Басты бет » Жаңалықтар » Көп қабатты үйден екінші рет өрт шықты

Көп қабатты үйден екінші рет өрт шықты

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы көп қабатты үйден тағы да өрт шықты. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалық етуімен әкімдік ғимаратында жиын өтті.

Атқарушы билік пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, өзге де мемлекеттік қызметкерлер қатысқан отырыста әуелі тілсіз жаудың жай-жапсары айтылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, өрт шаһардың орталық көшелерінің бірі — Әбілқайыр хан даңғылы №73 үйдің балконынан шыққан. Нақты себебі әзірге белгісіз болғанмен,  алғашқы зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша от өшпей қалған темекі тұқылы немесе сіріңкенің осыдан 6 жыл бұрын үйдің сыртына жапсырылған декоративті қаптауларына тиюінен туындауы мүмкін. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер оқиға орнына 4 минутта жетіп, 29 маман мен 8 техника тартылған. Жалпы аумағы 6 шаршы метрге жайылған өрт аумағынан 50 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Өрт болған жерде тұрғындармен кездескен Оңдасын Сейілұлы артынша барлық жауапты мемлекеттік орган өкілдеріне мұндай жағдайдың қайталанбауы керектігін мықтап ескертті.

— Бұл екінші рет қайталанып отырған төтенше жағдай. Осы жайт тұрғындар тарапынан наразылық тудырып отыр. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында жан-жақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Қуанышымызға орай, өрт сөндіру қызметінің шұғыл келуінің арқасында адам шығыны болған жоқ. Ендігі міндет — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі осындай өрт тудыратын қаптаулары бар барлық тұрғын үйлерді анықтап, есепке алуы тиіс, — деген облыс басшысы Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа аталған тұрғын үйді қалыпқа келтіру жайын қарастыруды, ал төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовқа алдағы сәрсенбі күніне дейін осы тектес төтенше жағдайды алдын алуға бағытталған жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қазан айында дәл осы үйден өрт шыққан еді. Соның салдарынан 30 пәтерге залал келіп, оның біреуі толығымен жанып кеткен болатын.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*