Басты бет » Жаңалықтар » Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмейді

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмейді

 Жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен селекторлық отырыс өтіп, жергілікті бюджеттің кірістері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаржылық тәртіпті сақтауына қатысты мәселелер қаралды. 

Экономика  және  бюджеттік  жоспарлау  басқармасының  басшысы  Гүлқасима  Сүйінтаеваның баяндамасына сәйкес, бірінші тоқсанда бюджет кірісі  26,7 млрд теңгені құраған. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда, 2,1 млрд теңгеге аз. Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз, Алға аудандарында кірістің төмендеуіне жол берілген.

Облыс басшысы аталған кемшіліктер бойынша аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады.

«Егер жарты жылдық қорытындысы бойынша, осындай төмен көрсеткіштер жалғасатын болса, тәртіптік шара қолданылады», — деді Оңдасын Оразалин.

Кіріс көзінің төмендеуіне себептің бірі  — Ақтөбедегі кейбір кәсіпорын иелері өзге қалаға немесе облысқа тіркелгендіктен, салық сол аймаққа төленіп отыр.

Сондай-ақ, бюджеттік  бағдарлама әкімшілері қаржылық тәртіпті дұрыс сақтай да алмай отыр. Мысалы, жобалық-сметалық құжаттардың орынды құрылмауынан мемлекет қаражаты желге ұшқан. Атап айтқанда, Қарғалы  ауданында спорт мектебінің  жобалық-сметалық  құжатын әзірлеуге  4 млн теңге  жұмсалғанмен, соңынан мектептің қажеттілігі болмай қалған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиынды қорытындылай келе, жауапсыздыққа жол бергендер мен жоспарды дұрыс құрмай, қаражатты тиімсіз жұмсағандарға шара қолданылатынын айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*