Басты бет » Басты жаңалықтар » Жергілікті қамтудың үлесі — 180 пайыз алайда сауда желілерінде қызанақ пен қияр бағасы неге қымбат?

Жергілікті қамтудың үлесі — 180 пайыз алайда сауда желілерінде қызанақ пен қияр бағасы неге қымбат?

Баға

Халқымыз көктем айларын «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына» теңейді. Әрине, бұл теңеу бекерден-бекер айтылмаса керек. Себебі, алты айға созылатын қытымыр қыстан кез келген малдың аман шыға алмасы белгілі. Сол сияқты көктемгі әлсіздіктің алдын алу үшін осы шақта адам ағзасына да құнарлы ас қажет, оның ішінде көкөніс өнімдерінің пайдасы мол. Алайда бұл кезде сауда нүктелерінде көкөніске бағаның шарықтайтыны белгілі. Өзіміздің жылыжайда өсірілетін жергілікті өнімдер болғанмен, сырттан тасымалданатын тауарлар сауда сөрелерінде тұнып тұрады. Көпшілік тұтынушылар үшін олардың бағасы қолжетімсіз. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, соның ішінде көкөніс өнімдеріне бағаның негізсіз өсуінің алдын алуда қандай шаралар қолға алынып жатыр? Осы іске тікелей жауапты құзырлы орган басшыларын сөзге тартқан едік.

Көкөніс өнімдеріне күн сайын мониторинг жүргіземіз

Қазіргі күні Ақтөбе қаласы аумағында 12 жылыжай шаруашылығы бар. Оның жетеуі — өндірістік, қалғандары фермерлік негізде жұмыс жүргізеді. Барлық жылыжай аумағының жалпы көлемі — 34,6 гектар. Ақтөбе жылыжай шаруашылықтарының көкөніс өндірудегі жылдық қуаттылығының мөлшері — 15,8 мың тонна.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Көкеевтің айтуынша, Ақтөбе қаласындағы ірі жылыжай кешендерінде шығарылатын өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ экспортқа да бағытталған. Өнім негізінен шекаралас Ресей Федерациясы нарығына шығарылады. Өткен жылдың өзінде Ақтөбеден 4,2 мың тонна көкөніс экспортталған. Бұл — жалпы өндірілген өнім көлемінің 52,1 пайызын құрайды.

Бүгінгі күні Ақтөбедегі ірі жылыжай кешендерінің қатарында «Greenhouse Kazakhstan», «GreenCapital Kazakhstan», «Izet Greenhouse Kazakhstan», «Агроферт», «АқтөбеЖылыжай» серіктестіктерімен қатар, жалпы ауданы 2,7 гектарды құрайтын «Жаңақоныс» шаруа қожалығы бар.

Жылына 60 тонна өндірістік қуаты бар құлпынай өсіруге және өндіруге мамандандырылған «Экоферма-2015» жылыжай кешенін айтпағанның өзінде, Ақтөбедегі жұмыс жасап тұрған барлық жылыжай шаруашылықтары көкөніс өндіруге мамандандырылған. Биыл бірінші тоқсанда қала жылыжайларында 842,6 тонна көкөніс өндірілді. Оның 719,7 тоннасы — қызанақ, қалғандары — қияр. Соның ішінде 279,3 тонна қызанақ экспортталды. Бұл жалпы көлемнің 38,8 пайызын құрап отыр, — деді А.Көкеев.

Азық-түлік тауарларына, оның ішінде жылыжай өнімдерінің бағасына қатысты Ақтөбе қаласы әкімдігі мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармасының мамандары жылыжайлар кешендері мен ірі сауда желілерінде көшпелі жиындар да өткізіп, мониторингтік тексеру де жүргізеді. Нәтижесінде қызанақ пен қияр бағасына сауда үстемеақысының 25 пайызға дейін қымбаттағаны анықталыпты. Тіпті «Дина» сауда желісінде екінші сортты қызанақтың осы өнімнің бірінші сортты бағасымен сатылғаны да расталған. Осыған байланысты сауда желісі басшылығына тиісті ұсынымдар берілген.

Дәл қазіргі уақытта Ақтөбедегі жылыжай шаруашылықтарындағылар  қиярдың келісін 300-350 теңгеден сауда нүктелеріне беріп жатыр. Бұл сомаға «Дина» сауда желісінде — 15, ал «Анвар» супермаркетінде 10 пайыз үстемеақы қосып сатылады. Сол сияқты сауда нүктелеріне өзіміздің жылыжайларда өсірілген қызанақ 700 теңгеден сатылуда. Қазіргі күні жүргізілген мониторингке сәйкес, «Анварда»  жергілікті қызынақтың келісі 770 теңгеден, «Динада» 815 теңгеге бағалануда. Ал сабағымен бірге сатылатын қызанақтың бағасы бұлардан сәл қымбаттау болады, — деді А.Көкеев.

