Басты бет » Мәдениет » Мәскеуде Табылды Досымовқа арналған жыр кеші өтті

Мәскеуде Табылды Досымовқа арналған жыр кеші өтті

Мәскеу қаласындағы әйгілі Кино Үйінің үлкен залында қазақтың тұңғыш бард-ақыны, сазгер Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған жыр кеші өтті. Оған Мәскеудегі қазақ қауымдастығының өкілдерімен қатар, осы қалада тұратын орыс, қырғыз, татар, беларус ұлтының өкілдері де қатысты. Кешке барлығы 300-дей көрермен келді.

Қазақстанның Ресей Федерациясыныңдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау сөзімен ашылған кеш көрерменді бірден үйіріп әкетті. Табылды Досымов жайлы түсірілген «Өмір жолы» атты деректі фильмінде ақынның өмірі мен өнері туралы мол мағлұмат берілді.

— Ресейдің құрметті кинематографисі Валерий Рузин Табылды Досымов туралы түсірілген фильмге жоғары баға берді: «Тума талант, шығармалары ғажап, мен бұл кісіні Владимир Высоцкийден кем көрмеймін» деді. Табылды Досымовтың  жалғыз ұлы Абыл да әкесінің жолын қуып, өнер соқпағына түсті. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтын тәмамдады. Енді, міне, сол асылдың сынығы Абылдың орындауында Табылдының тамаша әндерін тыңдап, мәскеулік көрермендер риза болды. Осы кеште Абылмен бірге өнер көрсеткен Мәдениет қайраткері, әнші Жоламан Көшкіновке, ақынның туған жері Дендерден келген «Ақ Жайық» ансамблінің мүшелері, Сағидолла Жұмаахметов, Ринат Әлиев, Айдар Досымов, Нұрлан Қарекшев, Қайрат Нұрқашев, Питерде оқитын жерлесіміз Ержан Сағынбаев, өмірдегі және өнердегі досы Қаз Ақжолға мәскеулік көрермендер тәнті болып, зор қошеметін көрсетті, — дейді Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры Бижан Қалмағанбетов.
Қор директоры сондай-ақ осы кештің өтуіне мұрындық болған Иманғали Тасмағамбетовке, ақпараттық, демеушілік қолдау көрсеткендерге, мәскеулік тілектес азаматтарға алғысын білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*