Басты бет » Әлеумет » Автобустағы мәдениет…

Автобустағы мәдениет…

Иә, автобустан да мәдениет талап етілуі керек. Бірақ сол көлікті пайдаланатын біз — жүргіншілер көп жағдайда мұны ескере бермейміз. Бір кездегі көлікке деген кіріптарлық, қардарлық миымызға сіңіп қалған. Баяғыдай жармасып мініп, жетер жерімізге жетіп қалғанға мәзбіз, соған да «алғыс» айтамыз. Өзге жерді қайдам, әзірге біздің Ақтөбеде солай…

Әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарына қосылу мақсат етілген қазіргі шақта бұған енді төзуге болмайды. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қаланың қоғамдық көлік кәсіпорындарының да, жүргіншілердің де автобус ішінде мәдениет қалыптастыруға бейімделетін кезі жетті.

К.Станиславский айтты дейтін «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Бұл енді, қазақша түсінікпен айтсақ, халыққа қызмет көрсететін театрдың жұмысында мән бермейтін ұсақ-түйек нәрсе жоқ дегенді меңзейді ғой. Қоғамдық орын саналатын автобустың қызметіне де қойылатын талап тап сондай.

Оның мәдениеті автобусты аялдамада жолаушыларға ұсынғаннан басталуға тиіс. Қыста іші жылытылмайтын, жазда қапырық  қоғамдық көліктер жолаушылардың наразылығын туғызып жатады. Мұндай жағдайда, ең бері салғанда, жүргізуші пеші мен желдеткішінің жұмыс істемегеніне көпшіліктен кешірім сұрап ізет жасаса, қандай жарасар еді, алайда ол мұның орнына шамшылдық көрсетеді.

Автобустардың қозғалысын әлеуметтік желі арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Бұл жаңалықты қоғамдық көлік кәсіпорындары құп алып, бірқатар бағыттардағы автобустарға орната түстіде, соңын аяқсыз қалдырды. Қазір сол қондырғы орнатылған автобустардың өзі мұны бірде қосады, бірде қоспайды.

Жолаушыларға күнделікті қызмет көрсететін автобустардың техникалық жағдайлары да түрліше. Сырты сатпақ-сатпа , іші алқа-салқа болып жетіп келетіндері де бар. Бұл неге өңшең жаңа автобус жүрмейді дегеніміз емес, әңгіме тазалық жөнінде болып отыр. Жалпы автобустың ішкі тазалығына кім жауап береді екен, автокәсіпорын,  жүргізуші, әлде  кондуктор ма?

Автобустағы барша жауапкершіліктің осы екі адамның мойнында екені тағы рас. Көлік үстінде ертеңнен қара кешке дейін тыным көрмейтін бұл жандардың жұмысының ауыр екенін білеміз. Әйтсе де бұл олардың халыққа қызмет көрсетудегі міндетін орындауда жеңілдік бермейді. Екі тараптың, қоғамдық көлік пен жолаушының әрқайсысының өз міндеті, сақтауға тиіс тәртібі бар.

Жоғарыда театрды бекерге мысалға келтірген жоқпыз. Қоғамдық көлік автобус та — кәдімгі халық жиі баратын театр, клуб, Мәдениет үйі сынды мәдени орын. Сондықтан жүргізуші мен кондуктор тарапынан халыққа мінсіз, мәдениетті қызмет ету талап етіледі. Өкінішке қарай, осыны көпшілік қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар мүлде білмейді, ал білгендері ұшқары қарайды.

