Басты бет » Жаңалықтар » Азық-түлік бағасы неліктен негізсіз өседі?

Азық-түлік бағасы неліктен негізсіз өседі?

Баға

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен тұтыну нарығында бағаны тұрақтандыру бойынша облыстық штабтың отырысында Алға, Әйтеке би аудандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар тыңдалды.

Алғада көкөніс сақтау қоймасы жоқ

Штаб мүшелері, сауда желілері мен базар өкілдері қатысқан отырысқа он екі аудан онлайн режимінде қосылды. Алға ауданы әкімінің орынбасары Гүлнар Ахметованың айтуынша, ауданда 157 азық-түлік дүкені жұмыс жасайды. Соның 83-і — Алға қаласында. Бүгінде аудан әкімдігі әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдеріне 10 пайыздан  артық үстемеақы қоспау жөнінде аудандағы 96 дүкен және 1 тауарөндіруші кәсіпорын басшылығымен меморандум жасасқан.

Биылдың өзінде бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында 4 жәрмеңке өткізіліп, 1,1 миллион теңгенің өнімі сатылды. Тауар бағасы нарық бағасынан 5-10 пайыз төмен сатылды. Мамыр айынан бастап жыл соңына дейін әр сенбіде ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады, — деді Г.Ахметова.

Биыл қаңтарда Алға қаласында ашылған «Dina express» шағын маркетінде қазір 3 мыңнан астам тауар түрі сатылады. Г.Ахметова ондағы баға облыс орталығындағы сауда желілеріндегі сатылып жатқан тауар бағасының деңгейінде екенін айтады. Қазір сауда желісінде нан бағасы 69-72 теңге аралығында сатылып жатыр. Онда нанның 4 түрі сатылады. Алдағы уақытта нан өнімдерінің түрін көбейтуге күш салынбақ.

Мавр Абдуллин ауданда картоп және көкөніс өнімдерін егумен айналысушылар болғанмен, қыста өнімді сақтайтын арнайы қойманың жоқтығын айтты. Кәсіпкерлер өз өнімдерін қысқа дейін Ақтөбе қаласындағы 41-разъездегі көтерме базарда өткізіп, ал қыста аудан тұрғындары картоп пен көкөністі облыс орталығынан тасуға мәжбүр. Әзірге Алғада осы мәселе шешілмей тұр. Биыл Алғадағы балалар үйінің балансындағы қоймаға оңтүстіктен тасымалданған тауарлар сақталғанмен, қойманың іші салқын болғандықтан, кәсіпкерлер өз өнімдерін қаңтарға дейін тасып үлгерген.

Тауарды Шымкенттен тасымай, мұндай жұмыстарды жергілікті кәсіпкерлерге жасату керек. Өзіміздегі тауарды сақтау арқалы ғана бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстың нәтижесі көрінеді. Сондықтан ауданда көкөніс сақтау қоймасын салу мәселесін қолға алу керек, — деді Мавр Абдуллин.

Алғада биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 тауарға баға өскен. Олар — күріш, бірінші сортты ұн, бірінші сұрыпты нан, тауық еті, қырыққабат, пияз және қант. Атап айтсақ, тауық етінің бағасы биыл 14,3 пайызға көтерілген. Себеп — «Аққұс» фабрикасы сұраныстың болмауына байланысты өнім көлемін азайтып, бағаны көтерген. Бүгінгі күні «Ряба» құс етінің келісі 678 теңгеден сатылса, тауық етінің «Костанайские» түрінің бір келісі 768 теңгеден сатылымда тұр.

Әйтеке би ауданында ет бағасы неге қымбат?

Әйтеке би ауданында да 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар қолға алынып  жатқанмен, бірқатар өнімдердің, оның ішінде нан бағасының өскені белгілі болды. Аудан әкімінің орынбасары Нұртас Сеитовтің  айтуынша, апта сайын аудандағы көтерме және бөлшек сауда нүктелеріндегі негізгі азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіледі. Қорытындысында дәл қазіргі күні сиыр еті 81 теңгеге, қырыққабат 230 теңгеге, пияз бен сәбіздің, жұмыртқа мен тауық етінің шекті бағадан қымбат сатылып жатқаны анықталыпты. Н.Сеитов бағаның қымбаттауын Ақтөбе қаласындағы көтерме сауда базарларындағы бағамен байланыстырды.

— Ауданда азық-түліктің 6-7 түрінің бағасы қымбаттаған. Оның ішінде ет өніміне де баға көтерілген. Басқа өнімдерді Ақтөбе қаласынан таситын шығарсыздар, ал ет неге қымбаттады? Ауданнан шығатын өнім қымбаттауға тиісті емес, — деген М.Абдуллиннің сауалына Н.Сеитов: «Ауданда «Назерке» көтерме базары бар. Сол базарға еттің келісі 1400 теңгеден тапсырылып, бөлшек саудада өнім 150 теңге қосымша бағамен сатылып жатыр. Алдағы уақытта ет бағасын төмендету бойынша жұмыстар жүргіземіз», — деп сендірді.

