Басты бет » Пікір » Су жағасыз, ел ағасыз болмайды

Су жағасыз, ел ағасыз болмайды

Бағлан БАЙМАҒАМБЕТОВ,

Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Үндеуінде Президент сайлауы өтетін күнді белгіледі. Уақыт тығыз. Жасыратыны жоқ, билік тізгінінде уақытша отырған адамға жұрт немқұрайлылықпен қарайды. Сол себепті Тоқаевтың шешімі өте дұрыс деп есептеймін. Тездетіп азаматтардың бірі сайланып жатса, елде тыныштық, халық арасында қобалжу болмайды деп ойлаймын.

Сыртқы әлемде не болып жатқаны жұрттың көз алдында.  Өзара алауыздық, іштей іріткі  түскен мемлекеттердің  халқы әдемі сөйлегендердің соңынан еріп кетіп, ақыры қиын жағдайларға да ұшырап жатыр. Жақсы істерді берекесіздіктің салдарынан жойып алып, кері кетіп жатқан елдер де бар.

Ендігі міндет — сайлауға өте тыңғылықты дайындалу. Түпкі мақсат — тәуелсіздік алған жылдардан бастап, тұрақтылыққа үйренген халқымыздың сенімінен шығу. Аз уақыт ішінде  қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар өздері таңдаған үміткерлерін ұсынып үлгеруі тиіс.  Ең бастысы — елге тұлға болатын, байыпты ұстамымы бар, мемлекетшіл  әрі халықты соңынан ерте білетін, жұрт сенетін  Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер болуы тиіс.

«Су жағасыз, ел ағасыз болмайды» деген даналық сөз бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылдай басшылық еткен кезеңде  елді  қиын жағдайдан талай рет аман алып шықты. 1990 жылдары Кеңес өкіметі құлап, жаңадан туымызды көтеріп, ел  болып жатқан қиын кезде, жоқшылық заманда халқымыздың  береке-бірлігін кетірмеді. Осы жағынан  бұл кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Біз ынтымақтың, үнемі алға қарай жылжуымыздың  арқасында ғана  тамыры терең мемлекеттермен тең дәрежелі жағдайға   жетіп отырмыз.

Жер байлығы жағынан да, интеллектуалдық ресурсы  жағынан да Қазақстанның мүмкіндігі өте мол.  Алдағы уақытта  осы жеткен жетістігімізден айырылып қалмауымыз керек. 30 жыл бойы халқымыздың нағыз Көшбасшысы бола білген Н. Назарбаевтың жолын   келесі Президентіміз  жалғастырып, елімізде тыныштық, бірлік болып,  Қазақстанның мәртебесі биіктей берсе,  қазақ халқының арманы жоқ қой  деп ойлаймын.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*