Басты бет » Басты жаңалықтар » Тәртіп пен тазалық әркімнің өзінен басталуы тиіс

Тәртіп пен тазалық әркімнің өзінен басталуы тиіс

Акция

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин  ҚР Тұңғыш Президенті атындағы   саябақта тал отырғызу акциясына қатысты.

20 сәуір — Бүкілдүниежүзілік тал отырғызу күніне орай ел аумағында өткен  жалпыреспубликалық акцияға ақтөбеліктер  бір кісідей жұмылды. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы  саябақта облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов шырша көшетін отырғызды. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімі аппараты, басқарма қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері де  осы саябаққа  1000-ға жуық қайың, үйеңкі, шырша, емен көшетін  отырғызып, бұрыннан өсіп келе жатқан ағаштарды суарды.

Тал егу акциясы кезінде  Оңдасын Оразалин журналистерге  Ақтөбені абаттандыруға  қатысты пікірін білдірді:

— Сүйікті қаламыздың тазалығына, көркіне  бәріміз бірдей  атсалысуымыз керек десек, әрине, ол  бір мезгілдік   акциямен бітпейді. Бұл — жылдың қай мезгіліне қарамастан жүйелі, үзіліссіз  атқарылатын  шаруа. Қаламыздың тазалығына қатысты  тұрғындардан арыз-шағым жиі түседі. Соның ішінде әлеуметтік желіде шағым көп. Әрине, қала тазалығын сақтау тек  биліктің ғана емес, қала тұрғындарының бәріне бірдей ортақ мәселе. Ол үшін қала көркін абаттандыруды ақтөбеліктер   ортақ іс деп қабылдайтындай болу керек.  Біздегі көрініс — қар кеткен соң  көшелерде  қоқыс үйіліп қалады. Алайда  оны сырттан ешкім алып келмейді ғой? Бұл — өзіміз тастаған қоқыс. Қала таза болсын десек,  тәртіп  пен тазалық сақтауды  әр адам  өзінің үйінен, өз көшесінен  бастауы тиіс. Үлкендер үлгі көрсетсе, балалар да  еңбексүйгіштікке, тәртіп пен тазалық сақтауға дағдыланады.

Сенбі күні  облыс бойынша 40 мыңнан астам, қала бойынша 10 мың көшет отырғызылды.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*