Көп жылдардан бері №19 бағыттағы автобуспен жүремін. Қаланың ішін былай қойғанда, қаланың сыртындағы біраз аудандарды қамтитын бұл бағыттағы автобустарда орын болмайды. Әсіресе, ертеңгі жұрт жұмысқа баратын, кешке жұмыстан қайтатын уақыттарда автобусқа сыймай жатқан жолаушыларды жиі көресің. Жүргізуші мен кондуктордың мінездері де осындай кезде шығады. Бір автобустың жүргізушісі де, кондукторы да мәдениеттен жұрдай. Жүргізуші лықа тиеп келе жатып, автобустың ортаңғы есігін ашпайды. Өл, тіріл алдыңғы есіктен шығасың деген талап қояды. Шыға  алмағандарды шешеден бастап ысқыртып боқтайды. Жалпы айналасындағыларды боқтап-балағаттау бұл кісінің әдетіне айналған. Оны мәдениетсіздік, тәртіпсіздік деп санамайтын да сияқты. Ал кондуктор әйел өзін осы автобустың не істесе де үйлесе беретін қожасы, жолаушыларды айдағанына жүретін бағыныштылары санайды. Ақша алған құрлы кекетіп-мұқатып, сөгіп болады. Мысалы, бір  қария қалтасын ақтарғыштап, сәл кідіріп 500 теңге ұсынса, «500 теңге ақшаны ертеңнен қара кешке дейін іздеп, әзер таптыңыз-ау» деп әжуалайды. Жүргізуші мен кондуктордың екеуі де әжептәуір жасқа келіп қалған. Сондықтан олардың атын атап, түсін түстеудің өзіне адам ұялады екен…

Үлкендердің тәртібі осындай болғанда, жастарға не жорық. Көпшілік авткөліктердің кондукторлары өрімдей жастар, ол жақсы ғой, бірақ соларды қызметке алғанда, қоғамдық көлік тарапынан  этика, эстетиканы оқытуды айтпағанда, «мәдениетті, кішіпейіл, қарапайым болыңдар» деп үйрету, ең болмағанда, ақыл айту жетпейтін сияқты.  Қай бағыттағы көлікке отырсаң да, әлгі жас кондукторлар жолаушыларға одағай сөйлеп, бұйырып жатқаны. Бірде мынадай жағдай болды. №26 бағыттағы автобуспен келе жатыр едім, кондуктор жас қыз, көліктегі бір топ студент-жастарға қарата, «Әй, қазір маңырап келесіңдер ғой, ертерек ақшаларыңды төлей беріңдер!» деп айқайлады. Жастар бұған ештеңе демеді. Мен ретсіз көріп: «Қызым, неге олай дейсің, егер мына әрекетің үшін жолаушы сотқа берсе, айыппұл өндіріп алуы әбден мүмкін» дедім жайлап қана. Қыз бала ессіз емес екен, түсінді, қызарып, қатесін мойындады. Бұл жерде біз жүргізуші мен кондуктор тарапынан жиі орын алатын кемшіліктерге, өрескелдіктерге жолаушылар тарапынан да  дер кезінде ескерту жасалмай, үнсіздік орын  алатынын  айтқымыз келеді. Яғни бұл істе жолаушылардың белсенділігі төмен, көбіне қоғамдық көлік кәсіпорнының сапасыз қызметіне, автобус жүргізушілері мен кондукторлардың дөрекілігіне, шамшылдығына төзімділік танытады.

Айталық, бізде қоғамдық көліктер жол жүру кестесінің уақытын сақтамайды. Өзіне тиімділігін ойлап, әр аялдамада жолаушы жинап тұрып алады. Автобусқа адам лықа толатын сәт туған кезде ғана қозғалады.  Содан да біздің қаламызда әр жолаушы өз орындарына отырып, еркін келе жатқан автобусты көрмейсің. Оның орнына, қашан көрсең де, жолаушыны лықа тиеп, ыңыранып келе жатады. Бұл қоғамдық көлік үшін тиімді, әрине. Ал азабын жолаушы тартады, алысып-жұлысып жүргені,  киімінен киім қалмайды.  Оның үстіне кондукторлар қозғалмай, төлемді шығар жерде, алдыңғы  есіктен алады. Қалған есіктер ашылмайды. Өзі жүріп кондуктор ақша жинамайды, оған қоса, қосалқы есіктерден тұра қашатындай жолаушыларға сенімсіздік көрсетеді. Еліміздің өзге қалаларында мұндай тәртіп жоқ, тек біздің Ақтөбеде ғана осылай. Бұрын қоғамдық көліктердің қозғалысын, тәртібін бақылайтын белгілі бір мекемелер болушы еді. Қазір ол жойылғанға ұқсайды, әйтеуір тым-тырыс. Қоғамдық көлік кәсіпорындары, әр автобус — өзі қожа, өзі би.