Биыл Әйтеке би ауданында 50 гектар жерге картоп егілмек. Егер өнім ойдағыдай шықса, онда халықтың бұл тауарға деген қажеттілігінің 70-80 пайызын жабады. Алайда жергілікті биліктегілер суармалы егісті жүргізуде су тапшылығын алға тартып отыр.

Бағаны тұрақтандыру негізінде ауданда бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Қазіргі күні аудандағы бірден-бір көтерме базар — «Назерке» серіктестігінің басшысына көкөніс сақтау қоймасын салу турасында келіссөздер жүргізілуде. Қостанайлық жеке кәсіпкер Болат Әбдіраимов ауданда өз өнімдерін өткізу үшін шекті бағадан асырмай, сатылымға шығарып отырған көрінеді. Соның нәтижесінде картоптың келісі 70 теңгеден сатылып жатыр. Н.Сеитовтің айтуынша, қазір облыс бойынша Әйтеке би ауданында ғана ең арзан бағада картоп сатылып жатыр.

Штаб отырысында Мавр Абдуллин Ақтөбе қаласы  мен он екі ауданның өкілдеріне әрбір тауарға, соның ішінде картоп және көкөніс өнімдеріне  тұтыну балансын жасауды қатаң тапсырды.

Қызанақ пен қияр бағасы қатаң бақыланады

Сондай-ақ, отырыстың күн тәртібінде ішкі нарықты қолжетімді бағамен қызанақ және қиярмен қамтамасыз ету бойынша жылыжай шаруашылықтарының қызметіне қатысты мәселе қаралды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Рузия Айдашеваның айтуынша, қазіргі күні қала аумағында 12 жылыжай шаруашылығы бар. Оның жетеуі — өндірістік, қалғандары фермерлік негізде жұмыс жүргізеді. Барлық жылыжай аумағының жалпы көлемі — 34,6 гектар. Барлық жылыжай шаруашылықтарының көкөніс өндірудегі жылдық қуаттылығының мөлшері — 15,8 мың тонна.

Ақтөбе қаласындағы ірі жылыжай кешендерінде шығарылатын өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз етумен ғана емес, сондай-ақ экспортқа да бағытталған. Өнім негізінен шекаралас Ресей Федерациясы нарығына шығарылады. Өткен жылдың өзінде 4,2 мың тонна көкөніс экспортталған. Бұл — жалпы өндірілген өнім көлемінің 52,1 пайызын құрайды.

Биыл бірінші тоқсанда қала жылыжайларында 842,6 тонна көкөніс өндірілді. Оның 719,7 тоннасы — қызанақ, қалғандары — қияр. Соның ішінде 279,3 тонна қызанақ экспортталды. Бұл — жалпы көлемнің 38,8 пайызын құрап отыр, — деді Р.Айдашева.

Штаб отырысында қазіргі күні Ақтөбе қаласындағы көтерме және бөлшек саудада қызанақ пен қияр бағасының шарықтап тұрғаны сөз болды. Атап айтсақ, бүгінгі күні «Анвар» сауда желісінде бірінші сортты қызанақтың келісі 770 теңгеден сатылып жатыр. Бұл көрсеткіш осыдан бір ай бұрын 985 теңге болған. Сол сияқты, қияр да сортына қарай әртүрлі бағада сатылып жатыр. Ең арзанының өзі 528 теңгеден саудалануда. Қазір «Дина» супермаркетінде сортына қарай  келісі 1000 теңгеден сатылып жатқан қызанақ та бар. «Меринда» сортты қиярдың өзі 697 теңгеден сөреге шығарылған.

Алайда Рузия Айдашева 41-разъездегі көтерме базарда қиярдың «Рава», «Меринда» сорттарының келісі 350-450 теңге аралығында екенін, ал Қытай мен Оңтүстік Қазақстан облысынан тасымалданатын қызанақтың келісі 750-850 теңге аралығын құрайтынын айтады. Ол сауда желілері мен базар басшыларының арадағы келісілген құжат негізінде өнімге 10-15 пайыздан артық үстемеақы қосылып отырмағанын айтты.

Бизнесті ашатын уақытта кәсіпкерлерге атқарушы органнан лайықты көмек көрсетіледі. Сондықтан бағаны тұрақтандыруға қатысты сіздерден де сондай көмек болуға тиіс. Қазір Үкіметтен әрбір жылыжайға субсидия ретінде жарты миллиард теңгеден қаражат беріліп жатыр. Оның қайтарымы болуы тиіс. Ақтөбенің базарына келісі 200-250 теңгенің қияры неге шықпайды? Әлде Ақтөбе халқының маңдайына «қиярдың болмаса қызанақтың келісін 1000 теңгеден сатып алу керек» деп жазып қойды ма? Қай жерде қанша өнім тұрғанын әлі күнге дейін біз білмейміз. Өзімізде арзан өнім тұрғанмен, сырттың қымбат өнімін тұтынып отырмыз. Неге? Бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық әкімдік дұрыс ұйымдастырмай отыр, солардың кемшілігі, — деген М.Абдуллин осы сенбіде өзі қаладағы барлық сауда желісі мен базарларға тексеріс жүргізетінін, баға саясатына қатысты мәселемен жеке танысатынын айтып, құзырлы орган басшыларына осы бағытта нақты тапсырмалар жүктеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*