Басты бет » Басты жаңалықтар » Жоқшылық синдромы

Жоқшылық синдромы

Өзекті

Қабылдауға келген жас ортасынан асқан ана 22-дегі ұлына өзі жұмыс іздеп таба алмай жүр.  Жігіттің дипломы бар, бірақ жұмыс жоқ. Қаржыдан қатты қысылған ана жылап жүріп, аудан әкімшілігінің  есігін  талай тоздырыпты. «Ақыл сұрап барайын десем, бұлар адам баласына жолатпайды», — деп аудандағы жұмыспен қамту мекемесінің қызметкерлерін   кінәлайды. Айналасына ренжулі ана: «Баламның кәсіп бастауына  мемлекет   500 мың теңге қаржы көмегін берсе», — дейді. Бұл – бірінші оқиға. Тұрмыс әбден қажытқан  ана не істерін білмейді. Ойы шашыраңқы. Анық жоспары жоқ.  21-дегі баласын қайда сыйғызарын  білмей басы қатқан ананың халі  бүгінде екі отбасының бірінің басында бар.

Екінші оқиға. 2013 жылы  «Даму» қаржылай қолдау қорынан  қысқа мерзімді кәсіпкерлік курсында оқып, 2 миллион 300 мың теңгеге аграрлық несие алған әйел 2017 жылдан бастап  берешек. Бастапқыда алты ай сайын 400 мың теңгеден төлеп отырған ол  2017 жылы қатты сырқаттанып,  несиесін төлей алмай қалған.  Қордың Ақтөбе қаласындағы өкілдігіне  барып, қайта қаржыландыру жолдарын сұрап, рұқсат етсе, берешегінің   үстінен  тағы да несие алмақ  болды. Алайда қарызы бар адамды қайта несиелеуден   бас тартқан  қор 6 ай сайын  төлейтін  400 мың теңгенің орнына,  әр айда   75 мыңнан  төлейтін етіп бөліп тастайды. Сонымен, не  белгілі бір кәсіпті жүргізе алмаған, не несиесін төлей алмаған ана мемлекеттен жәрдем сұрайды. Анығы, не істерін білмейді. Қарызымды кешірсе деген  үмітте.

Үшінші оқиға. Басында баспанасы жоқ,  жатақхананың бұрын қойма болған тап-тар  бөлмесін паналаған үш баласы бар әйел екі жылдан бері оның жалдау ақысын төлемепті. 3 жыл бұрын  іс бастаймын деп, екі банктен несие алған. Қазір ол ақшаның қайда жұмсағанының есебі жоқ. Жұмысқа тұрайын десе, несиесінің бастапқы сомасынан  бірнеше есе асқан  өсімпұлы болғандықтан, банктегі есепшоты  бұғатталған. Ол да тығырыққа тірелген. Күйеуінен ажырасып кеткен. Бұл да өмірде жиі кездесетін жағдай. Үш баламды жалғыз өзім өсіріп отырмын, мемлекет несиемді   кешірсе дейді. Бір миллионды қайда жібердің десе, жауап жоқ. Балама спорттық киім алдым деп жалтарады. Бояуы өзгеріп жатқан заманда   өмірде орындарын таппаған аналар өмірден өгейлік көргендері үшін  өздерін емес, өзгелерді кінәлайды.

Жұмыссыздық, белгілі бір кәсіпке маманданбау,  қаржылық сауатсыздық —  тұрмыстық қиыншылыққа тірелгендердің басындағы ортақ жағдай осы. Осылайша қатал  әлемнің қатыгез  заңы  қазақ қоғамында ойнай бастап, ол ең әуелі  байлауы бос кедейдің шаңырағын соққылауда. Дүниенің бәрі ақшаға тірелген қатал заман уақытқа бейімделе алмаған әлсіздерді сыртқа теуіп лақтырып  жатыр. Тамағын асыраудың өзі қиынға айналған  жағдайда, ол кедей кімге барады? Ақырып әкімдікке кіреді, жұмыс бер, тамақ бер, көмек бер деп билікке  талап қояды. Ішерге асы болмай отырған отбасы ертеңгі күнді жоспарлай да алмайды.

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек — биліктің қазіргі  нақты  ресурсы.  Атаулы көмектен алған аз-маз тиын-тебен ертеңгі күні  таусылса, көмекке мұқтаж жұрттың  тағы да  осы мәселесі қайтадан шығады. Үкіметтің ресурсы да  шектеусіз емес, олай болса атаулы көмек — алға жылжу емес.

Елбасы Н.Назарбаев биылғы қаңтардың соңында Жастармен кездесуінде  әлемдегі 18 бен 30  арасындағы 300 миллион жастың  тұрақты жұмысы жоқ, не жұмыссыз екендігін атап көрсеткен. Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға қарай сатушылар, жүргізуші, операциялық, Call-орталық қызметкерлері, заңгерлер мен экономистерді жасанды интеллект алмастырады. Сөйтіп, қоғамда  «жасанды интеллект» алмастыра алмайтын күрделі мамандықтар ғана қалады. Бұлардың қатарында ғалымдар, топ-менеджерлер, өнер қайраткерлері, IT топ-мамандары, жоғары санаттағы дәрігерлер бар. Президент  медбике, күтуші, әлеуметтік қызметкер және т.б. қарапайым мамандықтардың  қандай қоғамда да қажет екендігін қадап айтқан осы кездесуде.

