Басты бет » Жаңалықтар » Қоғам белсенділері ұсыныстарын айтты

Қоғам белсенділері ұсыныстарын айтты

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қоғам белсенділерімен кездесті. Бұл басқосуда облыс орталығының түйінді мәселелері талқыланып, алдағы уақытқа бірігіп атқарар жұмыстарды қамтыған бағдар жасалды.

— Алдымызда қаламыздың 150 жылдық мерекесі жақындап келеді. Қаламыздың көркеюі, заманауи қалыпқа ұмтылып, жақсара түсуі — бәріміз үшін абырой. Сондықтан осы жолда ынтымақтасып, бірігіп еңбек етуіміз керек. Ой-пікірлеріңізді ортаға салыңыздар, ақылдасып-кеңесейік,— деп қала басшысы жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды.

Жиында сөз алған «Азат-арда» клубының мүшесі Естай Жайлыбай Ақтөбе қаласындағы Заречный-2 ауылынан мектеп салу жобасын қарастырса деген ұсынысын айтты. Сонымен бірге, қаладағы қазақша жазу үлгілерінің сауатты болуы және Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамаларына сәйкестігі тексерілсе деген ойын білдірді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның облыстық филиалының төрағасы Мейрамбай Камалов жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарға азаматтық қоғам өкілдерін, оның ішінде қоғамдық кеңес мүшелерін кеңінен тарту қажеттігін алға тартты. Ол сондай-ақ қоғамдық көліктердің қызмет ету сапасына қатысты сын пікірін білдірді.

Тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай ішкі миграцияны тұрақтандыру мақсатында қаладағы бау-бақша ұжымдары заңдастырылса, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» авторлық бағдарламасы аясында қаладағы мұрағат мекемелерінің экспонаттары жаңартылса деді.

Ал «Алаш жолы» қозғалысының мүшесі Көшкінбай Ахметов елдік пен ерлікті құрметтеу тұрғысынан сөз қозғады. Мәселен, оның пайымдауынша, қаладағы Жеңіс алаңқайына қазақ халқының біртуар, батыр перзенттері Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтің ескерткіштері орнатылып, жан-жағы абаттандырылса, бұл жас буынға ерекше тәрбие орны болар еді.

Театр қызметкерлері одағының мүшесі, «Екі езу» театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан көптеген мәселелерді тілге тиек етті. Оны Ақтөбе қаласындағы кәсіпкерлерге сенімгерлікпен басқаруға берілген балабақшалар жайы мазасыздандырады екен. «Сол балабақшалардағы оқу-тәрбие, балаларды тамақтандыру, басқа да жайлар бақылауға алына ма?» деп сауал тастады ол.

Кездесу барысында басқа да көптеген жайлар қозғалды. Қала әкімі барлық мәселелер зерттеліп, бір шешімі болатынын айтқан еді. Арада санаулы күн өткенде тиісті құзыретті органдарға хаттамалық тапсырмалар де берілді.

Солардың кейбіреулеріне тоқтала кетсек. Мысалы, ішкі миграцияны тұрақтандыруға қатысты. Қазіргі уақытта 40 бау-бақша ұжымында 2177 учаскеге тұрғын үй құрылысы мәртебесі берілді. 20 учаскеге осындай мәртебені анықтау үшін техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Заречный-2 ауылында бүгінгі күні мектеп салу жобасы тиімсіз деп табылды. Өйткені, осында №46 орта мектеп бар.

Қоғамдық көлік қызметін жақсартуға байланысты да шаралар алынуда. Ақтөбе қаласы аумағында 53 бағыт бойынша 2 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. Негізгі проблема — автобус санының жетіспеушілігі. Биыл жаңадан 150 автобус көлігін сатып алу жоспарлануда.

Кездесу барысында қозғалған басқа да мәселелер бойынша зерттеу-тексеру, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Ең бастысы, қоғам белсенділері айтқан ұсыныстар мен пікірлер ескерусіз қалмайды.

Н.ДАБЫЛОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*