018 жылдан бері  жұмыс істеп келеді.  Серіктестіктің  өздері егіп, жинайтын  күнбағыс пен майлы дақылдарды сақтайтын элеваторы, қоймасы  және май зауыты бар. Серіктестік басшысы Мұрат Селенов 17,4 мың тонна  тазартылған май және 20,5 мың тонна шрот өндіретін зауыт жұмысымен таныстырды. Бүгінде осы серіктестікте  80-нен астам адам еңбек етеді. Облыс әкімі жұмысшылардан айлық көлемін сұрады. Орташа еңбекақы

70 мың теңге екенін білген соң Оңдасын Оразалин жұмысшылардың жалақысын өсіруді тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында  облыс әкімі Ақтөбе қаласының  маңайында  орналасқан  «Гринхаус Қазақстан» ЖШС, «Изет Грен Хаус» ЖШС, «Ақтөбе жылыжай» ЖШС жылыжай кешендерін аралады.  Қазіргі таңда қызанақ, қияр егумен айналысатын жылыжайлар өз өнімдерін ішкі  нарыққа және  Ресей Федерациясының Орынбор облысына тасымалдайды.

— Өзімізден шығатын өнім ең алдымен ішкі нарықты  қамтуы қажет. Халық көп тұтынатын негізгі азық-түлік  бағасы  шарықтамауы қажет, — деген  облыс басшысы өнімнің сапалы әрі бағасы төмен болуын өзі қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Себебі, қала тұрғындары көкөніс бағасына қатысты жиі мәселе көтеріп жүр.

Жылыжайдан дүкен сөрелеріне жеткізілген көкөніс бағасын тексеру үшін облыс басшысы  Ақтөбедегі бірнеше ірі сауда  үйлеріне барып, бағаларды өз көзімен көрді. Сондай-ақ  супермаркет сөрелерінде  тұрған  облыста шығарылатын азық-түлік түрлерін де қарап шықты.

                                                                     Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*