Басты бет » Ақтөбе — 150 » Жаңа цех өз жұмысын бастады

Жаңа цех өз жұмысын бастады

Ақтөбеде Батыс Қазақстан бойынша баламасы жоқ профильдерді ламинаттауға арналған цех іске қосылды. Жаңа өндіріс орнының ашылуына Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испанов қатысып, цехтың жұмыс жасау барысымен танысты.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай биыл қала бойынша 150 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы құны 150 миллиард теңгені құрайтын жобалар аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

Жыл басталғалы құтты мекенде жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайтын 8 нысан іске қосылған. «Идеал Пласт CONSTRUCTION» ЖШС ашып отырған жаңа цех —тоғызыншы нысан. Жаңа кәсіпорында түрлі түсті пластик терезелер мен есіктер шығарылады.

— Өздеріңіз байқап отырғандай, Ақтөбеде құрылыс қарқыны жоғары. Өткен жылдың өзінде құтты мекенде 707 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалауға берілді.

Бүгінгі таңда құрылысқа қажетті кірпіш, бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салынып жатыр. Ал бүгінгі цех құрылысқа қажетті есік-терезе өнімдерін шығарумен айналысады. Өнімдер сапасы тексерілген. Сондай-ақ бағасы да қолжетімді.

Толықтай автоматтандырылған өндіріс орны жұмысшылар жағдайына да ерекше көңіл бөліп отыр. Ай сайынғы жалақыдан өзге жұмыс жасағанына байланысты әр жұмысшыға қосымша сыйақы төлеу жүйесін де қарастырған. Сондай-ақ мамандарының атынан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашу жұмысы да басшылық назарында, — деген қала әкімі жаңа өндіріс орнының қызметіне сәттілік тіледі.

Жалпы «Идеал Пласт CONSTRUCTION» ЖШС — нарықта 10 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Бұған дейін тек бір түсті пластик терезелер мен есіктер жасап келген серіктестік өз ауқымын кеңейтіп, сандық технологияға негізделген ламинаттайтын құрылғы сатып алған. Ендігі жерде цех есік-терезелердің 50-ден аса түрін шығаратын болады.

Жаңа жобаға 80 миллион теңге көлемінде инвестиция құйылған. 15 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал цехтың инженерлік желілеріне, жарық пен кәріз желілерін жүргізуі үшін мемлекет тарапынан 75 миллион теңгенің көлемінде көмек көрсетілмек.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*