Жергілікті қызанақ пен қияр жеке сөрелерде сатылады

Құзырлы орган өкілдері көкөніс өнімдеріне бағаны тұрақтандыруда жылыжай кешенінде, болмаса сауда желілерінде бірнеше рет көшпелі жиын өткізіп, күн сайын мониторинг жүргізгенмен, одан айтарлықтай нәтиженің шықпағаны белгілі. Тұтынушылар қызанақтың келісін осы күнге дейін 1000 теңгеден, қиярды да келісін осы шамада сатып алып жатты.

Жақында бағаны тұрақтандыруға қатысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен облыстық штабтың отырысынан кейін ғана қаладағы ірі сауда желілерінде жергілікті өнімдерді, оның ішінде өзіміздің жылыжайда өсірілген қызанақ пен қиярды сырттан тасымалданатын тауарлардан бөлек әрі бөліп сатудың мүмкіндігі қарастырылыпты.

Құсайын Сәрсембай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

— Дәл қазіргі күні облыста азық-түлік бағасы тұрақты. Ақтөбедегі ең ірі сауда желілері — «Дина» мен «Анварда» өзіміздің жылыжай шаруашылықтарында  өсірілетін өнімдер бөлек сөреге шығарылып, сатылып жатыр. Бұрынғыдай, қызанақ пен қияр сырттан тасымалданатын тауарлармен араласып тұрған жоқ. Бүгінгі күні жасалған келісімге байланысты жергілікті қызанақ пен қиярға 10-15  пайыздық үстемеақы қосылып сатылып жатыр. Өткен аптаның сенбі күні  облыс әкімінің бірінші орынбасары Мавр Абдуллинмен бірге сауда желілеріндегі азық-түлік бағасына қатысты жүргізілген тексеріс кезінде қызанақтың екі сортының 550-770 теңге аралығында сатылып жатқанына көз жеткіздік. Сол сияқты жергілікті жылыжайда өсірілген қиярдың келісі 527 теңгеден сатылымға шығарылған.

— Сонда бұған дейін жергілікті қызанақ пен қиярды арзан бағада тұтынудың мүмкіндігі қарастырылмады ма?

— Жағдай былай ғой, сауда желілерінде сатылып жатқан көкөніс өнімдерінің қасында жергілікті тауарлармен бірге, сырттан тасымалданатын, яғни Ташкенттен әкелінетін өнімдер де сөреге қойылады. Халық оның бәрін ажыратып, түсіне бермейді. Сырттан тасымалданатын тауар бағасына шектеу жоқ. Ең бастысы — біз сауда желілерінде жергілікті өнімдерді бөлек сөреде сатуға қол жеткіздік. Қазіргі күні қаладағы екі ірі сауда желісінде жергілікті жылыжай өнімдері бөлек сатылып жатыр. Енді алдағы уақытта да осылай болады. Мақсатымыз — халық өз өнімдерімізді, оның ішінде жылыжайда өсіріліп, өндіріліп жатқан тауарларымыздың барын, сатылымда екенін білсін деген ой. Мұндай өнімдерге 10-15 пайыздық үстемеақыдан артық сома қосылмайды.

— Тұрғындарды жергілікті  қызанақ пен қиярмен қамтамасыз етуде Ақтөбе жылыжайларының мүмкіндігі жете ме?

— Ақтөбе халқын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде жергілікті жылыжайлардың қауқары артығымен жетеді. Соңғы ашылған жылыжай өз өнімдерін енді ғана шығарып жатыр. Егер сол жылыжай өз өнімдерін тұрақты шығарып тұрса, онда біз өзімізді жергілікті өніммен 180 пайызға дейін қамтитын боламыз.

— Онда неге бұл тауарлар сырттан тасымалданады?

— Бұл — саудагерлердің жұмысы, яғни сырттың тауарларына да сұраныс бар деген сөз. Біз бұл жерде сауда нүктелерінің басшыларына өзімізде шығарылып жатқан қызанақ пен қиярды бөлек сөреде сатуға талап қойып отырмыз. Осылайша сауда нүктелеріндегі тәртіп дұрысталғаннан кейін ғана баға реттеледі. Өзіңіз ойлаңыз, сауда желілеріне келісі 800 теңгеге бағаланатын Ташкенттен тасылған қызанаққа 80 теңге қосып сатқан пайдалы ма, біздің 500 теңгенің қызанағына 50 теңге қосып сатқан пайдалы ма?

— Біздегі жылыжайларға сауда нүктелерінен күніне қанша тонна қызанақ пен қияр алуға тапсырыс түседі?

— Ол әртүрлі. Соңғы кездері білмедім, бұрын 1 тоннаға дейін тапсырыс түсіп тұрды. Демалысқа қарсы тапсырыс көлемі де көптеу болатын. Дәл қазіргі күні тапсырыс мөлшері шамалы көтерілген болуы керек. Меніңше, сауда нүктелерінде жергілікті қызанақ пен қиярды жеке сөреде сатқаннан кейін халық міндетті түрде өз өнімдерімізді алатын болады. Бұған дейін тауарды өзімізде өндіріп, оны сауда нүктелеріне шығарғанмен, бұл өнімді халықтың көрмейтініне жаның ашитын. Енді осындай мәселелер туындамас үшін нақты шаралар қолға алынды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*