Басты бет » Спорт » «Extreme park» техникалық алаңы ашылды

«Extreme park» техникалық алаңы ашылды

Ақтөбе қаласында  алғаш рет  «Extreme  park» техникалық алаңы  ашылды. Сондай-ақ,   экстремалды спорт түрі мотокросстан республикалық  ашық чемпионат өтті.

Айтулы  шараға облыс  әкімі  Оңдасын Оразалин қатысты. Облыс басшысы  ақтөбеліктерді техникалық алаңның ашылуымен құттықтап, жарысқа  қатысушыларға сәттілік  тіледі.

«Ақтөбе  өңірі  спорт саласының дамуына айтарлықтай  көңіл бөліп келеді. Спортпен айналысатын жастарды  көптеп тәрбиелеуіміз қажет», — деді О.Оразалин.

Ақтөбе  өңірі  еліміз бойынша экстремалды спорт түрін дамытуды қолға алған жалғыз облыс. 2002 жылдан бері осы спорт түрімен  айналысқан спортшылардың жеткен жетістіктері де мол. Облыстық мотокросс федерациясының президенті Александр Новиков спорт саласына айтарлықтай   қолдау  білдірген  облыс әкіміне алғысын білдіріп, жетістіктерімен бөлісті.

Айта кетейік, ақтөбелік  спортшылар 2015, 2016, 2017 жылдары ҚР командалық есебінде чемпион атанған.

«Extreme park» техникалық алаңы, әсіресе, қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып отыр. Мұнда мотокросс, эндура, квадрацикл және қарда жүру спорттарымен айналысуға мүмкіндіктері бар. 9-12 жас аралығындағы балалар үшін үйірмелер жұмыс жасайды. Мотокросстан өтіп жатқан республикалық ашық чемпионатқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан өзге Ресейдің Екатеринбург, Челябинск, Орск, Орынбор қалаларынан келген спортшылар қатысты.

Сондай ақ,  облыс басшысы  жаңадан салынып жатқан  шаңғыроллер тебуге арналған  жол құрылысымен  және  №4 Ақтөбе қаласының қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысымен танысты.  Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары  биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған мектеп пен шаңғыроллерін тебуге арналған жол, қысқы спорт түрлерінің дамуына, жас спортшылардың  шыңдалуына  жол ашады.

Облыс әкімі мердігерлерге құрылыстың сапалы жүргізілуін және  уақытында аяқтауды тапсырды.                              

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*