Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбенің намысын Анель қорғайды

Ақтөбенің намысын Анель қорғайды

«Бала дауысы — 2019» Ұлттық балалар ән байқауының іріктеу кезеңі Ақтөбе қаласында өтті.

Шығармашылық академиясына келген қатысушыларды алдымен тіркеу жұмыстары жүргізіліп, артынша жобаның музыкалық продюсері Фарида Ниязова «Бала дауысының» ережелері мен форматын түсіндірді. Кейін Дастан Оразбеков бастаған қазылар алқасы өрендердің өнерін тамашалады. Ұл-қыздар өздері дайындап әкелген үш әнін айтып, өзінің вокалдық мүмкіндігі һәм қабілетін барынша паш етуге тырысты. Негізінен олар қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі әндерді орындады.

Әнші балақайлардың арасынан 10 жастағы Анель Сүлейменова суырылып алға шығып, ақтық кезеңге жолдама алды. Енді ол 25-27 қазан күндері аралығында Алматы қаласындағы Республика сарайының сахнасында өтетін финалда Ақтөбе облысының атынан өнер көрсететін болады. Жобаға жерлесіміз сияқты 8-12 жас аралығындағы 17 бала қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының қолдауымен Әлия Назарбаеваның қоғамдық қоры ұйымдастыратын байқаудың іріктеу кезеңі еліміз бойынша 22 мамырға дейін жалғаспақ.

…Ақ жол, Анель!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*