Осылайша ғаламдық еңбек бөлінісінің халықаралық жаңа форматы қаласақ та, қаламасақ та, өмірімізге  енді. Мұндай жағдайда билік  қоғамның ең әлсіз топтарын қолдау жолымен әлеуметтік саясатты күшейту арқылы, әр ауыл, аудан, өңірдің әлеуметтік картасын жасау арқылы  белсенді жұмысты бастады. Көп жағдайда жергілікті билік  инфрақұрылымдарды  жақсарту арқылы, су, газ, жол, ұялы байланысты мүмкіндігінше қалпына келтіру арқылы  операторлық рөлге көшті. Қатал уақыттың диллемасы биліктен әлеуметке  оператор болып қалуды ғана  қаламай, керісінше бүкіл қоғамдық мәселелерді бір түйінге жинақтайтын модератор рөлін  таңдатты.  Ал, модератор мен оператордың арасы жер мен көктей. Биліктің қоғамдық модератор рөлі қалай болуы тиіс?

Ең бірінші — біз өз-өзімізді  алдауымызды доғаруымыз керектігін енді түсініп  жатқандаймыз. Арзан популизм мен  ысырапсыз ақша шашудан басқа пайда әкелмейтін жиын-тойларды азайтып, жалған статистика мен жалған ұраншылдыққа негізделген  жиындарды доғарып, оның орнына нақты адамның нақты мәселесімен айналысу керек. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деп Абай ХІХ ғасырдың соңында кейігендей  уақытқа  ХХІ ғасырда тағы тап келдік. Адал еңбектің бәрі жақсы деп өзі үлгі көрсете алмай отырған ата-ана ендігі жерде  тәрбие үрдісін өзгертпесе болмайды. Еңбексіз, жалқау ұлттың болашағы жоқ.

Мемлекет заманауи білім алуға қолдары жетпеген ауыл жастарына  жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс.  Әркім өз қолынан  келетін кәсібін ашуды  шағын ауылдан бастап, аудан, облысаралық деңгейге  дейін бірыңғай механизммен қалыптасқан жолдары болуы тиіс. Бүгінгі күні  осал топтар арасында  масылдық құбылыстар жиі көрініс байқалады. Өз ортасынан өгейленгендер жинала келе  маргиналды қоғамның  белсенді бөлшектеріне айналмақшы. Жоқшылық батқан кейбір отбасылардың тұрмыстары төмендігі соншалық,  үйлерінің іші-сырты бірдей лас, еден  жуылмаған, кір-кір киімдер үйдің ортасында үйіліп жатады, ыдыстарынан ас ішу мүмкін емес. Кір-қожалақ балалар жалаңаяқ, жыртық киімдермен жүгіріп жүреді. Жағдайым жоқ деп  жаһанға жар салған осы үйдің келіншегі  ең болмаса, үйін таза ұстамай ма? Үш келі әктас пен үш келі  бояуға көп қаржы да керек емес қой? Қарапайым болса да, ұсақ-түйек болып көрінсе де, мұның астарында үлкен проблема жатыр. Мұны тұрмыстық салақтық дейді. Жалқаулық, енжарлық, берекесіздік, намыссыздыққа келіп тіреледі. Қой бағуға, не сиыр саууға, не бақша салуға ерініп немесе  жаз бойы қыстық азық-түлік қорын жинауға қиынсынатын жалқау келіншектер қатары да тым көбейіп барады.

Қатал уақыттың заңына мойынсұнып, еркек ер-азамат әйел-әйел, болып, ұяңды уысыңда ұстап, бала-шағаңа ие болып отырмайынша, отбасының берекеті болмайды. Бұл — атам заманнан келе жатқан қазақы қағида. Осы тетіктің бір бұрауы босаса, барлық бөлшегің де қирап түседі. Отбасылық құндылықтар да сол сияқты. Әулеттің шегесінің босауына еркегі де, әйелі де бірдей кінәлі. Бұл жерде, сөз тағдыр жазуымен қиын жағдайға ұшырап, не  денсаулығы болмай, мүгедек баласын жетектеп, көштен қалғысы келмей жүрген әкелер мен бейнетқор аналар туралы емес. Бұл жерде, бала тәрбиесіне жауапсыз,  жұмыста табаны тайғақ, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін,  несие алып, оны қайда жұмсағанын да білмей, тепсініп, тебініп жүрген «айқайшы» әйелдер мен тұрмыстық қиындықтан басын алып қашып, отбасын тастап кеткен әкелерге қатысты. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,  Ақылың мен қайратың екі жақтап» деп, Абай атамыз  қазақ қоғамына капитализм еніп жатқан ХІХ ғасырдың соңында айтқанын қазір де  қайталап тұрғандай.

                                                                            Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*