Автобус қоғамдық орын саналғандықтан, оның жүргізушісі музыка қосқан кезде де оған сын көзімен қарау керек.  Ол көпшіліктің талғамымен үйлесе ме, мазмұны қоғамға, оның тәрбиесіне  қайшы келмей ме, осы жағы қатаң ескерілуі керек. Өкінішке қарай, көпшілік автобустарда бұл талап ескерілмейді

Содан да біздің қоғамдық көліктерде не болмай жатады! Адамдарды сықа тиеп, жын қаққандай ұшырта жөнеледі. Адам емес, ағаш тиеп келе жатқандай емпілдейді. Тіпті кейде бірімен-бірі  жарысады.  Қоғамдық көлікке өзге көліктер жол беру керек дегенге сүйеніп, орынсыз кимелейтін де жүргізушілер көп. Сөйтіп, жолаушы қауіпсіздігін естен шығарады. Осындайдан қоғамдық көлікке деген тұрғындардың наразылығы туады. Ол да адам баласы, ренжиді, қарсылығын білдіреді. Мұны жүргізуші мен кондуктор құп алмайды, қарсыласа кетеді, сөгіп, тілдейді. Ақыры өз дегендерін орнындайды. Тіпті қарсылық білдірген жолаушыға қол көтерген, таяққа жыққан оқиғалары да есте.

Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында қоғамымызда адамға деген қамқорлық алға шығып, жақсы сипат алды. Біздегі автобустарда зейнеткерлердің, мүгедек жандардың, оқушылар мен балалардың жүріп-тұруына жасалған жеңілдіктер соның бір көрінісі. Алайда соның өзін кейбір автобустардағы кондукторлар мұрнынан  шығарады. Мысалы, №24 бағыттағы (639 AL 04) автобустың кондукторы осындай жеңілдігі бар әр жолаушымен міндетті түрде шатаса кетеді. Көріп тұрып, сексендегі қариялардан да жолдың толық құнын алады.  Егер олар «бұл қалай?» деп есептессе, «Егер өздерің айтпасаңдар, мен толық ала беремін» деп реніш білдіреді. Жас адамның бітпейтін осындай ұрыс- керістен шаршамайтынына таңғаласың.

Әрине, соңғы жылдары Ақтөбе қаласының қоғамдық көлік қатынастарын жақсартуға бағытталған қадамдар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Негізгі қызмет көрсететін екі кәсіпорын  жаңа көліктер алды. Әсіресе, «Жолаушылар автокөлігі»  кәсіпорнына айтарлықтай-ақ қамқорлықтар жасалды. Әйтсе де бұл кәсіпорын тарапынан қосылған жаңа көліктер, жаңа бағыттағы автобустар  әзірге өздеріне жасалған қамқорлыққа лайық жұмыс атқара алмай келеді.

Егер тұтас алып қарасақ, қоғамдық көлік кәсіпорындарының жағдайын бөтен деуге болмас. Біз статистикаға үңілуді мақсат тұтпадық. Бірақ бұл салада халыққа қызмет ету көлемінің ұлғайғаны анық. Бірақ ол қоғамдық көліктердегі мәдениетті оңалтуға қаншалықты әсер етуде? Міне, біз осы мәселені анықтай түскіміз келеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*