Басты бет » Жаңалықтар » Әскерилер наурыз мейрамын тойлады

Әскерилер наурыз мейрамын тойлады

Өткен сенбіде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Я. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты Наурыз мейрамын атап өтті.

Әскери қызметшілерді жаңа жылымен құттықтауға қала әкімі Ілияс Испанов келді.

Институт алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қыстан аман шыққан әскери қызметшілер қол алысып, төс түйістіріп, бірін-бірі жаңа жылдарымен құттықтады. Мерекеге келген қала тұрғындары бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиіп, мерекелік концертті тамашалады.

— Биыл еліміздің қорғаныс саласында жүрген мыңдаған әскери азаматты тәрбиелеп шығарған институтқа 45 жыл. Мерейтойы құтты мекеннің 150 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының түлектері тек елімізде ғана емес, дүниежүзінің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Оқу орнының барлық құрамын 45 жылдық мерейтойлар мен және Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жылда жаңа табыс, жаңа жетістіктер тілеймін. Еліміздің әрбір азаматы елі үшін адал қызмет ететін болса, біздің болашағымыз жарқын болары сөзсіз, — деді Ілияс Испанов өз құттықтауында.

Институт бастығының орынбасары Серік Сарабузовтың айтуынша, әскери қызметшілер Наурыз мерекесін биыл екінші жыл қатарынан кең көлемде атап өтуде.

— Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, бай мұрасын сақтау кейінгі ұрпақтың міндеті. Бүгінгі өтіп жатқан Наурыз мерекесі де атадан келе жатқан ұлттық мейрам. Біздің ұжым осымен екінші жыл қатарынан Наурыз мерекесін жер-аяғы кеңіп, күн жылынған соң тойлауды әдетке айналдырды. Өткен жылы да мейрам аясында Ашық есік күнін ұйымдастырып, 5 мыңнан астам тұрғынға мерекелік көңіл күй сыйлағанбыз. Биыл да мерекені сәуірдің орта тұсына қойып, келушілерді қарсы алып жатырмыз, — дейді ол.

Бұл күні институт алаңына алтыбақан орнатылып, әскерилер ұлттық ойын түрлерін ойнады. Сондай-ақ мерекелік шара барысында «Тұсау кесу», «Беташар», «Құда түсу» секілді салт-дәстүрлер бойынша көрініс қойылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*